Жаңалықтар

"Ата Мекен" партиясы Текебаевты қырғыз президенттігіне ұсынды

ашық дереккөзі

"Ата Мекен" партиясы Текебаевты қырғыз президенттігіне ұсынды

"Ата Мекен" партиясы 5 наурызда Бішкекте шұғыл съезд өткізді. Парламенттегі оппозициялық фракцияның жетекшісі қызметін уақытша атқарушы Алмамбет Шыкмаматовтың айтуынша, партия қазір Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында отырған Өмірбек Текебаевты президенттікке ұсыну туралы шешім қабылданды. Депутаттың айтуынша, съезге республиканың барлық аймақтарының партия мүшелері жиналды. Олар партия жетекшісі Өмірбек Текебаев пен төтенше жағдайлар жөніндегі бұрынғы министр Дүйшенқұл Чотоновты тез арада босату туралы талапты қабылдады. Екі саясаткер жемқорлық айыбымен екі айға абақтыға қамалды. "Аймақтардан жиналған делегаттар бүгін тарайды, жұмыстарын штабтарда жалғастырады. Демократия, еркіндік және плюрализмді күшейту үшін күреседі. Біз Конституцияға сүйеніп, республиканың барлық аймақтарында бейбіт шерулер бастаймыз", - деді Шыкмаматов. Еске салайық, Текебаев 28 ақпанда сот шешімімен екі айға абақтыға жабылды. Ол ресейлік кәсіпкер Леонид Маевскийдің арызы бойынша ұсталды. Саясаткер 2010 жылы "Мегаком" компаниясының акцияларын кәсіпкерге сатып алуға көмектесу үшін бір млн доллар пара алған деген күдікке ілікті. Осы іс бойынша бұрынғы министр Дүйшенқұл Чотонов ұсталды. Саясаткерлер тағылған айыптарды жоққа шығарды. Бұған дейін 2017 жылы күзде өтетін сайлауда президенттікке таласуға үш саясаткер - Темір Сариев, Бақыт Торобаев және Өмірбек Бабанов үміт білдірді.