Саясат

Талап қатаң болады: Бектенов Үкімет алдындағы негізгі міндеттерді белгілеп берді

Үкімет басшысы өнеркәсіптік кәсіпорындарды энергиямен сенімді түрде қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады turkystan.kz.

Қаржы-экономикалық блок министрлерін тыңдап болған соң, Премьер-Министр бюджет шығыстары толығымен экономикалық табыс әкелуге бағытталып, өнімсіз шығыстар толығымен жойылуы керектігін атап өтті.

Cонымен қатар Премьер-Министр Салық кодексінің жобасын қайта жазып, оның философиясын өзгерту қажеттігін атап өтті.

Олжас Бектеновтің айтуынша, құжатты дайындау кезінде әкімшілендіруді толық цифрландырып, салық жеңілдіктерін беру мәселесін реттеу қажет.

Жалпы Премьер-Министр бизнеске фискалдық шығындар мен әкімшілік жүктемелерден қорықпай, «өсу» қағидаты бойынша жұмыс істеу үшін тиімді жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Үкімет басшысы өнеркәсіптік дамуға жаңа серпін беру үшін бірқатар нақты міндеттерді белгілеп, бірінші вице-премьер Роман Склярға 10 күн ішінде барлық ірі өнеркәсіп кәсіпорны иелерімен, бірінші кезекте өндіруші салалардағы кәсіпорындармен келіссөздер жүргізуді тапсырды.

Бұл ретте Премьер-Министр отандық өнеркәсіп саласындағы  алпауыт кәсіпорындар қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды түбегейлі арттыруы тиіс екенін атап өтті. Олармен тиісті келісімдер жасалмақ.

Құрылыс саласының түйткілді мәселелерін талқылай отырып, Премьер-Министр отандық өндірушілердің өнімдерін кеңінен қолданудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ Үкімет басшысы өнеркәсіптік кәсіпорындарды энергиямен сенімді түрде қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Президенттің тапсырмасы бойынша биыл 700 МВт-тан астам қосымша генерацияны іске қосу қажет. Олжас Бектенов тапсырма орындалмаған жағдайда тиісті қорытындылар жасалатынын атап өтті.

Су ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты Премьер-Министр жауапты министрлікке экономика салаларында суды ұтымды тұтыну жөніндегі шаралар кешенін дайындауды, сондай-ақ су пайдалану мәдениетін енгізу жөніндегі жұмыстарды пысықтауды тапсырды.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салуға қатысты Үкімет басшысы бір ай мерзімде жеке инвестициялар тарту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді талап етті.

Әлеуметтік блок мәселелеріне тоқталған Олжас Бектенов ең алдымен МӘМС жүйесін реформалау қажеттігіне назар аударды.

Отырыс барысында Үкімет басшысы цифрлық трансформацияны жүргізу, көлік және ауыл шаруашылығы салаларын дамыту, «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыру, сондай-ақ азаматтарды әлеуметтік қолдау, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін реформалау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Оның айтуынша, формализм мен бюрократиялық сарсаңға салуды толығымен жоя отырып, стереотиптерден арылу қажет.