Шетел азаматы ұшақта бомба бар екендігін хабарлаған
Оған ірі көлемде айыппұл салынды
Терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген шетел азаматына 2,5 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлады turkystan.kz Халық үніне сілтеме жасап.
Көліктегі ПД 2023 жылдың күзінде көліктегі полиция департаменті қызметкерлерімен 36 жастағы шетелдік азамат Астана – Санкт-Петербург бағытындағы әуе рейсінде терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін ұсталған болатын.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Тергеу барысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінген. Ол отбасылық жанжалдан кейін жұбайы Санкт-Петербургке ұшып кетпекші болғандықтан, осындай ойланбаған қадамға барғанын түсіндірді.
Қаңтардың соңында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен аталған азамат кінәлі деп танылып, оған 750 АЕК, яғни, 2 млн 587 мың 700 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды, – деді департамент бастығы Бақытжан Малыбаев.
Оның айтуынша, мұндай қадам жасаудың себептері әртүрлі, нақтырақ айтқанда абайсыз жеңіл-желпі сөйлегеннен бастап, қасақана бұзақылыққа дейін. Көбіне мұндай қылмыстарды азаматтар масаң күйде жасайды.
Өкінішке қарай, азаматтар әлі күнге дейін осындай теріс қылықтар үшін жауапкершіліктің ауыр екенін біле бермейді. Көлік инфрақұрылымы – объектілері бір уақытта өте көп адам шоғырланатын нысан. Сондықтан мұндай қауіпті сөздерден кейін бірден құқық қорғау органдарының қызметкерлері объектіні қоршауға алып, адамдарды эвакуациялап, шұғыл қызметтер іске қосылып, рейстер тоқтатылады немесе кешіктіріледі, – деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.
Сондай-ақ ол терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен не сол мерзімге бас бостандығынан айырумен қылмыстық жауаптылықты көздейтінін еске салды. Сонымен қатар, жалған террористер сот шешімі бойынша оқиға орнына жұмылдырылған жедел әрекет ету қызметтерінің барлық шығындарын толық көлемде өтейді.