Жаңалықтар

Астанада қазақы үлгідегі киімдер ұсынатын сән үйі ашылды

Ұлттық киім –  ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, мұра боп қалатын халық мәдениетінің баға жетпес бөлігі.

Астанада бірегей тарихты, салт-дәстүр мен ұлттық мұраны бейнелейтін қазақы үлгідегі киімдер ұсынатын «Tarbiya Ulttyq kiim» сән үйінің орталығы ашылды.

Салтанатты ашылу шарасына еліміздің бірқатар қоғам қайраткерлері, өнер мен медиа майталмандары қатысты.

Орталықтың тұсауын белгілі күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай, қоғам белсендісі, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы және Отандастар қорының басшысы Абзал Сапарбекұлы кесті.

Ал белгілі күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай ұлттық құндылықтарды насихаттайтын орталықтардың маңызы жайында сөз қозғады.

Ұлттық қолөнер саласында 20 жылдан астам тәжірбиесі бар Тәрбия Айдымбаева ұсынатын ұлттық киімдер бүгінде көптің сұранысына ие. Танымал әнші Димаш Құдайберген сынды өнер иелері дәл осы «Tarbiya Ulttyq kiim» сән үйінің шапанын киіп, әлемдік сахналарда ән шырқаған.

Айта кетейік, ұлттық киім –  ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, мұра боп қалатын халық мәдениетінің баға жетпес бөлігі. Ендеше, халыққа ұлттық нақыштағы киім ұсынатын орталықтар көбейе беруі тиіс.