Саясат

Президент Al Faisal Holding компаниясы директорлар кеңесінің төрағасын қабылдады

Akorda.kz

Кездесу барысында құрылыс, туризм және қонақ үй бизнесі салаларындағы ынтымақтастық талқыланды.

Қазақстан Президенті Дохаға мемлекеттік сапарының аясында Қатардың ірі бизнес құрылымдарының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Al Faisal Holding компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, Қатар кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы, Қазақстанмен іскерлік ынтымақтастықты үйлестіруші Фейсал бен Қасым Әл Тәнимен әңгімелесу барысында екіжақты экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Al Faisal компаниясымен арадағы өзара тиімді серіктестік Қатар бизнесінің Қазақстандағы үлесін арттыруға жол ашатынын атап өтті. Оның пікірінше, бірлескен жұмыстар жаңа инновациялық-инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында құрылыс, туризм және қонақ үй бизнесі салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ білім беру бағыты бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Al Faisal холдингіне Астанада Қазақстан мен Қатар арасындағы достық қарым-қатынастың символына айналатын айтулы ғимарат салу перспективасын қарастыру ұсынылды.