Қоғам

Батыс Қазақстанда 26 адам коронавирус жұқтырған

polyclinika.ru

Облыста қызылша бойынша да эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз.

Батыс Қазақстан облысында 26 адам коронавирус жұқтырған. Оның 21 жағдайы қаңтар айында, бесеуі ақпанда тіркелді, деп хабарлады turkystan.kz.

Дертке шалдыққандардың 8-і аяғы ауыр әйел, 9-ы бала. Дені ауруханаға жатып, ем алған. Облыста қызылша бойынша да эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз, - дейді мамандар.

Qazaqstan арнасының мәліметінше, күні бүгінге дейін 255 адам ауру жұқтырған. Олардың 90 пайызға жуығы қызылшаға қарсы екпе алмаған. Аймақта ауру ошағы тіркелген алты мектеп пен үш балабақша анықталып, 21 күн ішінде байланыста болғандарға медициналық бақылау қойылды.

«Ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы №2 қаулы күшіне енді. Соған сәйкес медициналық ұйымдарда персоналдың және келушілердің медициналық маскаларды пайдалануын, антисептиктердің болуын, халықтың көп жиналатын жерлерінде, көліктің барлық түрлерінде медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдалануға ұсыным беріледі», – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Мұхамғали Арыспаев.