Ұлытау облысында 5 жыл құлдықта болған балалар жайлы тың ақпарат шықты
Патронаттық ата-ана бір отбасының үш бірдей баласын балалар үйінен асырап алып, қызды күң, екі ұлды құл қылған.
Ұлытау облысында 5 жыл құлдықта болған үш бала қазір Балаларды қолдау орталығына орналасқан. Асыранды балаларды жұмысқа жеккен 55 жастағы әйел қамауға алынды, деп хабарлады turkystan.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, 2018 жылы, бес жыл бұрын патронаттық ата-ана бір отбасының үш бірдей баласын балалар үйінен асырап алып, қызды күң, екі ұлды құл қылған. Балалардың кішкентайы сол кезде 8 жаста болса, үлкенінің 14 жасқа келген кезі екен. Оларды қаладан 20 шақырым жердегі фермада ұстап, мал бағуға мәжбүрлеген. Аталған фактіні облыстық прокуратура мен қорғаншылық және қамқоршылық органдары ақпанда анықтады.
«Қаңтарда кезекті жоспарлы рейд барысында мектептің әлеуметтік педагогі, білім бөлімінің қорғаншылыққа жауапты маманы және әдіскері бір отбасында болып, осы патронаттық тәрбиедегі балалардың жағдайы көңілі толмаған», - деді облыстық білім басқармасының басшысы Сапура Төлекова.
Асырап алушы тарап осы уақыт аралығында балалардың жәрдемақысын да өзі алып отырыпты. Балалар оқудан да қалған. Денсаулығына байланысты сабаққа бара алмады деген анықтама беріп келген.
«Асырап алушы тараптан заңбұзушылық бар екені бесенеден белгілі. 2015 жылы бекітілген патронаттық тәрбие туралы ережеге сәйкес, асыранды балалар тұрақты бақылауда болуы тиіс. Сондай-ақ қорғаншылық органдары олардың жағдайын үнемі тексеріп отыруы керек», - деді облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл Гүлмира Жаппасова.
Патронаттық қамқоршы қыз баланы «айтқанымды орындамасаң немесе шағымдансаң, бауырларыңды енді көрмейсің» деп қорқытып келген. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, ең сорақысы - жақында ғана бұл отбасы асырап алуға болатын басқа да балалар бар ма екен деп сұраған. Қазір аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптама жүргізіліп жатыр.
«Ювеналды полиция қызметкерлері, прокуратура мен қорғаншылық және қамқоршылық органы жүргізген рейд кезінде Жезқазғанның 55 жастағы тұрғыны анықталды. Ол көп жылдан бері асыранды балаларды соққыға жығып, күш қолданып келген. Сондай-ақ шаруа жұмыстарына жеккен. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша қамау изоляторында отыр», – деді облыстық Полиция департаментінің бөлім басшысы Әділ Бахманов.
Телеарна тілшінің хабарлауынша, қыз баланың жасы қазір 19-да, колледжді аспаз мамандығы бойынша тәмамдаған. Ортаншысы да қазір колледжде оқиды. Ал кенжесі – әлі оқушы. Қазір олар балаларды қолдау орталығында орналастырылған.
«Қиын жағдайға тап болған балаларды биыл 2 ақпанда кешкі уақытта қабылдадық. Қазір балалармен педагогтар, психологтар жұмыс істеп жатыр. Жағдайы жақсы, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Басқа балалармен тез тіл табысып кетті, ойын-сауық орталықтарына да барды. Балалардың барлық құқығы сақталады», - деді М. Құлышева атындағы қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Ғазиз Жетібаев.
Жауапты мамандар қыз баланың жұмысқа орналасуына көмектесетіндерін айтты. Сондай-ақ оларға баспана беру мәселесі де шешілетінін жеткізді.