«Махаббаттың құдірет-күші әлдилеп...»
Астана Музыкалық жас көрермендер театры құрылған 3 жылда ұжымда 13 жұп шаңырақ көтерді
Онда тұрған не бар дерсіз? Бірақ бұл жерде мән беретін дүние мынау – ұжымдағылар бір-біріне үйленіп, үй болып жатыр. Ал кез келген мекемеде бұлай бола бермесі хақ. Айтпақшы, бұларға жақында 14-отбасы қосылды. Атыраудан келген дарынды актерлер Асхат Мұсағалиев пен Меруерт Танашева театрдағы отбасылар қатарын көбейтті.
Жә, бәрін басынан бастайық. Музыкалық жас көрермендер театрын құру – режиссер Асхат Маемировтың көп жылғы арманы еді. Оған Құдайдай сенетін жастар айналасына топтаса бастаған. Ақыры 2020 жылы желтоқсан айында театр ресми түрде тіркеліп, халыққа алғашқы спектаклін ұсынды. Әрине, оған дейін көктемнен бастап ұйымдастыру жұмыстары жүрді. Жаз айларында алғашқы шаңырақтар бой көтере бастады. Солардың бірі – қызылордалық Қазыбек Есқара мен шымкенттік Гүлдана Әбдісадық. «Бұған дейін Асхат ағай басқаратын «Астана Мюзикл» театрында жұмыс істедік қой. Сол кезде Еуропаны араладық. Келіншегіме тура Эйфел мұнарасының жанында тұрып сөз салдым» дейді Қазыбек. Ал той уақыты атың өшкір пандемияның кезіне тура келген... Ақтөбелік Саламат Мұқашев та тура сол кезде үйленген. Келіншегі Айдана – Мұқағалидың кіндік қаны тамған Қарасаздың қызы. Саламат оны Айдана емес, «Құдайберген» деп атайды екен. Қалжыңы, әрине. Бірақ негізсіз де емес. 2019 жылы Темірбек Жүргенов атындағы атындағы өнер академиясына магистратураға тапсырғанда екеуі тура емтиханның үстінде жолыққан. Бір қызығы, бір оқу орнында оқыса да бұрын бір-бірін мүлде білмейді екен. Айдана өзі мүлде танымайтын жігітке ағылшын тілінен қатты көмектесіпті. Шын ниетімен емтиханнан өтуіне тілекші болған. Халық әнін сәл өзгертіңкіреп айтсақ, «сырғасын қайық қылып өткізіпті» «арғы жағаға». Сосын «Құдайберген» демегенде қайтеді Саламат? Қазір театрда жұмыс істеп жүрген кезде дүниеге келген екі ұлдың ата-анасы!
Атыраулық Оразалы Игілік пен шығысқазақстандық Инабат Ризабекованың басын қосқан – «Қыз Жібек» этнофольклорлық мюзиклі. «Астана Мюзикл» қойған бұл қойылымда екеуі Төлеген мен Жібектің рөлін ойнаған болатын. Шығармашылық тапсырылым болған сәтте: «Қараңызшы, қандай әсерлі. Рөлді тамаша алып шықты ғой. Керемет емес пе?» – депті Асхат әйгілі актер Құман Тастанбековке. «Актер рөл ойнап шыққан жоқ. Ол қазір бар болмысын жайып салып, қызға деген ынтызар сезімін көрсетті. Мына жігіт өлердей ғашық. Мен білсем, бұл екеуі үйленеді» – депті сонда «Төлеген»: «Оны қайдан білдіңіз?». «Өйткені мен де киноға түскен сәтте тура сондай күйді бастан кешкем. Дәл қазір Оразалыдан сол кездегі өзімді көріп тұрмын». Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова екі жасқа сол кезде риясыз ақтарылып, батасын берген. Расында да, бұл кезде Оразалы мен Инабат бір-бірінсіз тұра алмайтын дәрежеге жетіп еді. Міне, осылайша, бір кезде Қанабек пен Күләш Байсейітовтердің басын қосқан, Құман мен Меруертті аңызға айналдырған «Қыз Жібек» қазақтың тағы бір талантты ұл-қызын жұптастырды. Екеуінің сезімінің куәсіндей Жібек деген балапан өсіп келеді отбасында. Ал алматылық Азамат Болатов пен Дана Верещактың хикаясы тіпті қызық. Иә, Верещак. Украин қызы. Қазақтың жиені. Әкесі Александр Верещак Баянауылда қазақ арасында өскен. Әскерде жүргенде «Айналамның бәрі орыс. Жалғыз қазақ мен ғанамын» деп хат жазған батырың қазаққа үйленбегенде қайтеді? Домбырамен ән айтып, бет ашатын Александрдың ұл-қызы да өнерге жақын болып өсті. Азамат оқуға түскенде «2-курста украин қызы оқиды. Қазақшаға судай» дегенді естіп, қатты таңғалыпты. Жатақханада ортақ таныстары арқылы дастарқандас болғанымен, 2 айға дейін сөйлесуге дәті бармапты. Қыз да «перваш» жігітке аса назар аудара қоймағанға ұқсайды. Бірақ бұған дейін колледж бітіріп, біршама өмір көрген Азамат ес жиып, қыздың есігін қаға бастаған. «Өз адамым екенін бірден сездім» дейді жігітің. Бүгінде әйгілі топтың әнін сәл өзгертіп: «Кеше біз(дер) ғашық болған, кездесуге асық болған, ару қыз жүр үйімізде» деп әндетеді. Әке-шешесі, ағайын-туысы да Дананы жатсынбай, іш тартыпты. Бауырмал қыз да бірден түскен жерінің ыңғайына жығыла кеткен. Қазір бұл үйде бір «театр баласы» өсіп келеді. Тағдыр қызық қой. Кейде бір-ақ оқиға өміріңді өзгертіп жібереді. Ақтөбенің серісі Еламан Иманбаевтың Қызылорданың құралайы, балетмейстер Кәмилә Бузанованы көрген сәтте-ақ жүрегі дір ете қалған. Екеуі де театрға кіріп, жұмыс істей бастаған кезде жігітке әскерден шақырту келсін. Барайын десе, Кәмиланы қимайды. Бір күні әскери комитеттің адамдары тура театрға келіп алып кетті. Казармаға апарып тығып, шашын алып тастаған. Енді тек әскери бөлімге аттануы ғана қалған. Бұл әуелі әке-шешесіне, сосын Кәмилаға звондады: «Солай да солай, мен әскерге кетіп барамын». Жұмыста боз-боран болып отырған Кәмиләні көріп бір досы шошып кетіпті: «Не болып қалды?». «Еламанды әскерге алып кетіп барады...». «Шын сүйесің бе? Үйленесіңдер ме, анық?». «Иә» – дейді Кәмилә еңіреп. Әлгі досының қолы ұзын болса керек, кешке қарай тақырбас Еламан есік қағып тұр дейді. Енді екеуі әрі қарай соза берудің қажеті жоқ екенін түсініп, әке-шешелеріне хабарласып той күнін белгілейді. Оралдың «жүгермегі» Ернар асабалыққа «тағайындалыпты». Ол тура той болатын күні әуежайға барса, ұшақ әлдеқашан ұшып кеткен. Сөйтсе, ұшақтың ерте ұшатыны жөніндегі sms билетті алған Еламанның телефонына келген, ал бақыттан басы айналып жүрген ол тіпті байқамаған ғой. Ұшатын ұшақ ұшып кетті, енді не істеу керек? Не істеу керегі несі, әрине, Шынарына, Асхат ағайы Ақшынар дегесін, бәрі солай атап кеткен ғашығына барады. Екеуі Қазақ ұлттық өнер академиясында оқып жүрген кезде танысқан. «Сәлем», «Сау болдан» аса қоймаған. Бір күні автобусқа бірге отырып қалды. Әңгіме тиегі ағытылды. Телефон алмасты. Енді WhatsApp арқылы ұза-а-ақ сөйлесетін болды. Каникулда Оралына кеткенде жүрегі алып-ұшып Астанаға асықты да тұрды. ...Ақыры ұшақтан қалып қойған Ернар Ақшынарға тартты. Жай ғана барған жоқ, жүрек сөзін айтты. Қыз қарсы болған жоқ. Ақтөбеде думан қызып жатқан кезде мына жақта да бір тойдың жоспары сызылып жатыр еді.
Еламанның тойы Ернар мен Шынарды ғана емес, көкшетаулық Ерназар Жаңатілек пен астаналық Арелана Амангелдиеваны да қосып кетті. Екеуі Ақтөбедегі тойға 1 ай бұрын билет алып қойған. Дәл бірнеше күн қалғанда «қырылысты» да қалды. Тіпті, екі адамдық купеге кіргенде де бір-біріне ләм-мим деп тіл қатқан жоқ. Ақтөбе вокзалынан бір-біріне жат адам секілді түсті. «Бұлай болмайды...», – деді бұлардың қабақтарындағы кірбіңді көрген Ақәділ деген досы Ерназарға. «Енді не істеймін, өзі ғой...». «Не істейміні несі? Той үстінде сөз сал!». Ақыры, солай істеді. Абырой болғанда, алдын ала сатып алған жүзігі өзінде екен. Гүлді Ақәділ жеткізді. Арелананың әуелде көзі шарасынан шығып кете жаздап, сәлден соң жүзі бал-бұл жанды: «Иә!». Қайтардағы әңгіме өзегі той қамы болды. Шымкенттік Әлішер Әлихан Оралдың аруы Альфия Хайзуллиеваға оқу бітіру кешінде сөз салған. Әуелі Альфия, араға бірер ай салып, Әлішер театрға жұмысқа тұрған. Той күні белгіленіп қойғанмен, Covid-ке байланысты мейрамхана басшылығы бас тартып, Шымкенттің бір шетінен әрең дегенде тойхана тапқанын қазір күліп айтады. Ал сол кезде әбден ұнжырғалары түсіп кетіп еді. «Өнер адамына үйленбеймін». Шымкенттік Бибол Байғараев оқуға түскенше солай дейді екен. Алматының сұлуы Нұрай Рысбекова кейіпкеріміздің бұл ойын быт-шыт қылған. Табиғатынан ақжарқын, жұртқа қолұшын созуды ойлап тұратын, қолы берекелі Нұрай бірте-бірте Биболдың жүрегін жаулап алыпты. Біздің жігіт Алматының маңындағы Райымбек ауылына шығарып салып жүріп, бірде телефоны қыздың қалтасында қалып кеткенін аңғарады. Ең қызығы, қыз ауданға кетуге тиіс болған. Жазғы каникулға кетіп бара жатқан сәт. Кетіп қалса, басқа телефон алудан басқа амал жоқ. Қырсыққанда қалтасында да көк тиын қалмаған. Он шақты шақырым жүгіріп кері қайтқан сәтінде ешқайда бармай, қолына бұның телефонын ұстап, күтіп отырған Нұрайды көргенде жүрегі елжіреп сала беріпті. Осындай сәттерден басталады ғой кейде сезім деген... Мекан Жұмабаевтың «Жылы орын» атты қойылымында екеуі басты рөлді сомдады. Қатты риза болып, спектакльге ұзақ қол соққан жұртшылық тағы бір тосынсыйға куә болды. Бибол қалың көрерменнің алдында Нұрайға үйлену туралы ұсыныс жасады. Арғы жағы ұзату, үйлену тойына ұласты. Музыкалық жас көрермендер театры бұлар үшін шынымен «Жылы орынға» айналды. Ақтөбелік Ислам Асылхан мен үрімшілік Мақпал Дүйсеннің арасындағы махаббат хикаясы үнді киноларының сюжетінен бір кем емес. Кем емес дейміз-ау, бұларды да қосқан сол үнді әні! Ислам мектепте жүргенде «Жизнь во имя любви» аталатын киноны көріп, әндерін жаттап алыпты. Үнді киносы «мода» болған біздің заманымыз емес, қазіргі уақытта үнді әнін шырқап жүрген бозбала жұртқа қызық көрінсе керек, сырт көзге қияли атаныпты. Әлқисса, «қияли» Ислам оқуға түсіп, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті ретінде Instagram-дағы әдемі қыздардың суретін қарап қойып жүргенде бір қызық оқиғаға тап болды. Астанадағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқитын бір қыз тура «бұның әндерін» айтып жүр екен. О, тоба, бұнысы несі? Әуелі Instagram-ына жазылды. Сосын бірте-бірте тілдесе бастады. Мақпал да әлгі әндерге құлай ғашық екен. Сөйтіп жүргенде, қыздың тобы мобильдік оқу жүйесімен 6 айға Жүргенов академиясына оқуға баратын болсын. Құдайдың құдіретін қараңыз, бір жатақханада тұрды. Екеуі қосылып айтатын болды әнді. Жұрт күліп жүрді. Бірақ бақытты жұптың жұрттың әңгімесін тыңдайтын уақыты жоқ еді... ...Кейін екеуі де театрға жұмысқа тұрған. Ернар мен Шынардың тойы өтіп жатты дүркіреп. Қаннен қаперсіз жүрген бұны кенет Асхат ағайы шақырды: «Ислам, сен жүре бермей, дәл қазір сөз сал Мақпалға». «Ағай, менің өз жоспарым бар...». Рас еді. Неше түрлі нұсқаны ойлап жүрген. «Ана жер...», «Мына жер...». Реті келмей жүрген. Енді ағайы бол-болға салады: «Жоспарыңды білмеймін, дәл қазір иіні келіп тұр. Тез гүл алып кел. Сақинаң қайда?». «Ағай, ақшам жоқ», – деді бұл қашқақтап. «Міне, ақша. Тездет!». Енді шегінетін жері жоқ еді. Дереу, дүкенге аттанды. Әдетте, той-томалақта бұл сөйлемейтін. Микрофонға қол созған сәтінде жұртшылық аңтарыла қараған. Ислам той иелеріне қысқа тілек айтып, Мақпалға бұрылды. Не айтып, не қойғаны есінде жоқ. Ақ жүзі алаулап кеткен қалыңдығының бас изегенін ғана біледі. Арғы жағы көрген түстей. «Ой, аға, менің тойымның быт-шытын шығарды ғой бұл», – дейді Ернар күліп. Той күні белгіленді. Аяқ астынан тағы бір проблема шықты. Қытайдағы саяси жағдайға байланысты Мақпалдың әке-шешесі, туыстары келе алмайтын болды. Қыз бала үшін өте ауыр, әрине. Жоқ болса, Құдайдың жазғаны дейсің ғой, өмірде бар әке-шешенің ең қуанышты сәтіңде маңдайыңнан сүйіп, қолынан ұзата алмағаны қандай жаман?! Өксіп-өксіп жылаған қыздың көзінің жасын Асхат ағайы мен оның зайыбы Нұргүл құрғатты. «Айналайын, сен – біздің қызымызсың! Өз қолымыздан ұзатамыз!». Қызды алып кетуге келген ақтөбеліктер қарсы алдынан «бауыздау құда» Асхат пен Нұргүлден бөлек, Нұрлан Өнербаев, Досымжан Таңатаров, Ұлықпан Жолдасовтар бастаған құдаларды көргенде әжептәуір сасып қалды. Өздері Ақтөбеден жақсы білетін Қанат пен Света Айтбаевтар да қыздың аға-жеңгесі болып «шіреніп» тұр. Қанаттың әкесі Құдайберген ақсақал бата берді. Келіншектер әзірлеген қыз жасауы да мықты екен. Осылайша, бар сән-салтанатымен ұзатылды Мақпал. Алыстағы ата-анасы тілеулес болып отырғаны хақ. Жалпы, Асхат – Мақпалдың ғана емес, осындағы барлық ұл-қыздың әкесіндей. Үйленетін бала әуелі бұған келіп ақылдасады екен. Қазақстанның әр жағының салт-дәстүрі әртүрлі ғой, соның жымын білдірмей жіберетін де Асхат. Ұлдың да, қыздың да әке-шешесі әуелі бұған келіп жолығады. Сосын той күндері белгіленеді. Соған ыңғайлап сол өңірге іссапар ұйымдастырылады. Сонда тойға баратындар үшін де ешқандай қиындық тумайды. Әйтпесе, бүкіл театр ұжымы тойға кетіп қалыпты деген қаңқу сөз абырой әпермейді ғой. Зайыбы Нұргүл екеуі қыз жағына да, ұл жағына да құда болып барады. Жастардың қалауы солай екен. – Ұжымдастардың бір-біріне жаппай үйленуі – көп бола бермейтін құбылыс. Бұның себебі неде? – дедім жастарға. – Асхат ағай: Үйленбесеңдер, жұмыстан шығарып жібермін деп қорқытады, – дейді жастар күліп. Әзіл, әрине. Бірақ үйленеміз деп сөз байласқанымен, созып жүріп алғандарды директордың «тездетіп» жіберетіні рас екен.
Асхаттың айтуынша, жастардың ойнайтын рөлдерінің дені – ғашықтық туралы драмалар. Кейіпкерлерінің бойындағы адалдық, бір-біріне деген іңкәр көңіл бұларға да «жұқпай» тұрмайды. Бір рөлді сомдауға қаншама уақыт кетеді, сол кезде бірге жүріп-тұрады, ақылдасады, ренжіседі, татуласады, ақырында етене жақын болып кетеді. Бұл да тағы бір жас шаңырақтың көтерілуіне себеп болып жатады. «Жалпы, артистер туралы қарапайым жұртшылық жақсы ойламайды. Ажырасқыш та, бір-бірінің сыртынан өсек тасып, ту сыртынан пышақ ұрғыш та біз болып көрінеміз. Бірақ олай емес. Біз осы театрды бақастық пен күншілдіктен ада отау еткіміз келеді. Жас бала майысқыш шыбық сияқты ғой, біз сол шыбықтың түзу өсуі үшін барымызды саламыз», – дейді Асхат. – Сол үшін де ең бастысы, ұжымдағы ауызбірлік. «Театр-үй» деген ұғым бар. Өнер адамының құттыхана-мешіті – осы. Жұмысқа адам қуанып келіп, қуанып кетуі керек. Сонда ғана нәтиже болады». Өзі де 18 жасында 17-дегі Нұргүлге үйленіп, бір адамдай тұрмыстың қиындығын бастан кешкен Асхат әрбір жас отбасының жайын ойлап отырады. Қолынан келген көмегін береді. Репетиция жүріп жатқанда Нұргүлдің ет асып жетуі ұжым үшін үйреншікті жағдайға айналған. Айтпақшы, театрға белгілі тұлғалар жиі келіп тұрады. Нұрлан Өнербаев Саламат Мұқашевтың, әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген дәулескер күйші Ардақ Елеусіздің баласының тұсауын кескен. Бала демекші, «театрдың балалары» да көбейіп келеді. Шешесі рөл ойнап жатқанда, сахна сыртында әкесі баласын құшақтап тұратын сәт көп. Кейде керісінше де болып жатады. Балалардың алды апыл-тапыл жүре бастады. Ал аяғы шыққан баланы ұстап тұру қиын. Сондықтан да театрдың ішінен балаларға арналған бөлме ашылыпты. Қазір барлық жабдығы алынып жатыр. Енді әке-шешесі сахнада ойнап жатқанда, құйттақандай сәбилер де «өз бөлмелерінде» асыр салып жатады. «Театр-үйдің» бір мағынасы осы шығар... Былтыр жыл аяғында Тараздың түлегі Алмас Әбденов Талдықорған қаласының талдырмаш аруы Аяжан Бағдатқа үйленіп, жыл ұлан-асыр тоймен аяқталған. Бұлар – 13-жұп еді. Атыраулық Асхат Мұсағалиев пен Меруерт Танашеваның 14-жұп болып қосылғанын жоғарыда айттық. «Менің шамамда 18 жұптан асуы керек...» – деп қалды Асхат әңгіме үстінде. «Жо-жоқ, ағай, 20-дан асады...» дейді балалар шулап. Білгесін айтады да...
...Жұмыстан соң Асхатқа соғып ем, бос емес екен. Көп күтіп қалдым. Бір кезде екі жігіт шықты. Жастары мен шамалас. Екеуі де көңілді, бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп тұр. Асхаттан сұрасам, болашақ құдалар екен. Тойдың қамын ақылдасуға бұған келіпті. Демек, тағы бір шаңырақ көтеріледі деген сөз. Әзірге аты-жөндерін айтпай-ақ қоялық, ә? Ұзағынан сүйіндіргей!
P.S.
Былтыр TÚRKISTAN газетінде театр директоры Асхат Маемировпен «Қайта жарқыраған Гауһартас» атты сұхбат жарияланған болатын. Онда 8 ай ішінде 155 рет көрермен назарына ұсынылған Дулат Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасы хақында әңгіме өрбіп, арасында театр актерлерінің әлеуметтік жағдайы да сөз болған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мақалаға назар аударып, құзырлы орындарға тапсырма беріпті. Соның арқасында театрға жөндеу жасалып, Астана қалалық әкімдігі 7 отбасыға қызметтік пәтер берген. Мемлекеттің қамқорлығы жастардың қолтығына қанат бітіргендей. Ерекше құлшыныспен жұмыс істеп жүр.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ