Алимент төлемеген Шымкент тұрғындары көліктерінен айырылды
Олар ұзақ уақыт бойы балаларын асырап-бағуға арналған қаражатты төлемей жүрген.
Шымкентте «Қорғау» бағдарламасы алимент төлеуден жалтарып жүрген жүргізушілерді анықтады, деп хабарлады turkystan.kz.
Бағдарлама қала жолдарында жүрген борышкерлер туралы ақпарат береді. Үш көлік иесі ұзақ уақыт бойы балаларын асырап-бағуға арналған қаражатты төлемей жүргені анықталды.
«Ravon және Toyota жүргізушілерінің алимент бойынша берешегі әрқайсысында 2 миллион теңгені, ал Daewoo тізгіндеушісінің берешегі – 1 млн 300 мың теңгені құрады. Оларды ұстауға бейнебақылау инспекторлары патрульдік полиция экипаждарын бағыттады. Борышкерлерге міндетті төлем туралы ескертілді. Алимент төлеуден жалтарған тұрғындардың көлік құралдары айыппұл тұрағына қамалды», - дейді ПД жедел басқару орталығының бастығы Асқар Алипбаев.
Естеріңізге сала кетейік, мегаполис полициясы қызметінде «Қорғау» жүйесін 2022 жылдың сәуір айында қолдана бастаған. Жүйе құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Оның көмегімен тәртіп сақшылары жолдағы көлік ағынының ішінен қауіпті жүргізушілерді тез арада анықтай алады. Бұдан басқа, қосымша жалған нөмірлі автокөлікті, жүргізуші куәлігінен айырылған тізгіндеушінің көлігін, техникалық байқаудан өтпеген, сондай-ақ іздестірудегі көліктер туралы хабарлайды.