Жаңалықтар

Әлеуметтік мекеменің директоры қарттардың зейнетақысын жымқырған

kazgazeta.kz

Директор 29 адамның зейнетақысы мен мүгедектік жәрдемақысын жымқырған.

Жезқазғанда мекеме басшысы бірнеше жыл бойы мүгедектігі бар жандардың зейнетақысы мен жәрдемақысын қалтасына басып келген. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Жезқазғанда 44 миллион теңгені жымқырған әлеуметтік мекеменің директоры сотталды. Сотталушы мүгедектердің зейнетақысы мен жәрдемақысына қол сұққаннан бөлек, мекеме қызметкерлеріне жалған үстемақы тағайындап, ол қаражаттан да қалтасына басып отырған.

Әлеуметтік мекемедегі жанжал сәуір айында басталған. Директор 29 адамның зейнетақысы мен мүгедектік жәрдемақысын жымқырған. Олардың кейбіреулері қозғала алмайды, басқалары әрекетке қабілетсіз. Мекеме тұрғындары бірнеше жыл бойы жәрдемақыларының бір бөлігі ұрланып жатқанынан күдіктенбеген де. Директор жалпы сомасы 32 миллион теңгені қолды қылған. Сондай-ақ ол төрт жыл бойы қол астындағы қызметкерлерге жалған сыйақы тағайындап, бөліген ақшаны өзі алып келген. Осылайша 12 миллионды жымқырған.

Сотталушы болған жағдайға өкінетінін айтып, өз кінәсін мойындады. Тіпті ұрлаған ақшаның бәрін қайтарып берді. Нәтижесінде экс-басшының мекеме тұрғындарының әрқайсысынан 500 мыңнан 1 жарым миллион теңгеге дейін алғаны белгілі болды.

«Әлеуметтік мекеме басшысы кінәсін толық мойындап, мемлекетке және қарттарға 44 милион теңге шығынды толығымен өтеген. Сот үкімімен ол кәнілі деп таналып оған өмір бойына мемлекеттік қызметте, мемлекеттік органдарда және ведомстволарда лауазымдарды атқару құқығынан айырып, 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», – дейді Қаржы маниторингі агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.