Қоғам

Ақтөбеде күзетшіні соққыға жығып, құрылыс нысанына ұрлыққа түскендер ұсталды

polisia.kz

Ұсталған екі жігіт кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ақтөбеде күзетшіні соққыға жығып, құрылыс нысанына ұрлыққа түскендер құрықталды, деп хабарлады turkystan.kz.

 3 ақпанда таңғы мезгілде Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабындағы құрылыс нысандарының бірінен құны 340 мың теңгеден асатын құрылғыларды ұрлап, күзетшіні ұрып-соққан күдіктілерге қатысты жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. 

Патрульдік полиция қызметкерлері екі жас жігітті ұстады.

«Тергеп-тексеру барысында облыстағы ауылдардың бірінде тұратын екі жігіт қоршаулы құрылыс нысанына жасырын кіріп, жабық тұрған контейнердің құлпын бұзу арқылы дәнекерлеу аппаратын, болгарка, монтаждау құрылғылары, бірнеше метр сымдар мен кабельдер т.б. материалдарды ұрлап, қашып кеткені анықталды. Сонымен қатар күдіктілер ұрлаған заттарын алып шығу үшін трактордың кілтін тартып алмақ болып, сол жердің күзетшісін ұрып-соққан», – делінген Polisia.kz сайтының хабарламасында.

Ұсталған екі жігіт кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардан ұрланған заттар тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.