Қандас бауыр емес пе?!
Бір жылдың ішінде Қытай, Моңғолиядан келген 200-дей отбасы кері көшіп кеткен
Ата-бабаларымыз «Елге ел қосылса – құт» деп бекер айтпаған. Оның растығына Үкіметтің іс жүзінде көзі жететіндей сынақ кезеңі өтті. Тәуелсіздік жылдары бала-шағасын қоспағанда бір миллион-ға жуық қандасымыз елге оралып, еңбек етіп, атажұртында өсіп-өніп отыр.
Тарихи отанына оралғысы келетіндердің ниетіне ешкім шүбә келтіре қоймас. Деректерге сүйенсек, қазір дүние жүзінің 40-тан астам елінде 7 миллионға жуық қандасымыз өмір сүріп жатыр екен. Оларды ертеңгі күні мен ұрпағының болашағы алаңдатып отырғаны да ақиқат. Өйткені өзге елдерде саны аз қандастарымыздың тілге, білімге және ақпаратқа қатысты бастан кешетін қиыншылығы жетерлік. Сондықтан үкіметаралық комиссиялардың жұмысында осы өзекті мәселелер ескеріліп, тиісті мемлекеттік органдарға шетелде тұратын қазақтарға қамқорлық жасап, қарасу дербес міндеттелгені жөн деп есептейміз. Әйтпесе, соңғы жылдары отанына оралып жатқан қандастарымыз бірқатар кедергілерге тап болып жатқаны жасырын емес. Кедергінің кейбірі арғы-бергі дәстүрімізге, кейде өркениет қағидаттарына да қайшы келіп жатады. Мысалы, атажұртқа оралуға ниет білдіргендерге ДНҚ мен дактилоскопия тапсыру керектігі квота бөлуді, «қандас» мәртебесі мен азаматтық алуды едәуір қиындатып жіберген. Енгізілген бірқатар өзгерістің салдарынан бұрын 5 жұмыс күнінде берілетін қандас куәлігі қазір 35 жұмыс күніне ұзартылған. Ал мұндай куәлігі жоқ қандастар азаматтық алуға құжат тапсыра алмайды. Қандас мәртебесі бұрын Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы берілетін. Ал қазір қандас куәлігін алу үшін тек «Кұтты мекен» қосымшасы арқылы онлайн өтініш беру керек. Шетелдегі қазақтар (Ауғанстан, Пәкістан, Иран, ҚХР-Синьзянь т.б.) ол қосымшаға оңайлықпен кіре де алмайды. Тығырықтан шығар жол бар ма? Осы саланы зерделеген сарапшылардың ұсынысы мынадай: қандас мәртебесін Халыққа қызмет көрсету орталықтары және ҚР елшіліктері мен консулдықтары арқылы алуға жол ашу керек. Оның үстіне бұрын өздігінен көшіп келгендердің бірқатары «Құтты мекен» қосымшасына енбей қалған. Сонда атажұртта бірде-бір туысы жоқ бауырларымыз «қандас» мәртебесін қалай алмақ? Осындай орашолақ талаптың кесірінен немесе уақытында куәлік берілмеуі себепті азаматтық ала алмай, кері көшіп кеткендер де бар көрінеді. Айталық бір жылдың ішінде Қытай, Моңғолия елінен келген 200-ден астам отбасы кері көшіп кетуі жауапты орындар мен мекемелерде ешкімді толғандырмағаны қалай? Әрине, елімізде көші-қон жөнінде қалыптасқан мемлекеттік саясат бар. Көзделген жоспар, тиімді жобалар бойынша жұмыстар да атқарылып жатыр. Соның ішінде, елорда маңындағы Аршалы ауданында «Асар» жобасымен тұрғын үйлер салынбақ, жұмыс орнын жасақтау жағы қарастырылуда. Алайда жергілікті әкімдіктер инфрақұрылымға байланысты мәселелерді шешуде сөзбұйдалыққа салып келеді. Ал қоғамдық ұйым ретінде қауымдастықтың қауқары шамалы. Сондықтан да бұл маңызды міндетті шешуді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз мойнына алғаны жөн болар еді. Ішкі көшті және шетелден келетіндерді жұмысшы күшіне мұқтаж облыстарға бұрып, жайғастырған жөн. Жеңілдіктер белгіленген кезде өңірдің климаттық, әлеуметтік жағдайы ескерілгені орынды. Мәселен, оларға ерекше тәртіппен тұрғын үй, жер бөліп беру жөнінде, керек кәсіпті дөңгелетіп әкетуіне жағдай туғызу керектігі туралы аз айтылып жатқан жоқ. Шындығында, шеттен келген бауырларымыз бізбен қандас болғанда, ата-бабамыз аманаттаған кең-байтақ жердің (қала, кент, аудан, ауыл) бір пұшпағын бөлісу әділеттік болмай ма? Осынау стратегиялық мәселеде тиісті министрліктер жайбарақаттыққа бой алдырғанын жаңарған қоғам түсінбей отыр. Біздіңше, көші-қон саясатында әділетті Қазақстанның халықаралық тәжірибеге сәйкесетін айқын ұстанымы болуға тиіс. Мұндай қадам қандастарымыздың азаматтық алуын қиындатқан түрлі шектеуді түбірімен жояды. Ол үшін тиісті заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді кезек күттірмейтін маңызды елдік іс деп санаймыз.
Дархан МЫҢБАЙ, мемлекет және қоғам қайраткері