Руханият

Америкада Жамбыл Жабаевтың суреті табылды

Дүйсенәлі Әлімақын суретті тапқан соң бірден Жамбыл Жабаевтың ұрпақтарына хабарласқан.

АҚШ астанасында «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүрген стипендиат Дүйсенәлі Әлімақын қазақтың халық ақыны, жырау Жамбыл Жабаевтың Қазақстанда сақталмаған бір суретін тапты. Бұл туралы 24.kz арнасы хабарлады. 

Дүйсенәлі Әлімақын суретті тапқан соң бірден Жамбыл Жабаевтың ұрпақтарына хабарласқан.

Вашингтондағы кітапханалар мен архивтерден қазақ елі туралы дерек жинаудан жалықпаған журналист бірер айда біраз дерек жинап, 20-дан астам көне кітап пен сурет тапқан. Джордж Вашингтон университетінің кітапханасынан жақында тағы бір құнды жәдігер табылды.

Бұл – 1951 жылы Нью-Йорк қаласында баспадан шыққан "Кеңестер Орта Азияда" кітабы. Авторлары – ұлыбританиялық зерттеуші Зелда Коутес пен Уиллиям Коутес. Кітап сол кездегі Кеңес Одағындағы республикалардың жағдайын баян етеді. Тұтас бір тарауын Қазақстанға арнаған. Зерттеушілер Ташкенттен Алматыға келген кезден бастап, қаланың тарихы мен қазақ жеріне алғаш пойыз келген сәтті суреттейді. Әсем Алматының биік таулары, жайқалған гүлдері мен 140-тан астам ағаштың түрі бар екенін де келтірген. 1946 жылы қалада 10 мыңға таяу студент оқитынын жазған.

Зерттеушілер "Жамбылдың суырыпсалма ақындық қасиеті күллі қазақтың мақтанышына айналды" деп жазған. Жарты миллионнан астам өлең шығарғанына тоқталып, өлеңінен үзінді келтірген. Жамбыл Жабаевтың суретінің астына "Қазақстанның халық ақыны Жамбыл" деген түсініктеме де берген.