Экономика

Үкімет басшысы: Қосылған құн салығы көтерілмейді

primeminister.kz

Ол алда Үкіметтің орындауы тиіс басты міндеттерін атап, ведомство басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, ең кемі 6% деңгейінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету Үкіметтің осы жылға және орта мерзімді кезеңге арналған басым міндеті болып қала береді.

«Ұлттық экономика министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде биыл 6% деңгейінде экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Жоспарда нақты әрі тиімді іс-шаралар көрініс табуы тиіс», — деді Үкімет басшысы.

Оған қоса Олжас Бектенов биылғы қаңтар айында негізгі капиталға салынған инвестициялар небәрі 0,6%-ға өскеніне назар аударды. Оның ойынша, мұндай төмен көрсеткіштер уәкілетті мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің сапасыз жұмысын көрсетеді.

«Инвестициялық штаб жұмысын күшейту қажет, оған жеткілікті өкілеттіктер берілген. Министрлер мен әкімдердің басты міндеті – инвестициялық жобаларды іске асыруға тиімді әрі пәрменді қолдау көрсету», — деді Премьер-министр.

Қуатты әрі бәсекеге қабілетті бизнес – табысты экономиканың тағы бір маңызды факторы. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту және қолдау – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі.

«Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға, сондай-ақ шығарылатын өнімнің экспорттық әлеуетіне басымдық берілуі қажет. Қаржылай қолдау өндірістің технологиялық күрделілік деңгейіне байланысты көсетілуі керек. Яғни, өндіріс неғұрлым күрделі, технологиялар кеңінен қолданылатын болса, кредит ставкасы да соғұрлым төмен болуы немесе кредит мерзімі ұзағырақ болуы керек», — деді Премьер-министр.

Бағаның өсуін тежеу Үкімет үшін басым міндет болып қала береді. Биыл біздің алдымызда инфляцияны 6-8% аралығында ұстап тұру міндеті тұр. Ол үшін мемлекеттік органдар Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.

«Кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы былтыр бизнеске 600 млрд теңгеге жуық қосымша құн салығы қайтарылмағанын атап өтті. Сонымен қатар шұғыл шығындарды қаржыландыру үшін бюджетке 2024 жылғы төлемдермен аванс берілген. Бұл дұрыс жоспарламаудың салдарынан орын алған, 2023 жылы түсуге тиіс болған кірістер жоспары асыра бағаланды. Мұндай тәжірибе қайталанбауға тиіс», — деді Премьер-министр.

Оған қоса Олжас Бектенов қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейтінін айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейді. Бюджет кірісін толықтырудың басқа жолдарын іздеуіміз керек. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері республикалық бюджеттің шығыстарын да, кірістерін де сапалы жоспарлауды қамтамасыз етулері қажет. Мұнда ең алдымен цифрландыру есебінен салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша пәрменді шаралар қабылдау маңызды», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің сөзінше, жалпы қаржылық тәртіпті күшейту, нәтижесіз шығыстарды жою және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру маңызды.

«Тағы да атап өткім келеді – экономиканың жоғары қарқынын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салуымыз керек. Әрбір министр мен өңір әкімі алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін тікелей жауапты болады», — деп түйіндеді ол.