Қызылордада 235 қазақстандықты алдап кеткен алаяқ ұсталды
Шығын 2,9 миллиард теңгені құраған.
Қызылордада алаяқтық жасады деген күдікті ұсталды. Ол қазақстандықтарды 3 миллиард теңгеге алдады.
Бас прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлағандай, 30 қаңтарда Қызылордада азамат Р.К. Қаржауов ұсталды. Тергеу ер адамның 2021-2022 жылдары басқа адамдармен сөз байласып, азаматтарға жалған автокредит рәсімдегенін анықтады.
"Барлығы 235 адам зардап шекті, шығын 2,9 миллиард теңгені құрады. Тергеу барысында Қаржауов жасырынып, іздеу жарияланды. Қазір Қаржауов Қызылорда қаласының тергеу изоляторына қамалды", - деп хабарлады Бас прокуратура.
Айта кетейік, Қазақстанда аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.