Жаңалықтар

Алматы облысында су электр станциясы іске қосылды

Алматы облысы әкімдігі

«Орта Қақпақ» су электр станциясы жылына 13 млн КВт электр қуатын өндіреді.

Алматы облысының Райымбек ауданында қуаттылығы 2,2 мВт «Орта Қақпақ» су электр станциясы пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны - 1,5 млрд теңге.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, «Орта Қақпақ» су электр станциясы жылына 13 млн КВт электр қуатын өндіреді. Мұндағы су құбырының ұзындығы – 4 шақырым. «Қайнар» қосалқы станциясына ұзындығы 12 шақырым болатын 10 КилоВольттық желі тартылған. Өндірілген қуат көзі сол арқылы таратушы компанияға жеткізіліп, одан ары тұтынушыларға беріледі.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, өңір баламалы энергия өндіруге ыңғайлы екенін атап өтті. 

«Біздің облыс баламалы энергетикаға өте ыңғайлы. Жел жағынан болсын, күн жағынан болсын, су жағынан болсын жақсы. Сол себептен оны дамытуға тиістіміз. Ол экологияға да, адамға да, бәріне пайдалы», - деді әкім.

Жобаны жүзеге асыру барысында 45 адам жұмыспен қамтамасыз етілсе, енді автоматты түрде басқарылатын заманауи су электр станциясында 4 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс істейтін болады.