Жаңалықтар

Жолдарды дұрыс күтіп ұстамаған жұмысшылар жұмыстан шығарылды

Бас көлік прокуратурасы

Қадағалау іс-шаралары жол қызметтерінің жұмысы жолдарды метеорологиялық факторлардың әсерінен тиісті қорғауды қамтамасыз етпейтінін көрсетті.

Көлік прокуратурасы қыс мезгілінде халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстау жөніндегі уәкілетті органдар мен ұйымдардың қызметіне тексеру жүргізді, деп хабарлады turkystan.kz.

Қадағалау іс-шаралары жол қызметтерінің жұмысы жолдарды метеорологиялық факторлардың әсерінен тиісті қорғауды қамтамасыз етпейтінін көрсетті.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «Қажсервис» ЖШС аумақтық филиалдарында қар тазалау техникасы мен көктайғаққа қарсы материалдардың тапшылығын анықтады, - делінген хабарламада.

Температураның күрт өзгеруі мен қардың түсуі кезіндегі бұл жағдай Солтүстік Қазақстан облысының республикалық жолдарындағы жол қозғалысын қиындатып, оның қатысушыларына қауіпсіздікке тікелей қауіп төндірді.

Шымкент көлік прокуратурасы осыған ұқсас заңдылықтың жай-күйіне жүргізген талдау нәтижелері де Түркістан облысының республикалық жолдарын күтіп ұстау үшін жол техникасының қажетті санының жоқтығын айғақтайды.

Нәтижесінде, өткен жылдың 12-15 желтоқсаны аралығында қарлы боран мен қар жауған кезде кешіктірілген тазалау жұмыстары Шымкент-Тараз бағыты бойынша көлік ағынын тоқтатқан (50-ге жуық автокөлік құралдары жолдарда «тұрып қалды»), - делінген хабарламада.

Анықталған бұзушылықтарды жою үшін прокуратуралармен автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператордың атына ұсынулар енгізілді.

Прокуратураның  қадағалау актілерінің бірі бойынша лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 11 қызметкермен және «Қажсервис» ЖШС Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директорымен еңбек шарттары бұзылды, - делінген хабарламада.

Тағы біреуі бойынша – қызмет көрсететін мердігерлерге 1,6 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Сонымен қатар, көлік прокурорларының араласуынан кейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ алдағы уақытта ел өңірлеріне тарату үшін 245 бірлік қосымша жол техникасын сатып алуға бағытталған іс-шаралар жүргізуде.