Семейдегі аспалы көпірдің жігі ажырап кеткен (ВИДЕО)
Қалалық әкімдік аталмыш дерекке қатысты түсініктеме берді.
Семейде аспалы көпірдің деформациялық жігінің орнында жарықтар пайда болған. Аталмыш жайтқа алаңдаған тұрғындар әлеуметтік желіде жаппай видеолар жариялап жатыр.
Аbainewskz басылымының мәліметінше, қалалық әкімдік осы дерекке қатысты түсініктеме берді.
Қалалық көлік және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары арнайы тексеріс жүргізіп, көпірдің жағдайы қанағаттанарлық деген қорытындыға келген.
16 ақпанда Қалалық көлік және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары ауа температурасы -29 градус кезінде деформациялық жіктерге және аспалы көпірдің басқа да конструкцияларына визуалды тексеріс жүргізді. Салдарынан №1 тіректен 70 мм жарықшалар, ал №10 тіректен 60 мм жарықшалар анықталды. Жалпы тіректердің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Көпірдің құлау қаупі анықталмады, - делінген әкімдік хабарламасында.
Бұдан былай мамандар ауа температурасы төмендеген кезде көпірді тәулік бойы бақылайды.