Спорт

Олжас Бектенов Олимпиада жеңімпаздарын марапаттады

Жалпы медаль саны бойынша Қазақстан әлемнің 78 елі арасында 20-шы орынды иеленді.

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Канвондода (Корея Республикасы) өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Мемлекет басшысының атынан алғыс хаттар табыс етті, деп хабарлады turkystan.kz.

Үкімет басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын оқып беріп, спортшыларды қол жеткізген нәтижелерімен құттықтады. Премьер-Министр бұл Қазақстанның жастар арасындағы қысқы Олимпиада ойындары тарихындағы алғашқы алтыны екенін атап өтті. Жалпы медаль саны бойынша Қазақстан әлемнің 78 елі арасында 20-шы орынды иеленді.

Шаңғымен тұғырдан секіру бойынша IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Илья Мизерных пен оның жаттықтырушысы Қайрат Биекеновке алғыс хаттар табыс етілді.

Сонымен қатар шайбалы хоккей бойынша қола жүлде олжалаған Арсений Кучковский, Никита Кулаков, Темірлан Айболұлы, Матвей Решетько, Расул Тұрсынов, Жаһангер Тілеухан, Таир Бигаринов, Егор Кравченко, Роман Мичуров, Әділхан Саттар, Әнуар Ахметжанов және команданы жаттықтырушы Рамазан Қайдаровтың да еңбектері аталып өтілді.

Ойындар жеңімпазы Илья Мизерных барлық спортшының атынан алғыс білдіріп, дайындық кезінде құраманың жаттықтырушылар қойған міндеттерді барлық күш-жігерін салып орындағанын айтты.