Жаңалықтар

Президент Конституцияға өзгеріс енгізу жобасын Конституциялық кеңеске жолдады

ашық дереккөзі

Президент Конституцияға өзгеріс енгізу жобасын Конституциялық кеңеске жолдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін парламент мақұлдаған конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасын Конституциялық кеңеске жолдады деп хабарлайды Орталық Азияның жаңалықтар қызметі.  "Нұрсұлтан Назарбаев негізгі заңның 72-бабына сай Конституциялық кеңеске заңда көрсетілгендердің конституцияда белгіленген құндылықтарға, мемлекетті басқару формасы мен қызмет етуінің негізгі ұстанымдарына сәйкестігін қарауды сұрап жүгінді" делінген бүгін президенттің ресми сайтында жарияланған хабарламада. Қазақстан парламенті 3 наурызда қарауына түскен конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бүгін соңғы оқылымда мақұлдаған. Құжатта конституцияның 19 бабына 26 өзгеріс енгізу қарастырылған. Биліктің мәлімдеуінше, өзгерістер президенттің бірқатар өкілеттіліктерін үкімет пен парламентке беру үшін жасалып жатыр. Заң жобасында президенттің мемлекеттік бағдарлама мен мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын барлық органдар жұмысшыларының еңбек ақысы мен қаржыландырудың ортақ жүйесін бекіту өкілеттілігі үкіметке беріледі. Үкімет президент емес, парламент мәжілісі жаңа сайланғанда отставкаға кетеді. Министрлер лауазымына кандидаттарды президентке премьер-министр ұсынады. Тек сыртқы істер, ішкі істер және қорғаныс министрлерін президент бұрынғыдай өзі тағайындайды. Қазақстанның бірінші президентінің мәртебесі конституцияның тағы бір бабында айқындалып көрсетіледі.