T-Newspaper

Шымкент вокзалына 11 айлығында тастап кеткен: Америкалықтар асырап алған Эштон ата-анасын іздейді

Сурет: turkystan.kz

Маған өзі­ме беймәлім бір бөлігім бар секілді кө­рі­не­ді. Бірдеңе жетіспей тұрады. Био­ло­гия­лық от­басымды зерттеу, табу арқылы өзім ту­­ра­лы көп дерек таба аламын деп ойлай­мын.

Біз бұған дейін америкалықтар асырап алған бірнеше қазақ туралы сұхбаттар сериясын жариялаған болатынбыз. Соның бірі Пенсильвания штатының Льюисбург қаласында тұратын Арман Ақышев сәби кезінде өзі секілді мұхит асып кеткендерге көмектесу үшін арнайы топ құрған болатын. Бізбен үнемі байланысып отыратын ол жуырда Эштон Коксон есімді бойжеткеннің биологиялық отбасын іздеп жүргенін айтып, оның оқиғасын тыңдап көруімізді сұрады. Шымкент қаласында дүниеге келген Эштонды 11 айлығында полицейлер теміржол стансасынан тауып алған. Алдымен сәбилер үйі, сосын балалар үйіне ауыс­тырылған Эштонды төрт жасқа толғанда америкалық Эми Бет Коксон асырап алған. Араға жиырма жыл салып, өзі­нің кім екенін, қайдан тарайтынын, қайдан шыққанын біл­гісі келетін Эштонға хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– «Тек мені туған кісілердің бет-әл­пе­тін көргім келеді». Америкалықтар асы­­рап алған қазақстандықтардың кө­­бінен бәленбай жылдан соң ата-ана­сын іздестіруіне не түрткі бол­ғанын сұрасаң, осылай жауап береді. Се­ні де бүгін бізге сұхбат беруіңе итер­ме­леген сол себеп пе?

– Мұнда басты себеп биологиялық ата-анам деп айтпас едім. Мен жалпы био­ло­гия­­лық отбасымның мүшелерін тапқым ке­­­леді. Сондай-ақ ұлттық құнды­лық­тарым­ды танып, түп-тамырыммен көбірек байла­ныс­та болғым келеді. Сонымен қатар маған өзі­ме беймәлім бір бөлігім бар секілді кө­рі­не­ді. Бірдеңе жетіспей тұрады. Био­ло­гия­лық от­басымды зерттеу, табу арқылы өзім ту­­ра­лы көп дерек таба аламын деп ойлай­мын. Аме­­рикалық мәдениеттен өзге, өзім­нің мә­дениетімнен де хабардар болғым ке­леді. Қайыра айтқанда, өзімнің бэкг­раун­дым ту­ра­лы жетік білсем деймін.

– Олай болса, қолда бар құжатта жа­­зыл­ған аты-жөніңді, балалар үйіне келу тарихыңды айта отырсаң.

– Мендегі құжаттың көшірмесінде ме­нің аты-жөнім Байдуллаева Раиса Жүніс­қы­­зы деп жазылған. Сондай-ақ онда мені те­­міржол стансасына қалдырып кеткен деп жа­­зылыпты. Мені сол жерден полиция қыз­­мет­керлері тауып алып, балалар ауруха­на­­сы­на алып келген. Сол кезде дәрігерлер ме­­нің жасымды он бір айлық деп болжаса ке­рек. Әрі олар маған ат қойған. Сосын сол жер­­ден сәбилер үйіне апарған. Одан соң ба­л­алар үйіне ауыстырылыппын.

– Сонда Байдуллаева Раиса Жүніс­қы­­зы деген сенің шын аты-жөнің емес пе?

– Жоқ, маған бұл аты-жөнді аурухана қыз­­меткерлері қойса керек.

– Расымен сені тауып алған кезде еш­қандай құжат, хабарлама болмаған ба? Аты-жөніңді, қанша айлық еке­нің­ді айғақтайтын бір жапырақ қағаз да болмағаны ма сонда?

– Иә, ештеңе болмаған. Менде бірнеше құ­жаттардың көшірмесі бар, бірақ түпнұс­қа­сы жоқ. Онда мені тауып алған кезде сұр түс­ті киімде болғаным, теміржолдың бір ше­тінде жатқаным туралы ғана мәлімет кел­тірілген.

– Алайда аурухана қызметкерлері туу туралы куәлігіңе атың мен те­­гіңді жайдан жай жазбаған болар?

– Мен бұл туралы ешқашан ойланбап­пын. Бар білетінім менің аты-жөнімді ау­ру­хана қызметкерлері қойған. Кейін анам мені 2006 жылы асырап алған кезде Раиса Эли­забет Кокстон деп өзгертіп алған.

– Байдуллаева Раиса Жүнісқызы де­ген расымен сенің  шын аты-жөнің болса ше? Аурухана қызметкерлері есі­­міңді былай қойғанда тегіңді ой­дан құрастыра алмайды ғой. Бәлкім, олар полиция қызметкерлері жасаған тергеу жұмыстарының нәтижесіне сүйеніп, атаған бо­лар. 

– Бәлкім, солай да шығар (көңілі бо­сап). Мен...(жылап). Кешірерсіз.

– Қайта сен мені кешір. Мен бұлай қаз­балағым келмеген еді.

– Жоқ, жоқ. Мен тек туған кезде қойған аты-жөнімді көп қолданбаймын да, себебі ол есім маған ұнамайды. Мені көбі Эштон деп атайды. Бірақ мен сіз көтеріп тұрған мә­селе туралы ешқашан ойланбаппын. Десе де, мұның артында бір себеп бар екені ай­дан анық. 

– Ал туған жылың, айың, күнің ше? Бұл деректі де аурухана қызметкерлері бол­жап жаза салған ба?

– Меніңше, олар мені полицейлер тауып алған күнді менің туған күнім ре­тін­де жаза салған секілді. 23 желтоқсан, 2002 жыл. Мұны білетін себебім – олар менің ана­ма асырап алу туралы құжатты тол­ты­ра­­тын кезде менің туған күнімді өзгертуге болатынын айтыпты. Сонымен қатар олар менің анама менің жартылай қазақ, жар­тылай орыс болуым мүмкін екенін де ай­тып­ты.

– Бірақ сен қазаққа қатты ұқсай­сың.

– Солай шығар. Тіпті, не деп жауап бе­ре­рімді білмеймін (көңілі босап). Анам тіп­ті мұны кім айтқанын да анықтамаған. Ал мен олай екеніне сенімді емеспін. Өйт­кені анам екеуімізде бұл іске қатысты түсініспеушіліктер өте көп. 

– Сен маған жіберген құжатта ден­сау­лы­ғың жайлы графада «Бірінші дең­­гейлі анемия. Күрделі дислаксия» деп жазулы тұр.

– Мен бұл жөнінде көп ештеңе білмей­мін. Мен бұған дейін бұл құжаттарға мән беріп қарамаппын да. Өмірімде үш рет қана шолып шыққан шығармын. Бастап­қы­да қазақша сөздерді теріп, ағылшынша сөздік арқылы аударып көрген едім. Алайда анам ол аударманың нақтылығына күмән кел­тірді. Сондықтан сізге қазақша жазыл­ған құжаттың көшірмесін жіберіп отыр­мын. 

– Бірақ бұл құжат қазақша емес, орыс­ша толтырылған.

– Солай ма?(таңданып). Мен оны біл­меп­­пін. Мен онда қазақша жазулар екен деп жүрмін. Сондықтан мен онда нақты не жа­зылғанын білмеймін. Расымен де онда менің ауырғаным туралы жазылған. Алайда анам бұл мені асырап алуға еш кедергі бол­мағанын айтты. Ес біл­гелі білеті­нім, менің денсаулығым­да еш кінәрат болмаған. Қазір де сап-саумын.

Балалар үйіндегі тәрбиешісімен бірге

– Ғалымдар төрт жасар ба­ла­ның есінде ештеңе қал­майды деп айтып жа­та­ды. Сонда да сұрайыншы: Шымкенттегі балалар үйін­де өткізген уақытың есің­де қалды ма?

– Иә. Онда кішкене бала­лар­­мен бірге отырғаным еміс-еміс есімде. Әрі мені алып кетуге келген анам мен әжемді бірінші рет кездес­тір­генім есімде қалып қойды. Со­нымен қатар тәрбиеші­­­лері­нің бет-жүзі де есімде сақтаулы. Алай­да анау айт­қандай толығымен емес. Си­паттай ала­тындай дең­гейде емес.

– Ал Америкадағы өмірің қалай өр­­біді? Қазір қай қалада тұрасың? Не­мен айналысасың?

– Анам мені Виржиния штатына қарас­ты Арлингтон қаласына алып келді. Бірақ қазір біз онда тұрмаймыз, басқа қалаға кө­шіп кеттік. Мен – негізі, анама өте жақын жан­мын. Ата-әжеме де етене жақынмын. Кіш­кене кезімде анамның бауырына да жа­қын болған едім, алайда қазір оларды жиі көре бермеймін. Мен үйде жалғыз бала­мын. Анам мені жалғызбасты әйел ретінде асырап алды. Сондықтан болар, екеуіміздің ара­мыздағы байланыс өте мығым әрі ай­рықша. Анам екеуіміздің діни сеніміміз екі түрлі, ал бұл жайт көп нәрсеге әсер ететіні анық. Де­генмен өсе келе, бір-бірімізді ә де­ген­нен-ақ түсінетін болдық. Арамыз тіпті жа­қын­дай түсті. Жақында мен өз үйіме кө­шіп кел­дім. Екеуіміз қайтадан бірге тұ­рып жа­тыр­мыз. Керемет сезім. Айта кетер­лігі, анам ме­нің биологиялық туыстарым мен түп-та­мырымды табу ісіне кіріскенімді қос қол­дап қолдайды. Бұл мені қуантпай қой­май­ды.

– Біз білетін америкалық ата-ана­лар асырап алған балаларға кішкентай ке­зінен олардың қай ұлттан тарайты­нын айтып, мәдениетін танытуға ба­рын салады. Тіпті, баласының туған ата-анасын іздестіру үшін Қазақстанға бір­ге еріп келген кездері де болған.

– Иә, олардың мені асырап алғанын бі­рін­ші күннен бастап білемін. Өйткені мен асырап алу процесін және Америкадағы үй­ге келген сәтім әлі есімде. Сондықтан төрт жасымнан бастап барлығын білемін де­сем болады. Менің де анам сіз айтқандай өте ашық. Бәрін бүкпесіз айтып отырады. Алай­да бұл маған еш әсер етпейді. Себебі анам менен бар жылуын аямайды. Бір от­ба­сы болған соң, жеңіл қарауға тырысамыз. Бірақ кейінгі кезде балаларды асырап алу ісі туралы, соның ішінде өзімнің оқиғам ту­ралы ойласам, күйзеліске бой алдырта­тын болыппын. Асырап алу, асырап алыну мен үшін үнемі өте күрделі тақырып екені айт­паса да түсінікті. Дегенмен мен бұры­ны­­­рақта бұған бас қатырып, ойланбаппын. Ал бірақ соңғы он айда биологиялық от­ба­сым, қайдан шықтым, қайдан тарайтыным тура­лы білгім келіп, қызығушылығым пай­да болды. Тағы бір себеп болған жайт, мен бұрынғы жұмысымда жүргенімде бір қазақ әйелін кездестірген едім. Кіндік қаным там­ған жерден шыққан әйелді бірінші рет кез­дестіруім. Сол кезде айрықша қуанған едім. Сол таныстық та менің қызығушылы­ғым­ның оя­нуы­на сеп болды. Алайда жоға­ры­да айт­қанымдай, бұл істе құпия, бізге бей­мәлім нәр­се өте көп. Жалпы, менің тағ­дырым кім­ді болса да бейжай қалдыр­май­ды деп се­­немін. Сондықтан сіздер ма­ған көмек­те­сіп, қолұшын созсаңыздар жақ­сы болар еді.

– Кейінгі кезде америкалықтар асы­рап алған бірнеше қыз-жігіт әлеу­меттік желідегі қазақ қауымдастық­тары­на арналған топ арқылы өз туыс­та­рын тауып алғанын естіген болар­сың. Бұл да саған әсер етпей қоймасы анық.

– Иә, ол туралы білемін. Мен ол топ­тар­да бармын. Мен негізі әлеуметтік желіні көп қолданбаймын. Дегенмен байқап, кө­ріп отырамын. Ол да мүмкін.

– Қазақстан туралы не білесің?

– Қазақстан Орталық Азиядағы үлкен мем­лекет екенін жақсы білемін. Десе де, көп дерек білмеймін. Шымкент туралы да аса ештеңе білмеймін. Шымкент қандай қа­ла?

– Қазақстандағы үшінші ірі мега­по­лис. Ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрі сақ­талған, қазақи қайма­ғы бұзылмаған қала.

– Онда неге менің барлық құжат­тым орысша толтырылған?

– Өкініштісі сол, ол уақытта көп ме­ке­ме­де құжат толтыру ісі орыс тілін­де жүргі­зіл­ген. 

– Түсінікті.

– Біз танитын кейбір қыз-жігіттер бір-бірімен дос болып, ізінше Қазақ­стан­­­ға бірге саяхаттап келді. Бұйырса, се­нің де Қазақстанға жолың түседі деп се­неміз.

– Әлбетте, мен Қазақстанға қатысы бар көп дос тапқым келеді. Елшіліктегі қызмет­кер­­ден осы демалыста Мэрилендте қазақ сы­­ныбы өткізілетінін естіп-білдім. Сонда бара­мын деп жоспарлап отырмын. Онда көп қазақпен танысып, араласамын деген үміт­темін. Сәтін салса, Қазақстанға да жол түсер.

– Әңгімеңе рахмет! Бәрі жақсы бо­ла­ды деп сенеміз!  

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ