T-LIFE

Шетелдік туристер ең көп баратын еліміздегі 5 өңір

Алматы шетелдік туристерді ең қөп қабылдайтын еліміздегі қалалардың көшін бастады.

2023 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша елімізге саяхаттаған ішкі туристердің саны 11%-ға артып, шамамен 5,4 млн адамға жетті. Оның ішінде шетелдік туристердің саны – 835 мың адам. Яғни, ішкі туристердің үштен бірі шетелдіктердің үлесіне тиесілі. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті. 

Ал сол шетелдік саяхташылар еліміздің қай өңірлеріне жиі саяхаттайды? Назарларыңызға шетелдік туристерді ең қөп қабылдаған еліміздегі ТОП-5 қаланы ұсынамыз.

Шетелдік туристер арасында еліміздің оңтүстік астанасы туристік өңір ретінде кең танымал. Мәселен, 2023 жылғы алғашқы тоғыз айда Алматыға 409 394 адам саяхаттап келген. Осылайша, Алатау баурайындағы ару қала Алматы шетелдік туристерді ең қөп қабылдайтын еліміздегі қалалардың көшін бастады. Алматы қаласы шетелдіктер үшін тау-шаңғы курорттарымен, сұлу табиғатымен, қолайлы ауа райымен тартымды. Жуырда әйгілі италиялық Condé Nast Traveller Italia басылымы Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғы курортын әлем саяхатшылары міндетті түрде баруға тиіс ТОП-5 орынның бірі ретінде ұсынса, америкалық New York Times нұсқасы бойынша Алматы 2024 жылы баруға тұрарлық 52 орын тізіміне енген болатын.

Екінші орынға ел ордасы – Астана қаласы жайғасты. Еліміздің бас қаласына шетелдіктер іскерлік туризм бойынша жиі келеді. 2023 жылдың 9 айында Астанаға 220 000 шетелдік қонақ келген. Рейтингтің үшінші орнына Маңғыстау облысы жайғасты. Қарт Каспийдің жағасында орналасқан Ақтауға былтырғы қаңтар-қыркүйек аралығында 34 435 шетелдік саяхатшының табаны тиген.

Үздік бестіктің қатарына Атырау облысы мен Шымкент қаласы енді. Өткен жылдың алғашқы 9 айында мұнайлы өлкеге 24 431 шетелдік турист келген болса, еліміздің үшінші мегаполисіне 20 837 шетелдік турист саяхаттаған.