Қызылорда облысында адвокат мектеп есепшілерін қорқытып, ақша талап еткен
Бүгінгі күні сот үкімі заңды күшіне енді.
Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Жаңақорған аудандық сотының үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады turkystan.kz.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен тергеу органымен О.Курбановқа ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 3-бөлігі 2)-тармағымен айып тағылды (ірi мөлшерде мүлiк алу мақсатында қорқытып алушылық).
Аталған тұлға бірнеше рет ірi мөлшерде бөтеннің мүлкін мәжбүрлі түрде талап еткен. Ал талабы орындалмаған жағдайда жәбiрленушiлердің немесе олардың жақындарының мүдделерiне елеулі зиян келтiруi мүмкiн өзге де мәлiметтердi тарататынын айтқан.
«Адвокат О.Курбанов 13 мектептің және аудандық білім бөлімінің бас есепшілерінен 6 млн 900 мың теңге талап етіп, бермеген жағдайда облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне арызданатындығын, одан әрі қылмыстық іс қозғалатындығын, салдарынан ауданның абыройы түсіретіндігін алға тартқан», – делінген хабарламада.
Сотталғанның кінәсі жинақталған және сот мәжілісінде жан-жақты, толық, объективті бағаланып, тағы да басқа сотта зерттелген іс материалдарымен толық дәлелденген.
«Одан әрі іс апелляциялық сатыдағы сот алқасында 2024 жылдың 11 қаңтарында сотталған О.Курбанов пен оның адвокатының шағымы негізінде қаралып, нәтижесімен үкім өзгеріссіз, шағым қанағаттандырусыз қалдырылды», – делінген хабарламада.
Бүгінгі күні сот үкімі заңды күшіне енді.