T-Newspaper

Америкалықтар асырап алған Эштон TÚRKISTAN арқылы туыстарын тапты

turkystan.kz

Ғасыр басында көп қаракөз сәбидің  мұхит асқаны, Еуропаға «жөнелтілгені»  белгілі.  Олар  қазір түп-тамырын білуге ұмтылып жатыр. Өткенде Жәнібек есімді жі­гіт­тің Арқалыққа келіп, анасын іздеп, таба алмай кеткенінен республика жұртшылығы хабардар. Ал Эштон-Раиса тапты! Соған  себепші болғанымызға  біз де қуанамыз. TÚRKISTAN  газеті осы бағыттағы мақалалар жазуды жалғастыра береді.

Газетіміздің 9 ақпан күні шыққан №6 (1539) санында  «Америкалықтар асырап алған Эштон: Өзімнің кім екенімді танығым келеді» деген тақы­рып­пен  сұхбат жарияланған болатын. Журналист Әлия Тілеужанқызы алған бұл сұхбатта АҚШ-тың Виржиния штатында тұратын Эштон Кок­сон (қазақша аты-жөні – Байдуллаева Раиса) есімді бойжеткен басылым арқылы  туған-туыстарын тапқысы келетін ниетін жеткізген еді. 

Эштон-Раисаның  өмірі шым-шытырық: 11 айлығында Шымкент­те­гі теміржол воз­ка­лынан тауып алған полицейлер алдымен ауру­ха­наға, сосын сә­билер үйіне тапсырған. Сосын 4 жасында оны америкалық әйел асырап алып, мұхит асы­рып әкеткен. Бізге берген сұх­ба­тында ол туыстарын ғана емес, сондай-ақ өзінің кім еке­нін танығысы келетінін айт­қан бо­латын. Оған себеп – құ­жат­та оның қазақша аты-жөнін ауру­хана қызметкерлері қойған деп жазылған. Әрі туған күні деп по­лицейлер тауып алған күнді жаза салса керек. Сон­дық­тан да оның  әу бастағы қазығын  табу мұ­хитқа түсіп кеткен жүзікті  із­деу­мен бірдей көрінген.  Бірақ тірі пен­денің кеудесіндегі  үміт үзілмейді екен ғой: «Өзіме беймәлім бір бөлігім бар секілді көрінеді. Бірдеңе ж­е­тіспей тұрады. Биологиялық отбасымды тауып, өзім туралы көп дерек таба ала­мын деп ойлаймын», – деген еді Эштон бізге берген сұхбатында. 

Араға бір апта салып, ақжолтай жаңалық келіп түсті. Қуанышы қойнына сый­маған Эштон «Мен туған-туыстарымды таптым!» деп хабарласты. Біздің га­зет­ті оқыған Эштонның Шымкенттегі туыстары оны әлеуметтік желі арқылы тауып алып, тілдессе керек. «Сіз жазған мақала көмектесті! Олар мені сол арқылы тауып алды! Жоғалтқанымды таптым! Өмірімді түбегейлі өзгерттіңіздер! Қазір туыс­тарыммен етене байланыстамын. Бір апта ішінде ішкі әлемімде төңкеріс жасаған көп дүние болды. Бастысы, іздегенімді таптым. Сіздер – кереметсіздер! Мың алғыс сіздерге!», – дейді Эштон төбесі көкке бір елі жетпей. Эштонның өтініші бойынша, бұл оқиғаның толық жай-жапсарын әзірге жаз­байтын болып келістік. Өйткені талқыға  салуға болмайтын, ағайынның өз арасында ғана айтылатын нәзік иірімдер, тиянақтап  алуға тиіс жайттар  бар. Бір нәрсе анық: Эштонның қазақша ныспы – өз аты-жөні болып шықты. Шым­кенттегі бауырлары да өшкені жанып, өлгені тірілгендей күйде,  көргенше асық болып отыр екен! 

Ғасыр басында көп қаракөз сәбидің  мұхит асқаны, Еуропаға «жөнелтілгені»  белгілі.  Олар  қазір түп-тамырын білуге ұмтылып жатыр. Өткенде Жәнібек есімді жі­гіт­тің Арқалыққа келіп, анасын іздеп, таба алмай кеткенінен республика жұртшылығы хабардар. Ал Эштон-Раиса тапты! Соған  себепші болғанымызға  біз де қуанамыз. TÚRKISTAN газеті осы бағыттағы мақалалар жазуды жалғастыра береді. Қа­зы­ғын іздеп келер ұл-қызың көп болғай, Қазақ елі!                                                                                                 

РЕДАКЦИЯ