Қоғам

ҚазАвтоЖол маманы қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты

ҚазАвтоЖол

Қайғылы оқиға Самара-Шымкент автожолының 1285-шақырымында болған.

ҚазАвтоЖол қызметкері жұмысын атқарып жүріп қаза тапты, деп хабарлады turkystan.kz.

Kazinform агенттігінің мәліметінше, 10 ақпан 14:00 шамасында Самара-Шымкент автожолының 1285-шақырымында қайғылы оқиға болды.

Жол-көлік оқиғасының (жол бойында тұрған көлікті соққан) салдарынан тікелей қызметтік міндетін орындау кезінде ҚазАвтоЖол Қызылорда облыстық филиалының бас маманы Сақтапберген Бақытжанұлы Сыдықов қайтыс болды.

Оқиға «Самара-Шымкент» автожолында Арал ауданы, Сазды ауылы маңында қозғалыс қайта жанданған уақытта болған.

Қатты жылдамдықпен келген Toyota Alphard көлігі жол бойында тоқтап тұрған көлікке соқтығысқан, сол уақытта автокөлік ішінде компания қызметкері жұмыс істеп отырған.

Ол тілге келместен сол жерде жан тапсырды.

Марқұм Қызылорда облыстық филиалының бас маманы болып, компанияда 6 жылдан астам жұмыс істеп, өзін адал, кәсіби қызметкер ретінде танытты.

Сақтапберген Сыдықовтың артында төрт баласы мен жары қалды.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ марқұмның артында қалған отбасына компания тарапынан бүкіл қажетті қаржылық қолдау көрсетілетінін жеткізді.