T-Newspaper

ҚазҰУ-дағы салтанат

turkystan.kz

Семинарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика  факульте­ті­нің аға оқытушысы Серік Жұмабекұлы «Túrkistan газетіне 30 жыл» тақыры­бын­да баяндама жасады.

Өткен аптада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осы білім ордасының 90 жылдығы аясында халықаралық Túrkistan саяси апталығының 30 жылдығына орай «Túrkistan апталығы және қазіргі қазақ баспасөзінің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Оған Túrkistan газетінің бұрынғы қызметкерлері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің басшылары, оқытушылар және студенттер, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Се­ми­нарды ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы, филология ғы­лым­дарының кандидаты Темірғали Көпбаев жүргізіп отырды.

Семинарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика  факульте­ті­нің аға оқытушысы Серік Жұмабекұлы «Túrkistan газетіне 30 жыл» тақыры­бын­да баяндама жасады.

Өз сөзінде ол басы­лым­­ның қазақ баспасөзіндегі орны ту­ра­лы айта келіп: «Túrkistan газетінің жур­­­­налистері басылым жарық көрген күн­нен  бастап, күні бүгінге дейін  тәуел­сіз мемлекеттің қалыптасуы мен  ұлтты рух­тандыру  жолында талмай ізденісте ке­леді. Газет бетінде қаншама күрмеуі қиын тақырыптар  көтерілді, елдің тіз­гінін ұстаған азаматтармен бірге қан­ша­ма қоғамдық құбылыстар талқыланды. Халқымыздың даңқты перзенттерінің бұған дейін толық ашылмай келген кел­беттері  жаңа қырынан жарқырай түсті. Túrkistan газеті арқылы қазақ  қоға­мын­да жаңа тұлғалардың жаңа бейнелері жа­салды. Túrkistan газеті Мұстафа  Шо­қай­­дың түбі бір түркі жұртының отын өшір­­меу идеясы, асыл арманын қайта жаң­ғыртты. Осы қасиетті идеология бү­гінде Түркі жұртының қара шаңырағы – Túrkistan газетінің басылымының мұра­ты­на айналды» − деп, жоғары баға берді.

Бұдан кейін сөз алған «Túrkistan» га­­­­зетінің бас редакторы Бауыржан Баба­жан­ұлы басылымның қазіргі кездегі бет-бейнесі жайында, газет журна­лис­те­рі жазып жатқан тақырыптар мен олар көтеріп жүрген өзекті мәселелердің маңы­зы туралы әңгімеледі. «Осы жылдың 28 қаңтарында Túr­kistan газетінің шыға бастаға­ны­на 30 жыл толды. Бүгін сол атаулы да­таға орай газетіміздің арнаулы нөмірі шық­ты. Соған орай Қазақтан Респуб­ли­ка­сының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жол­да­ды. Сондай-ақ Сенаттың, Мәжілістің тө­ра­ғалары, Мәдениет және ақпарат ми­нистрі, Қазақстан Жазушылар ода­ғының төрағасы да құттықтау хаттарын жол­дап, газеттің мерейлі мерекесімен құт­тықтады. Арнаулы нөмірде газеттің алғашқы нө­мірінен бастап бүгінге дейінгі аралық­та жарияланған ақпарат, құнды мәлі­мет­­тер берілді, газет ардагерлерінің ес­те­­ліктері жарияланды.

Túrkistan газетінің басты бағыты − түр­­кі халықтарының бірлігі екені бел­гі­лі. Кейінгі кезде біз «Түбі бір түркі» ай­­дарын ашып, онда қарақалпақ, татар қа­ламгерлерімен сұхбаттар жарияла­дық, ноғай, құмық, гагауз, әзербайжан ха­­лықтары туралы материалдар жа­рия­ладық. Сонымен бірге әлемнің алпауыт ком­панияларында табысты еңбек етіп жат­қан талантты қазақ жастарымен сұх­баттар үзбей беріліп келе жатыр жә­не қазақ мәдениетіне, қазақ тіліне қы­зыққан, үйреніп жүрген өзге ұлт өкіл­дері, шетелдіктер жөнінде қызықты ма­­­­териалдар жарияланып келеді. Одан өз­ге түрлі әлеуметтік мәселелер мен қо­­­­ғамда талқыланып жатқан тақырып­тар назарымыздан тыс қалмай, үнемі сарап­тамалық мақалалар беріліп келеді. Сырт­тағы қандастардың тыныс-тірші­лігі­не  де әрдайым көңіл бөліп отырамыз. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі Túrkistan га­­зеті өз дәстүрін жалғастырып, ақ­са­қал­да­рымыз салып кеткен сара жолдан ай­ны­май өз деңгейінде шығып келеді, − деді Бауыржан Бабажанұлы.

Бұдан соң сөз алған Túrkistan га­зе­тінің ардагерлері − Қазақстан Рес­­публикасының еңбек сіңірген қай­рат­кері Тынышбек Дайрабай, Қазақ Пре­зиденті стипендиясының иегері, бел­гілі журналист қаламгер Көлбай Адыр­бекұлы, бірнеше кітаптың авторы Таң­сұлу Алдабергенқызы, Есенгүл Кәп­қы­зы, Динара Мыңжасарқызы, Túrkistan га­зетінің Алматыдағы меншікті тілшісі Ах­­мет Өмірзақ, фототілшісі Мақсат Құ­сайы­нов, газеттің белсенді авторла­ры­ның бірі, этнограф-ғалым Тәттігүл Қар­­­­таевалар сөз сөйлеп, өздерінің газет­те еңбек еткен жылдарындағы көрген қиыншылықтары мен жеткен жетістік­тері туралы әңгімеледі.  Жиын барысында ҚазҰУ-дың жур­на­листика факультетінің деканы Те­­мір­ға­ли Көпбай Túrkistan газетінің бас ре­дак­торы Бауыржан Бабажанұлына Әл-Фа­рабидің мүсіні мен Ұлы ұстаздың кі­лем­шеге салынған портретін сыйға тарт­ты. Сондай-ақ жиын соңында қатысу­шы­лар газеттің 2012-2019 жылдардағы Túrkistan газетінің фототілшісі болып ең­бек еткен Мақсат Құсайыновтың фо­то­көрмесін, газеттің әр жылдардағы нө­­мірлерінен құрастырылған көрмені та­машалады.

«Түркістан-ақпарат»