Қоғам

Ақмола облысында 170 бас жылқы аштан қырылды

Жергілікті билік болса облыстың 5 ауданында осындай жағдай болып жатқанын мойындайды.

Ақмола облысының ауылдарында ауа райының күрт бұзылуы салдарынан тебіндей алмаған үйір-үйір жылқы қырылып жатыр. Соңғы санақ бойынша мұз басқан далада жайыла алмай 170 бас жылқы арам қатқан, деп хабарлады turkystan.kz.

Шаруалар болса аман қалғандарын қалай көктемге жалғап іліктіруін уайымдап отыр.

24.kz арнасының мәліметінше, Қонысбай ауылының тұрғындары арам өлген мал басын санап әлек. Былтыр күзде шөп ойдағыдай шықпай, жем-шөп қоры аз жиналған. Соңғы уақытта созылған ақтүтек боран сарышұнақ аязға ұласып, жағдайды тіпті ауырлатып жіберді. Омбы қардың бетін қалың мұз басып тебіндей алмаған мал тегіс арам қатқан.

Степногорск маңындағы ауыл тұрғындарының да жағдайы осы. Мұнда 40 бас жылқы арам өлген. Тұрғындар жабағы-тайды қорада ұстауға мәжбүр. Бірақ жем-шөп тапшы. Сатып алайын десе баға екі есеге қымбаттап кеткен.

Жергілікті билік болса облыстың 5 ауданында осындай жағдай болып жатқанын мойындайды. Оларға қолдан келгенше жем-шөп жеткізілген. Сонымен қатар мұндағы ауыл тұрғындары астық пен жем-шөп сабанды төмендетілген бағамен алады дейді.

Қазір жылқышылар үйірді қар аз түскен жақтарға қарай қайырып, бағып жүр. Бірақ одан нәтиже аз. Оның үстіне алдағы күндердің ауа райы болжамы да көңіл көншітпей тұр.