Қайрат Байбосынов: Әншілік – маған Құдайдың берген сыйы
Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері
Қазақ қай дәуірде де әсем әнін шырқап, күмбірлі күйін шерткен. Ата жұртынан ауа көшіп бара жатса да «Елім-айлап», «Ағажай-Алтайлап» даланы сазбен идірген. Дүние есігін жылап ашқан баланы әнмен қарсы алып, өмірден озған жақынын әнмен шығарып салған.
– Кеңестік кезеңде Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков секілді бірен-саран тұлғалар болмаса, дәстүрлі әндер аз айтылды. Соның кесірінен халық санаулы әншілерді ғана білді, жастар ұлттық ән-күйлерден, жыр-термелерден хабарсыздау болып өсті. Қазіргі заманда осы олқылықтың орны толып жатыр ма?
– Өнерді дәріптеуіміз жақсы деңгейде. Талай сен тұр, мен жырлайын дейтіндей мықты өнерпаздарды даярлап, ұлы өнер жолына аттандырып жатырмыз. Бүгінде Астанадан ашылған Қазақ ұлттық өнер университеті, Алматыдағы қара шаңырақ Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан ашылған Өнер, мәдениет және спорт институты, Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі осы бағытта жұмыс істеп отыр. Барлық облыс орталықтарының бәрінде ән-күй, ұлттық өнерді үйрететін оқу орындары ашылған. Сондықтан насихатымыз, оқытуымыз жаман емес дер едім. Бұрын дипломы бар жастарды «Қазақконцерт», Филармония сынды мекемелер министрліктің жолдамасымен жұмысқа қабылдайтын. Қазір мұндай жүйе жоқ. Заманға сай қазір әркім өзі жұмысқа орналасуы керек. Біз оқытып, бар білгенімізді үйреткенімізбен, шәкірттеріміздің жұмысқа орналасуы қиын-ақ. Талай талантты азаматтарымыз халыққа таныла алмай қалды. Қазір дәстүрлі әншілердің көбісі жұмыссыз. Жұмысы болса да айлығы шайлығына жетпейді. Өйткені жалақылары 80-90 мыңның шамасында. Күнкөрістің қамымен тойға шығады.
– Дәстүрлі әншілердің тойға шығуы кәсіби өнерлеріне кері әсер ете ме?
– Қазір той да кәсіптің бір түріне айналды. Той әншінің ойын өнерге емес, халықтың тастайтын тиын-тебеніне бұрады. Жиында әнді дұрыс айтып тұр ма, жүрегімен жеткізіп тұр ма, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Орындап берсе болды. Ал сахнаға шыққанда халық қас-қабағыңа қарап отырады, сен де халықтың көңіл-күйін бақылап тұрасың. Сахнада қандай ән орындасаң да махаббатпен, ықыласпен жеткізсең, халық рахаттанып ұйып тыңдайды, зор ықылас білдіреді. Кеңес Одағының ұстанған идеологиясы мен саясаты қатты болғанымен, өнер, мәдениет, әдебиетті қолдауын жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, атағы жер жарған оркестрлер, ансамбльдер сол кезде құрылды. «Гүлдер», «Айгүл», «Алатау», «Дос-Мұқасан» ансамбльдері сол кездің өзінде ұлттық нақышынан, дәстүрінен айырылған жоқ. «Гүлдердің» өзінде эстрадалық ән, би болды. Кейін рухани тоздық па, ақшаның құлы болдық па, білмеймін, барымыздан айырылып қалдық. Былтыр Мәдениет және спорт министрі болып тұрған кезінде Ақтоты Райымқұлова жабылған «Гүлдерді» қайта түлетті. Осындай игі істер көбейсе, дәстүрлі ән өнері жетімнің күйін кешпес еді.
– Еркін Шүкіман ағамыз бір сұхбатында «Дәстүрлі әншілерге кішігірім залдың өзін халыққа толтыру қиын» деп еді. Осы пікірге қосыласыз ба?
– Ол рас, қазір дәстүрлі ән кештеріне халық бармайды. 500 орындық концерт залында әр жерден шошайып отырған он шақты ғана адамды көресіз. Алғашында Астанада дәстүрлі ән кештеріне халықтың аз жиналуын қыстағы аяз бен бораннан болар деп ойласақ, Алматыда да, басқа жерлерде де солай екен. Мысалы, Қарағандыда қай жақтан концерт қоюға келсе де, халық лап қояды. Барған әншілер, өнерпаздар риза болып кетеді. Олар 90-жылдары халықты концертке шақыру мәселесін оң жолға қойып, сол дәстүрді сақтап қалған. Қазір де ұлттық нұсқадағы концерттерді өткізіп, жиі-жиі байқаулар ұйымдастырып тұрады. Халық та соған үйренген. Ұйымдастыру, әкімшілік мәселесін шешсек, залды тыңдарманға толтыру қиын бола қоймайды.
– Дәстүрлі ән қазақтың қаны мен жанынан жаралған өнер ғой. Эстрада неге оның алдын орай береді? Тыңдармандар түсінбей ме әлде дәстүрлі әншілер түсіндіре алмай жүр ме?
– Бүгінде эстрада дәстүрлі әнді басып озды. Өйткені эстраданың насихаты мықты. Қазақтың тойы – эстрада, сахнасы – тойға айналды. Тойға келген жұртшылық концерт тамашалап қайтатын болды. Ал концерттерде үлкен жастағы көрермендердің өзі бастарын изең-изең етіп әнге елітіп, селк-селк етіп билеп отырады. Соңында тіпті сахнаға шығып билеп кетеді. Осылайша, бүгінде той мен эстрада біте қайнасып кетті. Шоу бизнес пен той бизнес дәстүрлі әннің алдын осылай орап отыр. Соңғы жылдары денсаулығыма байланысты біраз емделдім. Қазір Құдайға шүкір, жағдайым жақсы. Жақында аяғымды сындырып алдым, сондықтан жұмысқа таксимен барамын. Айтайын дегенім, барарда да, қайтарда да көлікте радиодан эстрадалық әндер қосылып тұрады. Сосын осы күнгі эстрадалық әншілер қазақтың тілін бұрмалап, әнді бұзып айтады. Әнді қазақша айтады, бірақ шетелдік әнді орындап тұрғандай айтады. Бұрын әннің сөзіне көңіліміз толмайтын, мағынасы жоқ деп сынаушы едік. Сол әншілермен жылап көрісетін болдық, қазіргілер тіптен сорақы. Эстрада дәстүрлі әнді басып озды дегенімізбен оның да бет-бейнесі жоғалып бара жатыр. «Қазақстан деген елдің әні қандай?» дегенде өз бет-бейнемізді, елдігімізді дәріптейтіндей ән болуы керек қой. Біз өз елімізді насихаттауымыз керек. Шетелдің өнерін насихаттаудың қажеті жоқ. Шетел әнін екінің бірі біледі, қазақ әншілерінсіз-ақ тыңдап жүр. Олардың әнін қазақ әнімен араластырмаса, әнші бола алмай ма? Бүгінгі өнерпаздар сахнада той-домалақтың әнін айтады, халық залда билейді, әнші сахнада неше түрлі әңгіме айтып, шатып-бұтып тұрады. Халыққа әніңді дұрыс жеткізсең, жетіп жатыр. Әңгімені басқа жерде-ақ айтуға болады. Әншінің қандай екенін талғайтын, жақсысын, жаманын айыратын – халық. Ел ішінде сауатты, түсінігі терең адамдар көп. Алайда концерттерде дәстүрлі әншілерді топтастырады да, бір әнді хормен айтқызады. Ал күй тартыста әр күйдің басын бір шалдыртады. Өнердің әр саласы жеке-дара орындалмай, осылай топтасып жүрген соң тыңдаған елдің айызы қанбайды да, құлағына кірмейді.
– Халық әндерін эстрадалық нақышқа салу үрдіске айналды. Бұған көзқарасыңыз қалай? Өзіңіз эстрадалық әндерді орындауға кіріссеңіз, талай әншіні жолда қалдырар едіңіз...
– Кейде ойлаймын, мен опера әншісі болсам да, эстрадаға барсам да осы қазақ танитын Қайрат Байбосынов болар едім. Мені осы бағытқа бұрғысы келгендер, үндегендер болды. Бірақ таңдауым дәстүрлі әнге түсті, өз жолымнан таймадым. «Дауыс пен сөз сұлулығы – жан сыйы» деген Шәкәрім. Әншілік – Құдайдың маған берген қасиеті, сыйы, менің ең басты бақытым. Менің жас кезде өткен мектебім де мықты болды. Ауылымыздың талантты өнерпазы Игілік Омаровтың ән орындауын көріп өстім. Өте сырбаз әнші еді. Әр әнді жеріне жеткізе шырқайтын. Мен сол кісідей әнді құлпыртып, талғаммен жеткізетін, шөлдеген адамның мейірін мөлдір судай қандыратын орындаушыны ешқашан кездестірмедім. Ал халық әндерін эстрадаға салып жүргендер арасынан Димаш қазақтың әнін әлемге танытты, бүкіл дүниежүзін тәнті қылып жатыр.
– Жаһандану кезінде ұлттық мәдениет жауһарларын сақтау – кәдімгідей проблема. Сондықтан да шығар, мысалы, Еуропада фольклорлық музыкаға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіледі. Фестивальдар өте көп өтеді. Рок музыка керемет дамыған Финляндия өзінің халық әндерін аса құрметтейді. Солтүстік полюске жақын маңайда жыл сайын үлкен концерттер ұйымдастырады. Германия да солай. Біз бұл жанрдың көсегесін көгерту үшін қандай шаралар атқаруымыз керек? Қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Мәдениетке қатысты жаңа заң жобасы әзірленіп жатқанын естіп жатырмыз. Өнерпаздарымызға үй берілсе, біраз мәселе шешілер еді. Үйі жоқ адамның күйі қайдан болсын. Одан бөлек, теледидардан халық әндері айтылып, әншілер жайлы хабарлар берілуі керек. Мысалы, кезінде Жәнібек Кәрменов пен Ақселеу Сейдімбек жүргізген, Ілия Жақанов екеуіміз тізгіндеген хабарлар арқылы халық білмей келген, естімеген әндер тарихы айтылды. Осындай хабарлар жасаса, халық көреді, әндерді тыңдайды. Алаштың дәстүрлі әні – ұлттың тарихымен тамырлас. Бұл – қазақтың қоржынында сүр еттей сақталған қымбат қазына. Киелі домбыраның қос ішегімен үндескен дәстүрлі әнді тыңдаған сайын жүрегің жібімей, көңілің көкке өрлемей тұра алмайсың. Ғасырдан-ғасырға ұласқан сарын осы күнге аман жетсе, оның себебі – халық өнерінің өміршеңдігі деп ойлаймын.
– Қазақтың ән өнерін Арқа, Жетісу, Сыр, Батыс, Шығыс деп өңірлік мектептерге бөліп жүрміз. Алайда кейбір ғалымдар дәстүрлі ән мектепке емес, сарынға жіктелгені дұрыс дейді. Осыны тарқатып өтейікші.
– Әндерді Арқа, Жетісу, Сыр, Батыс, Шығыс деп мектептерге бөліп жібердік. Бұл дұрыс емес. Арқа болса Біржанның, Ақанның әні, Жетісу болса Қапездің әні, Батыс болса Мұхиттың әні деп хабарлайды. Өнерді жіліктеп мектепке бөлу айналып келгенде трайбализмге әкеп соқтыратын дүние. Концертте әншілерді алалау кең етек жайды. Сосын «Арқаның әншісін шақыр», «Жетісудың әншісін шақырма» деп отырғандары. Бүгінде аймақтарда оқу орындары ашылып жатыр. Мәселен, осы Астанада Арқадан, Жетісудан, Сырдан, Батыстан, Шығыстан дәстүрлі ән өнері бойынша оқытушыларды сабақ беруге шақырдық. Шәкірттер барлық өңірдің ән өнерін біліп шыққаны дұрыс. Оның үстіне қазіргі оқытушыларымыз құр өлең айтумен шектелмей, ізденіс үстінде. Өзім 500-дей әнді нотасымен антология етіп кітап шығардым. Өнерге жаны ашитын қалталы азаматтың көмегімен «Сыр сандық» аудиокітабым бес мың данамен шықты. Енді шәкірттерім осы жолды жалғастырып, ізденуші, зерттеуші болып жатыр. Докторлық дәрежесін қорғағандар да бар. Бұл, әрине, бізді қуантады.
– «Хассақ», «Тұран» ансамбльдерінің шетелде қойған концерттерін еуропалықтар ұйып тыңдайды екен. Құдды бір тарих қойнауынан көшпенділер тіріліп келгендей таңғалады. Өзіңіз де талай жердің дәмін таттыңыз. Осы орайда дәстүрлі әнімізді әлем жұртшылығы қалай қабылдайды деп сұрағым келіп отыр.
– Кезінде Еуропаға барып ән салғанда халық есі шығып тыңдайтын. Бізге ешкім тас ғасырынан келгендер деп айтқан емес, қайта керісінше тамсаннып, қайран қалып, қол соқты. Өнерімізге бас иді. Содан бері көп нәрсе өзгерген жоқ. Еуропада 30 мың халықтың алдында ән салғаным әлі есімде. Кеш қарайып қалған уақыт. Қырсыққанда микрофон жөнді істемей қалды, амал жоқ микрофонсыз айттым. Ашық аспан астында салған әнімді халық сілтідей тынып тыңдады, бір жан тырс етіп дыбыс шығармады. Тек әр жерден жылт-жылт еткен темекінің шоғы көрініп тұрды. Ән аяқталғанда бәрі риза болып айқайлап, шулап шыға келді. Ал сіз атаған ансамбльдерді шетелдіктер арнайы шақыртады және концерттері аншлагпен өтеді. Шетелдіктер музыканы әуестеніп тыңдайды. Ұзақ қол шапалақтап, жібергісі келмейді. Концерттік сапармен АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Испания, Италия, Түркия, Қытай, Бирма, Сингапур, т.б. елдерде болып, ұлттық өнерімізді таныттық, қазір барсақ та солай қарсы алады деп ойлаймын.
– Иә, Құдайға шүкір дейміз, дәстүрлі әннің жоқтаушылары да, орындаушылары да бар. Бірақ қарапайым халық неге төл өнерімізді жете танымайды?
– Кезінде «Гүлдер» ансамблімен, атақты оркестрлермен әлемнің талай елін араладық. Мәскеуге барған сапарымызда жұрт ағыл-тегіл келді. Сонда көбі студенттер, аспиранттар, сол жақта жұмыс істеп жүргендер. Олар концертті бір емес, бірнеше рет келіп көретін. Билет жоқ, жетіспейді. Сонда да келетін. Ол уақытта жастардың кеудесінде «Туған елім, туған жерімнің өнері» дейтін намысы бар еді. Қазір жастарда патриоттық сезім азайып кетті. Қалалықтар екі тілде сөйлейді. Есік алдына шықсам, көрші балалар сәлем береді. Қазақшалап амандасады да ары қарай орысша сөйлеп кетіп бара жатады. Өзім қатарлы көрші кемпірлер балаларымыз қазақша сөйлеуді қойды деп зар илеп отыр. Орысша араластырып сөйлеу дегенің қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Бәрі сол тілге ынта қояды. Қазақ тілін екінші орынға қойып, бейшараның тілі санайтындар көп арамызда. Бұрын Ауыл шаруашылығы, Мал шаруашылығы институттарының өзінде оркестрлер болатын. Атақты күйшілерді шақырып, талапты, талантты балаларға күй үйрететін. Ол уақытта студенттер тойға, туған күнге бара қалса, ақындардың өлеңін жатқа оқып, топтың алдына шығып, сайысқа түсіп жататын. Ән салатын өнерпаз көп болатын, сондай үлкен бір толқын пайда болды. Кейін не болғанымызды білмей кеттік, қазір отырыстарда өлең оқитындарды өз басым сирек көремін. Сонау 2000-жылдары ақын Ғалым Жайлыбай екеуіміз Алматыдағы бір мектепке барып кездесу өткіздік. Онда ауылдан келген қазақ балалар оқиды екен. Жиналған балалар суырылып шығып өздері шығарған өлеңдерін оқып, домбырамен ән айтты. Олар ауылдан келген бастауыш сыныптың балалары болатын. Бұл сол уақыттағы тіліміздің тазалығын, ойымыздың құнарлылығын көрсетеді. Сол балалар ешкімге еліктеп-солықтамай-ақ алға қойған арман-мақсаттарына жетті деп ойлаймын. Менің бір байқағаным, дәстүрлі мектептерде оқитын балалар мен батыстың скрипка, фортепиано сынды аспаптарында ойнайтын балалар – екі бөлек әлем. Дәстүрлі топтың балалары қазақи, алдыңнан кесе өтпейді, сәлем бермей кетпейді, айтқан шаруаңды жасай қояды, тілалғыш, сабаққа да қатысады. Олардың бойларында ізгілік, сезімталдық бар. Обал, ұят, сауапты айыра біледі. Бір-біріне қамқор, тілеулес. Бірінің білмегенін екіншісі үйретіп жатады. Ал енді басқа еуропалық, эстрадалық бағыттағы оқып жүрген шәкірттер состиып тұрады. Әрқайсы бір-бір жұлдыз, «Здрасьте!» деп ауыздарын әрең жыбырлатады. Кейде шыдамай ұрысып аламыз. Бұрын біз оқытушылар мен ғалымдар келе жатқанда ысырылып жол беріп, амандасатынбыз. Бұл ұлттық тіліміз, дініміз, діліміз, жүрегіміз ата-анамыздан алған тәрбиеміз осыған ықпал етті. Біз кітап оқыдық. Шығармалар желісімен қиялға шомып өстік. Ал қазіргі жастар интернет, теледидар қарайды. Содан көргенін үйренеді, қайталайды.
– Дәстүрлі ән төңірегінде де зерттейтін мәселе көп секілді. Бір мектептің әні басқа мектепке телінетін жағдайлар жиі кездеседі. Ақ-қарасын ашып зерттеп жүргендер де аз. Мысалы, «Самалтау» Сапалай Исатайұлының әні дейді, бірақ оған қарсы дау айтатындар да бар. Осы ән туралы айтар ойыңызды тыңдасақ.
– Сапалай Жаңаарқада туған, менің жерлесім. Сапалайды Ілия Жақанов жақсы зерттеді. Оның да ата-бабасы Жаңаарқада туған. Жылда біз жаққа келеді, келген сайын Сапалайды зерттейді. Бүгінде Сапалайдікі аталып жүрген 1-2 ән бар. Басқа әндері табылған жоқ. Сапалай өнерпаз болған, ән салған, сері адам болған. Бүгінде бар әндері менде блокнотымда нотасымен жазулы тұр. Ал «Самалтау» – 1916 жылы қазақтан әскер алған кезде шыққан ән. Бізде осындай авторы белгісіз әндер көп. Мысалы, мен «Мұхида-Шайбан» деген әнді айтамын. Бұл да халықтың сонау ескіден келе жатқан әні.
– Дәстүрлі ән өнерінде өз шәкірттеріңіздің арасынан және жалпы әншілер арасынан жақсы көріп тыңдайтын өнерпаздарды атай аласыз ба?
– Шәкірт дегенде ойыма оралып отыр, Алматыдағы консерваторияда «Халық әндері» кафедрасын алғаш Жәнібек Кәрменов, Алмас Алматов және мен бірлесіп аштық. Сол кезде Жәнібекте де, менде де диплом жоқ. Бірақ халықтың әнін сақтап, үйретуге адам керек. Бірақ ол кезде менде Еңбек сіңірген әртіс деген атағым бар-тұғын. Соның арқасында Консерваторияның сол уақыттағы ректоры Д.Қасейінов өкіметке хат жазып, басшылық бізді қолдап, дипломсыз-ақ кафедра аштық. Кейін диплом қажет болатынын түсініп, Ж.Елебековтен дәріс алып, эстрада-цирк студиясын оқып, кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірдім. Астанаға келіп те «Халық әндері» кафедрасын аштым. Айтайын дегенім, біздің дипломымыз емес, оқытқан ұстаздарымыз мықты болды. Естіген әңгімелеріміз, тыңдағанымыз көп болды. Ұмыт болған, сирек орындалатын әндерді қалпына келтіріп, халық арасына таратуда елеулі еңбек еттік деп ойлаймын. Сондықтан бізді халық ән университетін бітіргендер десе де болатын шығар. Ал сұрағыңызға келетін болсақ, шәкірттерімнің атын атау мен үшін қиын, өйткені олар өте көп. Одан кейін, бірін мақтап, бірін айтудың керегі жоқ деп ойлаймын. 1977-78 жылдан бері оқытушылықпен айналысып келемін. Осыған дейін 300-дей шәкірт тәрбиеледім. Қазір де университетте сабақ беремін, өнерімді шәкірттеріме үйретіп жүрмін. Шәкіртім өзімнен озсын деймін. Өзім ұстазым Жүсіпбек Елебековтің тағылымын ұстанамын. Ұстаз берген тәлім-тәрбие маған артылған аманат секілді көрінеді. Ал өзімнің мақсатым – сан ғасырлық сырға толы тағылымды тарихы бар халқымыздың дәстүрлі ән өнерін табиғи қалпында, еш өзгеріссіз кейінгі ұрпаққа жеткізу, ұстаздарымнан үйренген дүниелерімді бұзбай-жармай шәкірттеріме үйрету.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ