Спорт

Александр Бублик Монпелье турнирінің екі дүркін жеңімпазы болды

АТР

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 37-ракеткасы, хорватиялық, 27 жастағы Борна Чоричпен ойнады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Александр Бублик Монпелье (Франция) ATP 250 турнирінің чемпионы атанды.

Қазақстанның көшбасшы теннисшісі финалда әлемнің 37-ракеткасы, хорватиялық, 27 жастағы Борна Чоричпен ойнады. Хорватиялық спортшы осыған дейін Марракеш, Галле және 2022 жылы Цинциннати мастерс турнирінде үздік шығып, әлемдік рейтингіде 12-орынға дейін көтерілген еді. 

Қарсыласынан бір жас кішілігі бар А.Бублик бұдан екі жыл бұрын осы Монпелье, өткен жылы Антверпен және Галле жарыстарының чемпионы атанған болатын. Бірінші партияда қазақстандық теннисші 3:0 есебімен алға кеткенімен, сол басымдылығын ұстап тұра алмады – 5:7. Есесіне екінші сетті қос брейкпен өз пайдасына жазды – 6:2. Үшінші, шешуші партияда А.Бублик тағы да брейкпен алда болды – 2:0. Осы қарқынынан ақыры танған жоқ – 6:3. 

Екі сағат 20 минутқа созылған финалдық бәсеке барысында Бублик 19 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Қарсыласы 5 эйс, 2 брейкпен (7 брейк-пойнт) шектелді. 

Осылайша, Александр Бублик Монпельеде екінші рет чемпион атанып отыр.