T-Newspaper

Жанқожа батырды қашанғы назардан тыс қалдырамыз?

ашық дереккөз

Биыл оның туғанына 250 жыл толады, бірақ...

Халық – мемлекеттің негізі десек, сол халықтың азаттығы үшін басын бәйгеге тігіп, қиын шақта қол бастап еліне қорған болған ерлердің есімі − тарих үшін де, ұлт үшін де әрқашан ардақты!

Ғасырлар бойы талай қиындықты бастан кешкен − дербес ел болған, замандар аласапыранында азаттығынан айрылып жат­қан болса да, ХХ ғасырдың соңында азат елге айналып, аты күллі әлемге белгілі болып отыр­ған Тәуелсіз Қазақстан Республика­сы­ның осы күнге дін аман жетіп отырғаны − ұл­тымыздан шыққан ардақты хандар мен би-батырлардың арқасы. Ұлттың да, мемлекеттің де тірегі − ха­лық, бірақ сол халықтың басын біріктіріп, бір мақсат жолына жұмылдыра білгендер − та­рихи тұлғалар. Сондықтан қайсы елдің та­ри­хына қарасақ та, заман дауылы соққан сын сағатта көпке басшы болып, елдің, ха­лық­тың сақталып қалуына үлкен жауап­кер­шілікпен қарап, барлық қиындықты өз мой­нына алған ерлердің аты алтын әріп­термен жазылады. Ресми тарихи факт бойынша 1465 жы­лы Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хан­дығы − 1847 жылы қазақтың соңғы ханы Ке­несары Қасымұлы қаза тапқанша төрт ға­сырдай тәуелсіз ел ретінде тарихқа таң­ба­ланды. Бірақ Патшалық Ресей жерінің көп бө­лігін жаулап алып хандығын құлат­қа­ны­мен, басқыншылардың билігіне елдің қар­сы­лығы тоқтай қоймады. Ол әрине, халық кө­терілістері. Соның ішінде Қазақ хандығы то­лық күйрегеннен кейінгі ең ірі көтеріліс − Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған ха­лық көтерілісі болды. Жанқожа батыр үш елдің бас­қын­шы­лығына қарсы күресті: Хиуа хандығы, Қо­қан хан­дығы және патшалық Ресей бас­қын­шы­лығына қарсы.

Жанқожа батыр бастаған көтерілістің себептері мен салдары

Сыр бойындағы халық бұрын Хиуа, Қо­қан хандықтарынан зор зардап шегіп келді. Ол хандықтар Сыр бойы шаруаларына са­лық салып, бағынышта ұстағысы келді. Қа­ра­­пайым халыққа зорлық-зомбылық жа­са­ған олар өздеріне бағынғысы келмейтін қа­­зақ ауылдарын шапты, үйлерін өртеді, мал­дарын айдап, өлтіргенін өлтіріп, өл­тір­ме­ген адамдарын тұтқындап әкетіп отыр­ды. Мі­не, осындай − елдің өзгелерден көрген жә­­­бір-жапасын жастайынан көріп өскен, ер­­лігіне бола ел батыр атап кеткен Жанқожа Нұр­мұхаммедұлы жас кезінен оларға қарсы жо­­рықтарға қатысып, кейінірек елді өзі бас­тап шығып, халқын өзгелердің зорлығынан қор­­ғады. 1830 жылдардан бастап Хиуа ханды­ғы­ның Сыр бойы халқына жасаған басқын­шы­лы­ғына қарсы халықты бастап, Арал теңізіне жа­қын орналасқан елді олардың шапқын­шы­лығынан құтқаруға бел шешіп күреседі. Мә­селен, оның жасақтары 1835 жылы Хиуа хан­дығының тұрақты әскеріне қарсы соғыс жүр­гізіп, сол хандықтың өкілі, елден алым-са­лық жинап отырған Бабажанның бекінісін ба­сып алады да, өзін жазалайды. 1842-1843 жыл­дары тағы да Хиуа хандығының Сыр бойына салған екі бекініс қорғанын қира­тып, оларды елден қуып шығады. Жанқожа орыс империясына қарсы күрескен қазақтың соңғы ханы Ке­несары Қасымұлымен бірге Қоқан ханды­ғы­ның Сырдарияның төменгі жағына орна­лас­қан бірнеше әскери бекінісін қиратады. 1845 жылы сол бекіністерді қалпына кел­тіру­ге жіберілген 2 мың адамнан тұратын оң­түстік жақтан келген басқыншылардың әс­керлерін талқандайды. Ұзақ уақыт бойы Хиуа, Қоқан хандық­тары­ның басқыншылығынан зардап шеккен халқын қайтсем де бейбіт өмір сүруге жет­кі­зем деп талпынған Жанқожа батыр Сыр бойына патшалық Ресей әскери бекіністерін са­ла бастағанда олармен дұрыс қарым-қа­тынас орнатқысы келді, Хиуа хандығы экс­пан­сиясынан құтылу үшін орыс әскери­ле­рі­мен тіл табысып, олармен бірге хиуалық­тар­ды өзі өскен мекеннен қуып шығып, бір­шама тынышталғандай болды. 1847 жы­лы орыс әскерімен бірігіп хиуалықтарды жең­ген Жанқожа жасағы олардың халықтан алып кеткен 3 мың түйе, 500 жылқы, 2 мың сиыр, 52 мың қойды қайтарып алады. Сөйтіп, орыс империясының Сыр еліне ке­ліп орнығып жатқан әскери әкім­ші­лігімен бейбіт қатынаста болған Жанқожа қа­жет кезінде олардан әскери көмек алуға, өзі­не қарасты рулардан салық алуда жеңіл­дік­тер жасауға, солайша халықтың тыныш­ты­ғын сақтауға тырысты. Кезегінде орыс әс­кери губернаторы да батырмен келісімге ке­ліп, жергілікті халықтан түтін салығы мен жүк тасу үшін түйе алудан өзге ештеңе талап ет­пейтініне уәде берді. Дегенмен Хиуа хандығы Жанқожа қор­ған болып отырған елге тонаушылық жо­рық­т­арын тоқтатпады және Сырдария мен Арал маңына орнығып алған Ресей билігі де күшейіп алған соң екі арадағы келісімдерді бұ­зып, жергілікті қазақтарға тізесін батыра бас­тады. Алым-салықты да көбейтті. Мә­се­лен, алғашқы кезде әр үйден 1 сом 50 тиын­нан салық алса, кейін оны екі есеге көбейтіп жі­берді. Мұнымен тұрмай жергілікті ха­лық­ты әскери бекіністерге баратын жолдарды күту­ге, көпірлер салуға, су арналарын таза­лау­ға жегіп, тегін жұмыс істететін болды. Сыр­дария қазақтарын Райым және Қазалы бе­кіністерін салуға мәжбүрлеп, Ақмешіттен (Перовск) Орынборға жүк тасуға қажетті кө­лікпен тегін қамтамасыз етуге міндеттеді. Бұ­дан соң Орынбордан алдымен 30-ға жуық казак-орысты көшіріп әкеліп, Сыр бойына орналастырып, жергілікті халықтың егін егіп кел­ген жерлерін соларға әперіп, қазақтарға ашық түрде зорлық көрсете бастайды. Осы­ның кесірінен көшіп келген қарашекпендерге жер босатылып, Ақирек, Ақбай тәрізді шұрай­лы жерлерде отырған 3 мың қазақ үйі Сырдың арғы бетіне күштеп көшірілді. Бұл – бұл ма, өздерінің билігіне мас­тан­ған басқыншылар тіпті, кей жағдайда адам­шы­лыққа жатпайтын қатыгездіктер жасап жатты. Соның бірі туралы Жанқожа кө­­терілісі хақында 1894 жылы «Қазақ ба­ты­ры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты та­рихи очерк жазған И.Аничков былай дейді: «Орыстардың Сыр бойын жаулап алуына белсене атсалысып, қазақ жұртшылығын бас­қаратын башқұрт офицерлері қазақ­тар­дан алым-салықты белгіленген мөлшерден артық алып, олардың қыздарын зорлап, абыройларын төгеді. Оған қоса №1 фортты са­лып жатқанда орыс солдаттары үш қа­зақ­ты қол-аяғын байлап, кірпіш күйдіріп жат­қан пешке тығып, тірілей өртеп жібереді» («Ел қор­ғаны – ер Жәкем», Алматы, 2012 ж. 30-бет). Бұл енді адам шыдауға болмайтын қор­лық еді. Міне, осыдан соң халықтың ашу-ы­за­сы шегіне жетіп, ел Жанқожаның маңына жи­нала бастайды. Сөйтіп, 1856 жылдың қар­лы желтоқсанында Жанқожа Нұр­мұ­хам­медұлы бастаған Сыр бойы шаруаларының кө­терілісі басталады. Бұл жайында басқа емес, сол кезде Қазалы бекінісінің комен­дан­ты болған майор Леонид Булатовтың өзі: «Қа­зақтардың орыстарға қарсы дұшпандық әре­кеттеріне түрткі болған жайлар, нобай­лап айтқанда мынау болып келеді: қазақ­тар­ды құлдық жұмыстарға пайдалану, оның үс­тіне тілмәш Ахмеровтың қолтығының ас­тына кіріп алған, сыпырылысып жатқан, ба­сымен кеткен старшындардың қазақтарға жа­саған қысымдары мен заңсыз алым са­лық­тары» деп жазған (ЦГИА.УзССР. 105 по.  1 д.17). Бұл әрине, жұмсартып айтқан шын­дық, шын мәнінде архивтік деректерде бұ­дан да сорақы жайттар кездеседі. Сөйтіп, орыс империясының мұздай қаруланған әскеріне қарсы соғыс қарулары жоққа тән шаруа қазақтардың кө­терілісі басталды. Соғысушы екі тараптың қаруланудағы айырмашылығына қарасаң, қазақтар қорлықтан өлімді артық көріп шық­қаны анық көрінеді.  1857 жылдың 9 қаңтары. Қыстың аязды кү­ні, жер көк тайғақ, мұз. Көтерілісшілердің ара­сында бірен-саран шиті мылтық ұста­ған­дары бар, негізінен көпшілігінің соғыс қаруы ре­тінде алып шыққаны − садақ, найза, темір айыр... Мінген аттары, өгіздері арық. Біраз адам тіпті жаяу жүр. Ал қарсы тарап − пат­ша­лық Ресей әскері бір зеңбірек, екі раке­та­лық станок, 54 штуцермен қаруланған, құ­ра­­мында 300 аттылы казак, 320 жаяу әскер, баш­құрт отряды мен орысқа жанын жалдап жүр­ген қазақ сұлтаны Ермұхаммед Қасымов бас­таған 500-дей адам. Саны жағынан көп бол­­ғанымен, мұздай қаруланған әскерге шаруа­лардың төтеп бере алмайтыны өз-өзі­нен белгілі. Көтерілісшілердің хабарын ес­ті­ген соң Арал флотилиясының капитаны Бу­­­­таков «Перовский» әскери кемесін қалаға жа­қын жерге әкелген. Кеме палубасының маң­дайына зеңбіректі орналастырды. Бұған жә­не Ырғыз бекінісінен 60 атты казак, 20 жаяу әскер қосылған. Мұншама қарулы әс­кер­мен қарапайым қарусыз халық соғысып жеңіске жете ала ма? Сөйтіп, таңертеңгі сағат 9-да қалың тұ­ман ашылғанда Арықбалықта екі жақ бетпе-бет келіп соғысты. Көтерілісшілер жақын­да­ған­да оларды жазалаушылар отряды өзде­рін­дегі бар қарумен − мылтықпен, зең­бірек­пен атқылады.  Көтеріліс басталардан бұрын Жанқо­жа­ның жанында 1 500 сарбаз болса, көтеріліс бас­талар сәтте оның саны 5 мыңға жеткен, бір­ақ қарусыз немесе қаруы соғысуға жарам­сыз халықтың мұздай қаруланған әскерге не істей алушы еді? «Осы 1857 жылдың 9 қаңтарына дейін кө­терілісшілерге 205 снаряд тасталып, әр­түрлі от қарулардан 3 221 оқ атылған болса, екі­ жақ шайқастың шырқау шегі – тек 5 қаң­тар мен 9 қаңтар аралығында зеңбірек добы, кар­течь, ракета, штуцер, пистолеті бар, бар­лығы – 5 986 оқ жұмсалды. Бұлардың қанша қа­зақты қыршынынан қиып, баудай түсір­генін шамалай жатарсыз. Қазақтар өліктер мен жараланғандарды ұрыс даласынан дереу алып кетіп жатты, ал орыс­­тардың өлік санарлық мұрсалары бол­ған жоқ. ...1857 жылдың 9 қаңтарында осы Арық­ба­­лық шайқасында жарақаттанған орыс сол­­даттары мыналар: урядник Матвей Ба­кал­­дин, оң жақ қолтығына найза тиген, жа­ра­қаты жеңіл; казак Филимон Лапухин, най­за оң қабырғасына қадалған, жарақат жеңіл; казак Иван Черныш, найза сол жақ қа­бырғасын сөккен, жарақаты жеңіл; казак Ни­кита Цыганов, найза оң жақ самайына ти­ген, бұл да жеңіл; казак Филип Петров, мыл­тық оғы қақ маңдайдан тиген, миы шай­қалған. Лекарь бұның жазылып кетуі екі­та­лай деп есептейді, демек өлгенге қоялық. Осы мағлұматтардан-ақ жаужүрек жігіт­тер­дің қарша бораған оқтан тайсалмастан ұрыс­қа қолма-қол түскендері көрініп тұр». (Мол­дахмет Қаназ, «Ошақ басындағы ой­ран», «Жас Алаш» газеті, 02 Ақпан 2024). Соғыс барысында «өлсем халқым үшін шейіт­пін» деп қан майданның ортасында жүр­ген Жанқожа батырдың атына оқ тиіп, өзі жарақаттанған. Бірақ қарт батырды кө­терілісшілер аман алып шығып, 5 шақырым жер­дегі көтерілісшілер қосына апарып сақ­тап қалады. Көтерілісшілер тең емес соғыста жеңілді. Бірақ олар елдің намысы үшін қан майданға шы­ғып, ерлік жасады. Бәрінен бұрын оларға жа­сы 80-нен асса да, еліне қорған болған Жанқожа Нұрмұхаммедұлының қол бастап, әді­летсіздікке қарсы шыққаны дем берді. Көтеріліс жеңіліс тапқан соң жазалаушы отряд бейбіт ауылдарды талқандады, киіз үйлерін өртеп, адамдарын қырып, малдарын айдап әкетті.  Көтерілістен ел босып кетті, халық Хиуа хан­дығына қарасты Дәуқара өңіріне ауды. Со­лардың арасында Жанқожа да болған еді. Бірақ кейін ауған жұрт еліне орала бастаған шақ­та туған жерін бетке алған батыр 1860 жыл­дың көктемінде елге келе жатқанда Сұлтан Елікей Қасымов бастаған патша әкімдеріне жа­нын сатқандар батырды қоршауға алып, ол төбе басына шыққанда алыстан мылтық­пен атып өлтіреді. Кейін батырдың сүйегі сол жерге қойылады. Ал батыр өлген соң оның сауыт-сайманын  орыс генерал-гу­­­бернаторына тапсырған Ақсақал деген кі­сіге қылыш пен үскірік (свисток), Сейілге на­сыбай салатын шақша сыйға беріледі. Сөй­тіп, ғұмыр бойы елін қорғаған батырдың қанын төккен сатқын қандастары тым арзан «сый-сияпат» көріпті. Дегенмен Жанқожа Нұрмұхаммедұлы хал­қының есінде ел қорғаны ретінде мәңгі қал­ды және оның азаматтық тұлғасы мен ер­лігі ол дүние салған соң-ақ ұзамай дәріп­теле бастады.

Кеңестік кезеңде айтуға тыйым салынып, қазір лайықты бағаланбай отыр

Жанқожа Нұрмұхаммедұлы − халық арасында ел қорғаны, әділдіктің жақтасы, ар-намысына кіршік түсірмеген ерек­ше тұлға ретінде екі жарым ғасырдан бері дәріптеліп, елдің сүйіспеншілігіне ие бо­­лып келеді. Ол туралы ел ішінде айты­ла­тын аңызға бергісіз әңгімелер де көп. Жанқожа туралы деректер ол дүниеден өт­кен соң ұзамай хатқа түскен. Ең алдымен орыс ғалымы, археолог және этнограф Иван Ва­сильевич Аничков (1863-1921) жазған. 1888 жылы Санкт-Петербург универ­сите­ті­нің шы­ғыс тілдері факультетін бітірген ол кезін­де «қазақ халқы Ресейдің қол астына қара­ған­да оның тағдырын осыншама назардан тыс қалдыратындай ешбір жазығы жоқ еді» деп орыс отаршылдығын сынаған еді. Қазақ даласының бірнеше жерінде болған ол батыр туралы ел арасында оның көзін көр­ген­дердің әңгімесін жазып алып, 1896 жылы «Қазан университетінің ғылыми жаз­ба­ларында» «Қазақ батыры Жанқожа Нұр­мұ­хам­­медов» атты очеркін жариялады. Со­ны­мен қатар ол 1893 жылы Мұсабай жыраудың «Жан­қожа батыр» деген дастанын жазып ал­ған, бұл шығарма елімізде тұңғыш рет 1926 жылы «Жаңа мектеп» журналында ба­сыл­ған. Бұдан өзге ертеректе жазылып, бірақ кеңес­тік кезеңде жарияланбаған жыр-дастан «Ел қорғаны ер Жәкем» (Құрас­тыр­ғандар М.Қаназ, С.Қалуов, Алматы, 1912) деген кітапта және «Бабалар сөзі» атты се­риямен шыққан жүзтомдықтың 62-томында басылып шықты. Кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында Жан­қожа туралы бірді-екілі тарихи жырлар кі­таптарға кірген («Қазақ әдебиетінің тари­хы», ІІ том, Алматы, 1945).  Сол сияқты Жанқожа батыр бастаған Сыр бойындағы шаруалар көтерілісі жайын­да 1940 жылы А.Якунин, В.Шахматовтың «Восстания в Казахстане в 50-х годах ХІХ в» деген мақаласы (Известия Казахстанкого филиала Академии наук СССР, вып.1, 1940, стр. 71-93) жарық көрсе, 1949 жылы Тілеу­қа­жы Шойынбаевтың «Восстание сыр-да­ринс­ких казахов под руководством Джан­ко­жи Нурмухаммедова (1956-1857)» деген мо­нографиясы басылып шықты. Әділін айту ке­рек, сол тұста Т.Шойынбаевтың бұл кітабы Жанқожа бастаған шаруалар көтерілісі тура­лы маңызды еңбек еді. Дегенмен сол тұстағы со­лақай саясат кітаптан саяси кемшілік із­деп, оны ғылыми айналымнан алдырып тас­­тады. 1952 жылдың 10 және 17 қазан күн­­дері Қазақстан Коммунистік партиясы Ор­­талық Комитетінің хатшысы М.Сужи­ков­тың төрағалығымен, Тарих, археология және этнография институтының директоры  С.Пок­ровский, Экономика институтының ди­ректоры С.Толыбеков, Республикалық Ор­талық архив директоры И.Чумаков және бел­гілі тарихшылар, партия қызмет­кер­лері­нің қатысуымен Орталық Комитеттің Бюро залында өткен кітаптың талқылауында көп­шіліктің шешімімен Сыр бойы қазақ­тары­ның отаршылдарға қарсы көтерілісін бас­таған Жанқожа Нұрмұхамедұлының Хиуа ханымен байланыста болғандығы, оның феодал екені, сондықтан терең қа­те­лік­тер жіберген Т.Шойынбаевтың «Сыр­дария қазақтарының көтерілісі» атты кітабын ай­налымнан алып тастау тура­лы ұсыныс жа­салды. Талқы­лау­ға қатысқандардың тү­гел­ге жуығы кітапты саяси тұр­ғыдан жарам­сыз деп тапты. Сөй­тіп, ха­лық батыры Жан­қо­жа Нұр­мұхаммедұлының тарихи ер­лігі ғылыми айналымнан шы­ғары­лып, ол туралы айтуға тыйым салынды. Ал талқылау­дың сте­нограммасын тарихшы ғалым Аққали Ах­мет 2022 жы­лы «Движение под пред­во­ди­­тельством Джанхожи Нур­муха­медова. Сте­ног­рамма. 10-17 октября 1952 г» деген ат­пен ара­дан тура 70 жыл өткенде кітап қы­лып шы­­­­­ғарды. Жанқожа батыр туралы ұзақ жыл­дар­дан соң алғаш рет сеңді қозғап мә­селе көтерген көрнекті қазақ жазушысы Мол­дахмет Қаназ болды. Ол 1990 жылы 12 ма­мырда «Ленин туы» газетінде «Жанқожа ба­тырға ескерткіш орнатыла ма?» атты ма­қаласын жариялады. Міне, осыдан соң ғана ха­лық батыры жайында материал­дар жарық көре бастады. Соның ішінде осы күнге дейін­гі толымды еңбектер де М.Қаназ қаламына тие­сілі. Ол Жанқожа туралы әде­би-пуб­ли­цис­тикалық материалдардан құралған «Ел қор­ғаны – ер Жәкем» атты кітап­­ты үш рет қай­та бастырып шығарды, сон­дай-ақ 2014 жы­лы көлемі 35 баспа­та­бақтық «Жанқожа Нұр­мұхаммедұлы» атты зерт­­теулер мен ма­қалалар жинағын баспа­дан шығарды.  1992 жылы республикада алғаш рет Жан­қожа батырға арнап ас берілді. Бұл тәуел­сіздік алғаннан бергі жердегі қазақ ба­ты­рына берген ас еді. 2014 жылы Жанқожа Нұр­мұхаммедұлының 240 жылдық мерекесі Қы­зылордада облыстық деңгейде тойланды. Бір қарағанда, біраз шаруа атқарылған сияқ­ты көрінеді. Бірақ барлығы жергілікті билік пен халықтың өз күшімен жасалып жатқан шаруа болғандықтан, оның бәрі мемлекеттік деңгейде салмағы аз шаралар деп есептейміз.  Шын мәнінде, Жанқожа Нұрмұ­хам­ме­д­ұлы­ның тарихи еңбегіне ғылыми бағытта әлі толыққанды баға берілмей жатыр. Ол бас­таған шаруалар көтерілісінің мән-маңы­зы, халықтың азаттық алу жолындағы ерлігі ғы­лыми тұрғыдан сараланып, жоғары оқу орындарында оқытылмайды. Орта мек­теп­тің 9-сыныпқа арналған тарих оқулығында бар-жоғы бір абзацпен ғана шектелген. Ол туралы көркем шығармалар қазақ мектеп­тері­не арналған әдебиет оқулықтарында жоқ. Осы кезге дейін бір мерейтойы респуб­ли­калық көлемде атап өтілмеді. Сондықтан бұл мәселеге Қазақстан Үкіметінің назар ау­даруын сұраймыз.  Ұлт тарихында аты белгілі, елдің азатты­ғы мен тәуелсіздігі үшін жанкешті ерлік жа­саған халықшыл ерлердің ерлігін дәріптеу мем­лекеттік деңгейде жүргізілмесе, ол елді­гі­мізге сын. Сондықтан биыл туғанына 250 жыл толып отырған ұлт батыры Жанқожа Нұр­мұхаммедұлының мерейтойы мемле­кет­тік дәрежеде тойланатын шаралар тізіміне кіргізілсе, ол еліміздің отаншылдықты наси­хат­тау саясатына дөп келіп, тарихымыз үшін де, отандастарымыздың рухани әлемі үшін де зор пайдасын тигізетін игілікті іс болар еді деп ойлаймыз!

Ахмет ӨМІРЗАҚ