Аймақтық журналистиканың жампозы
Жас айырмамыз үш-ақ жыл дегенге сенбей отырмын. «Пайғамбар жасына жеткенімді жақын жандарым атап өткелі жатыр, соған арнайы шақырамын» дегенді сымсыз телефон арқылы жеткізгенде, шынымен солай ма, ара жасымыз үш-ақ жыл болғаны ма деп қайран қалдым...
Өткен ғасырдың сонау сексен алтыншы жылының жазында сол уақыттағы С.Киров атындағы ҚазМУ-дың Журналистика факультетінде бірінші курстан кейін отан алдындағы әскери борышымды өтеп қайтқан себепті оқу тәжірибеден өту үшін туған жерім – сол кездегі Леңгір ауданының «Ильич жолы» газетіне (қазіргі Түркістан облысы, Төлеби ауданының «Төлеби туы» басылымына) жолдама алғаным есімде. Серікқали ағамен сонда таныстым. Қаламы әбден төселген, тісқаққан журналист болып көрінгендіктен, жас арамыз небәрі үш-ақ жыл екенін онда қайдан білейін? Ондаған жыл тәжірибесі бар майталман маман деп қабылдағанмын іштей. Бар білген-түйгенін ерінбей-жалықпай үйреткен себепті ұстаз бен шәкірттей үлкен сыйластық орнаған еді арамызда сол кезден. Одан бері отыз сегіз жылдай уақыт өте шығыпты. Осы мезгіл ішінде сыйластығымыз арта түспесе, бір мысқал кемімегені көпке аян. Оған екі жағдай себеп болыпты. Әкем Өмірбайдың Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры Һәм еңбек ардагері екенін елге танытуға ерен еңбегі сіңіргені ақ қағаз бен қара қаламға адалдығы деп білемін. Әкемді ғана емес, ел ішінде қарапайым ғана өмір сүрген әкем секілді қаһарман қазақтардың ерлігін елі білсін, өнегелі өмірін жастар үлгі тұтсын деген биік мақсатпен жазған туындылары үшін құрмет тұтамын. «Елім деп өткен ер еді», «Ел ардақтысы Елтай», «Өмірмен өзектес», «Халқының адал перзенті», «Жауынгер рухты Жангелді» кітаптарына енген портретті очерктері мен деректі шығармалары – жас ұрпақты елдік рухта тәрбиелеудің таптырмас құралы, алтыннан қымбат құнды мұра деп бағалаймын. Әкелерінің қаһармандық істері туралы ұрпақтары жазса, мақтанғандық болып көрінетіні хақ. Ал оны оларға туыстық қатысы жоқ журналист орындаса, оқырман орынды қабылдайтыны әмбеге аян. Осы жағынан келгенде, Секең рухты әкелеріміздің ерлігі мен өрлігінің жылнамашысы қызметін абыроймен атқарғаны көңіл төрімізден орын алады. Әкем жарықтықтың: «Серікқали да – менің бір ұлым. Өмір дастанымды ертеңгі ұрпаққа жазып қалдырып жатқан ерен еңбегі ғұмырымды жалғайтын ұрпағымдай өмірімді ұзартатындықтан солай бағалаймын. Көп жаса! Өркенің өссін, айналайын!», – деп ел алдында ақ батасын бергеніне көп куә. Мектепті «Алтын белгімен» бітірген кенже ұлы Сағымды «Әке жолын жалғайтын ұлым, осы!» деп, Астанадағы маңдайалды оқу орны – Лев Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Журналистика және саясаттану факультетіне алып келді. Әкесіне тартқан ұлды құшақ жая қарсы алып, алтын баланы оқуға қуана қабылдадық. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Сағымымыз әке жолын қууға лайық бала екенін дәлелдеп берді. Оның үстіне, анасы мектептің үздік мұғалімі болғандықтан тәрбиелі бала ұстаздар көңілінен шықты. Алдымен, бакалавриатты «қызыл дипломмен» тәмамдап, одан кейін магистратураны үздік аяқтады. Оқып жүріп, сабақтан тыс уақытта газет-журнал жұмысына белсене араласты. Магистратурада жүргенде, тіпті мектеп мұғалімдеріне арналған журнал шығарып, редакторлық қызмет атқарғаны есімде қалыпты. Қазір туған жер төрінде журналистік қызметті ұршықша үйіріп, ерен еңбек етіп жатқанын естіп, әке арманын орындап жатқанына дән ризамыз. Журналистикаға тәй-тәй басып, алғаш қадам жасағанда, жас айырмамыз он жылдай болып көрінгені Серікқали Мәтқалиұлының кәсіби тәжірибесінің мол болуына байланысты екен ғой деп түйдім, қазір ойланып отырып. Аудандық газет нағыз журналистік шеберлікті шыңдайтын бұқаралық ақпарат құралы десем, әсіре айтқандық болмас. Аптасына төрт-бес рет шығатын газет (ол кезде солай болатын) егін орған комбайндай материалды жапыра жалмап жатады, оны ақпаратпен толассыз қамтамасыз ету қиямет қайым. Редакциядағы саусақпен санарлық журналист күні-түні тынбай жазумен айналыспаса, газет тоқтап қалады. Күніне бірнеше материал беру қалыпты жағдай. Күндіз іссапарға шықса, түнімен жазып, таңертең көлдей туындыны бас редактордың алдына қою – мүлтіксіз орындалуға тиіс талап. Ұшқыр жазу, жедел ойыңды қағазға түсіру, ырғалып-жырғалып жүруді уақыт көтермейтіндіктен, тапсырманы тез орындау, кез келген жағдайда қапы қалмай, керек ақпаратты суырып алу – сөз жоқ, шеберлікке баулитын қасиеттер. Секеңнің бойынан сол кездің өзінде осы қасиеттерді көріп, тәжірибесі мол майталман маман деп қабылдағанымыз сондықтан болса керек. Осындай қарбаласы көп газетте тапжылмай жиырма жыл қызмет етуін ерлікпен пара-пар іс деп бағаласақ болғандай. 1983 жылы ҚазМУ-дың Журналистика факультетін тәмамдағаннан кейін арнайы жолдамамен туған жерге оралып, аудандық «Төлеби туы» газетінде, алдымен аудармашы, одан тілші, аға тілші, жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып қызмет етуі нағыз журналистке тән ерік-жігер, қажыр-қайрат иесі екенін паш етіп тұрған өмір дерегі деп бағалаймыз. Қазіргі Түркістан облысында журналист Жексенбаевтың мықтылығын мойындамайтын журналшы жоқ екені – туған жер, оңтүстік өңіріне сіңірген ерен еңбегінің өтемі. 2007 жылдан бері «Оңтүстік Қазақстан» газетінде еңбек етіп, сектор жетекшісінен бөлім меңгерушісіне дейін көтерілуі – болдым-толдым демей, үздіксіз ізденісте жүретінінің жемісі. Бүгінде облыстық бас басылымның «Әлеумет» бөлімін басқарып, күрмеуі қиын саланың ұршығын иіріп отыруы да бекер емес. Ардагер журналистке деген ел сенімінің жоғары екенін, әріптестері арасында биік бедел иесі екенін тапжылмай танытады. 40 жылдық журналистік ерен еңбегі жерлестері тарапынан ескерусіз қалмағаны – елім деген ерге ел құрметі. 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталуы, 2018 жылы «Төлеби ауданының құрметті азаматы» атағын иеленуі сол жайынан сыр шертеді. 2015 жылы «Оңтүстік Қазақстан облысының үздік журналисі», 2019 жылы Қазақстан Журналистер одағының «Қазақ журналистикасының қайраткері», 2022 жылы Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының «Ақпарат саласының майталманы» атақтарына ие болуы, ал 2023 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталуы – аймақтық журналистика жампозы екенінің жарқын көрінісі.
Қайрат САҚ, Лев Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, алаштанушы