T-Newspaper

Ғарифолла Құрманғалиев – фольклор жинаушы һәм жыршы

ашық дереккөз

Халық артисі, композитор, жоғары тынысты тенор әнші, педагог Ғарифолла Құрманғалиевтың ту­ға­нына – биыл 115 жыл.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық артисі, композитор, жоғары тынысты тенор әнші, педагог Ғарифолла Құрманғалиевтың ту­ға­нына – биыл 115 жыл. Осыған байланысты республикамыздың жер-жерінде оның есіміне құрмет көрсетіліп, еске алу іс-шаралары өтіп жатыр...  Ұстазымыздың шығармашылық ғұмырын шама-шарқымызша зерделеп келе жат­қа­нымызға да біраз жыл­дың жүзі болды. Ісіміз нә­ти­жесіз емес. Ол жайын­дағы зерттеулеріміз мер­зімді басылым бетте­рін­де, ғылыми жур­нал­дарда жарық көрді. Жария­ла­нып та жүр. Қай­сыбірі конференцияларда оқылып, сын­нан өтті. Кітап қылып шығардық. Бірақ ғари­фол­­латанудағы ізденісіміз мұнымен тәмам­дал­май­­тын тәрізді. Өйткені Ғарифолла Құр­ман­ғалиевтың дарыны тек әншілікпен ғана шек­телмейді. Өзге де  қыр­лары бар. Соларды же­ке-жеке қарастыру қажет­тігі туып тұр енді. Мы­на мақала сол жағдайға орай түзіліп еді...         Тума дарын Ғарифолла Құрманғалиевтың бойын­дағы әлі де жете ескерілмей жүрген әншіліктен басқа да  қырлар бар. Біз ғазиз ұстазымыздың фольк­лор жинауда атқарған қызметіне, жыршылық жа­ғына қатысты туған ой-пікірімізді, соған келтірген дәлел­дерімізді ортаға салмақпыз. Бұл мәселені алғаш рет қозғап, ғарифоллатанудағы тырнақалды еңбе­гі­міз – «Ғарифолла сал» атты (Алматы, 1998 жыл) кі­табымызға енгізген едік. Одан бері де жиырма ал­ты жыл өтіпті. Сол зерттеуімізді өңдеп, тың дерек­термен толықтырып, жаңа тұжырымдармен көптің на­зарына қайта ұсынып отырмыз. Сонымен.   

Қазақтың қара өлеңі мен жыр-термесінің бү­гінгі күнге жетуіне өзіндік ұшан-теңіз үлесін қос­қан, ғасырлар бойы ауыздан-ауызға көшіп сақ­­­талып келе жатқан рухани қазынамыз дәс­түр­лі әншілік-жыршылық үрдісті жалғастырған алтын көпір – Ғарифолла Құрманғалиевтың му­зыкалық фольклор шежіресінде атқарған қа­жырлы еңбегі осы уақытқа дейін арнайы зерттеу ны­санасына ілікпей қағыс қалды. Көбіне-көп ән­ші ретінде ғана таниды. Фольклор тари­хын­да­ғы орны ғылымда әлі ескерусіз, осы қыры те­рең зерделенуі керек-ақ.  Өнертанушы Владимир Мессман «Га­ри­фулла – сал» деген зерттеу еңбегінде: «Га­ри­фулла сал известен и как этнограф», – деп жа­зады (Қараңыз: Мессман В. Гарифулла-сал. // Вечерняя Алма-Ата. 27.07.1970 г.).  Ғарифолла Құрманғалиев этнография сала­сы­ның арнайы маманы болмаса да оның жұр­тымыздың тұрмыс-ғұрпы, шежіресі, фи­ло­со­фия­лық ойлары, тұжырымдары т.б. бейнеленген ән-жырымызды ел ішінен жинап, олардың кем-кетігін түзеп, толықтырып, жүйелеп, фо­но­те­калық қорға тапсыруы, ноталарға түсіртуі, сон­дай-ақ сахнада насихаттауы, білім саласында шә­кірттеріне үйретуі – этнографқа тән іс-әре­кеттермен ұштасқан еді. Олай болса, В. Мес­сман­ның: «Гарифулла сал известен и как этнограф», – дегені әділ сөз.  70-жылдары Қазақ радиосының «Балалық шақ­қа саяхат» атты тұрақты жүргізіліп тұрған бағ­дарламасына қатысқан бір сәтінде Ғарифолла ата Құрманғалиев: «Репертуарымдағы жетік мең­герген әндерім 300-400, ал шала білетінім 500-дей (қайталап пысықтауды қажет ететін деге- ні. –Б.К.)», – деп еді (Бұл жазба-дыбыс жеке архи­ві­мізде сақтаулы).  «Бабалар сөзі» сериясымен жарыққа шыққан жи­нақтардың бірінде түзілген мына сөздер де – Ғарифолла Құрманғалиевтың этнограф яғни, фо­льклор жинаушысы екенін дәлелдейтін нақты айғақ, онда былай делінген: «Батыс Қазақстан об­­­лысының қырық халық әні. Орталық мұра­ғат­тың жеке қорында көк түсті 20 беттік оқушы дәп­теріне әнші Ғ.Құрманғалиевтің айтуынан жа­зылған (ҚР ОМА, Ғарифолла Құрманғалиевтің же­ке қоры: №1700, №1 тізбе, №6 іс, 10 парақ. Сбор­ник 40 народных песен Западно-Казах­стан­ской области / Сборник нот казахских народных песен. Рукопись на казахском языке. Сообщил: Заслуженный артист Казахской ССР Гарифулла Кур­мангалиев. г.Алма-Ата. 3 октября 1947 г.) қол­жазба жинағы сақталған. Онда әншінің жеке орын­дауындағы, әсіресе Батыс Қазақстан айма­ғына тән «Өзен бойы», «Сағындым, ... жер», «Ал, Айнам», «Үміт сазы», «Білек», «Жұбай», «Шынар», «Қарға», «Бала жұбату», «Салауат», «Қайран да, хал­қым, жерім-ай», «Қайлаулай», «Әдемі-ай», «Ром­тай», «Угай», «Қоныспай», «Әлібек», «Арал­бай», «Көкжар», «Қожай», «Қоштасу», «Алпамыс», «Қа­лилау» сынды қырық жыр-термелердің, ха­лық әндерінің нотасы мен мәтіндері жазылған (ас­тын сыздық.-Б.К.). Мәтіндер қазіргі қазақ әр­пінде көк қалам сиямен жазылып, бәріне та­қырып қойылып, жеке-жеке нөмірленген...»  Осында аталған өлеңдердің бірі – «Әдемі-ай­дың» мәтіні былай: «Ақ көйлек, қара бешпет, әдемі қыз, Тиген жоқ әлі ешкімге әлегіміз-ай. Жеделдес заманы бір құрбы ғой деп, Біз сенен әлі күнге дәмеліміз-ай. Ақ көйлек, қара бешпет делегейім, Болайық екеу жолдас елге дейін-ай. «Сыйламас танымасын» деген сөз бар, Құрбыға сыр білмейтін мен не дейін-ай». Біз үйренген «Әдемі қыздың» «Бірге өскен кіш­кентайдан құрбы ғой деп» деген жол­дары мұнда «Жеделдес заманы бір құрбы ғой деп» боп таңбаланған. Ұстаздың шәкірттеріне мең­­герткен осы әннің екінші шумағы мүлде бас­­қаша еді, ол: «Ақ көйлек, қызыл бешпет, белін буған, Жан едің қатарыңнан артық туған. Мен саған сүйгендіктен сөз айтамын,  Жан сәулем, арғы жағын өзің ойлаң», – де­лі­ніп келетін. Бірақ қай-қайсысының да мән-маз­мұны терең, сөз тізбектерінде көрініс тапқан, қа­тар-құрбысына ішкі сырды ұқтырудың бағ­зы­дағы астарлы емеуріннің, әдеп-тәртіптің үлгісіне куә боламыз...  Ғарифолла Құрманғалиевтың айтуында тап­сырылған архив қорындағы тағы бір ән – «Көк­жар». Бұл шығарманың мәтіні де, әуені де бұрын-соң­ды естілмеген. Көпке бейтаныс. Мұның да шу­мақтарын келтіре кетейік, онда бүй делінген: «Дәм татайық бұйырса-ей, шай қайнаса,  Бойы қызар жүйріктің айғайласа.  Тіршіліктің барында күл де ойна,  Не болады ер жігіт қайғы ойласа.  Дәйім менің мінгенім құла мойын,  Қыз-бозбала сылайды тұла бойын.  Сауық құрып, сайран сап, ән шырқайды,  Жігіт-желең жиылып, салып ойын». Ғарифолла атамыздың жеткізуіндегі кейін­гілер­ге белгісіз болып келген бұл сықылды басқа да халық мұраларының мәтіндерін, ноталарын ар­хивтен жарыққа шығарып, әншілер ре­пер­туарларына енгізуді қолға алу керек-ақ. Ғарифолла Құрманғалиевтың осындай баға жет­пес еңбегі ескеріліп, «Қазақ әдебиеті тари­хын­да» және былай таңбаланған: «Совет өкі­ме­тінің алғашқы жылдарында бұрыннан жатталып келе жатқан ауыз әдебиетінің әр алуан үлгілерін... жаңа дәуірде туған өлеңдерді жинап бастыру жұмысы айрықша күн тәртібіне қойылды. Бұған қа­зақтың ақын-жазушылары: Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуе­зов, Сапарғали Бегалин, Есмағамбет Ысмайы­лов пен бірге Қаныш Сәтбаев, Қалибек Қуанышбаев, Әліби Жангелдин, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев (астын сыздық.-Б.К.), Әміре Қашаубаев, Мұқан Асқаров, Қуан Лекеров, Әлкей Марғұлан тәрізді халықтың қалың ортасынан шыққан әр алуан мамандық ие­лері қатысты». (Қараңыз: Қазақ әдебиеті тари­хы. – Алматы: Қазақ ССР ҒА баспасы, 1964, 1-том, 2-кітап, 294-бет). Әдебиетіміздің шежіресінде Ғарифолла есі­мінің үлкен тұлғалармен осылай қа­тар аталуы тегін емес, жайдан-жай емес. Ғарифолла Құрманғалиевтың жеке ар­хи­вінен Ақпан жыраудың төрт жүз жолға жуық тол­ғауының табылуы пікірімізді бекіте түседі. Ақпан 1855-58 жылдары өткен отаршылық езгіге қар­сы көтерілістің басшысы Есет батырдың жа­сағында болған. Руы – Шекті, Жанқылыш ата­лы­ғы, оның Есенгелдісі. Қолдағы деректерге сүйен­сек, ол сол кезде жиырмалардағы балаң жі­гіт екен. Ақпан Есетті былай деп марапаттапты: ...Қарт бурадай қаһарлы, Патшаға қазақ бағынбас, Ер Есеттің діні азбай. Ер Есет елдің басы еді, Арыстандай азулы, Аруағы жұрттан озулы... Ақын сонау барақат кешкен ел-жұртының қы­зығы мол дәуренін сағына аңсай толғап, енді сол заманның көзден бір-бір ұшқанын, арманға ай­налғанын айтады. Мұңын, зарын көркем тіл­мен шебер жеткізген. Асқаралы тау, ағын су, Самалды тоғай, салқын ну. Ойласам естен кетпейді, Қоныс деген құрғырың. Біздер кеттік қоныстан, Шығарған соң сұм патша, Қырық мың әскер орыстан. Біз жыламай қайтеміз, Көрмеген жер – көрстан. Көрстан демей не дейін, Бесқалаға келген соң, Кетпен шауып, бел теуіп, Кетпейді балаң жұмыстан. Сарсыла көшер арқа жоқ, Салқындап қонар өлке жоқ, Кең қоныстан ауған соң, Айырылғаның ырыстан... Толғау ғылыми-әдеби теориялық тұрғыдан талданды, кітапқа енді. Қазақ поэзиясы тари­хын­­дағы ақын-жыраулар қатарына Ақпан Әйіт­бек­ұлы (1837-1874) есімі де орнықты (Қараңыз: Аса­нов Ж. Шекті Мөңке би Тілеуұлы. Ғылыми ба­сылым. – Астана: Елорда, 2001, 48-67 беттер).  Сондай-ақ араб әріптерімен өз қолынан таң­балап түзіп кеткен жазбалары едәуір. Бала Ораз шығармалары да бар екен. Басқа нұсқасы. Бұлар қолымызда.  Ғарифолла Құрманғалиев сал Мұхиттың он үш шығармасын профессор Б.Ерзаковичке но­таға түсірткен. Атап өтейік: «Ақиіс», «Алуаш», «Де­­­малыс», «Дүние-ау», «Көк «айдай», «Жайма қоңыр», «Жантелім», «Дәметкен», «Паңкөйлек», «Кі­ші «айдай», «Үлкен «айдай», «Айнамкөз», «Зәу­реш» (Қараңыз: Мұқит Мералыұлы. Әндер (Но­таға түсірген Б.Ерзакович, құрастырған М.Май­че­кин). – Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әде­биет баспасы, 1960 жыл).  Ғарифолла ата Құрманғалиев: «Мен бала кезден құмарландым әнге. Ағаларым – Ха­мидолла, Ғұбайдолла мені сандықтың үстіне шығарып мақтап-мақтап ән салғызады. Кейде өздері әдепсіздеу өлеңдерді де үйретіп қояды, оны да айтқызып қыран-топан күлкіге бататын... Қа­ратөбе жақта Әбуғалидың Құмары, Сағым­қожа, Сартай, Жарылқаған, Нұрмақан деген жыр­шылар болды. Халық соларды тамаша­лай­тын той-топырда, олардың жырын, әуен-саз­да­рын босағада тыңдап отырып-ақ қағып ала­тын­мын», – деп еске түсіретін-ді өнердегі алғашқы қа­дамы турасында. Осы дерегінен әнге ғана емес, жыр айтуға жастайынан талаптанғанын аңдауға бо­лады.  Ғарифолла Құрманғалиевтың жеке архи­ві­нен Ақпан ақын туындысының, «Құламерген» қис­сасының, Бала Ораз (ХІХ ғ. екінші жартысы) ай­тыстарының табылуы, сондай-ақ репер­туа­ры­на Махамбеттің (1804-1846), Аралбайдың (1854-1914), Сартайдың (1862-1922), Өмірдің (1887-1924), Құмардың, Сағымқожаның тағы басқа да эпик ақындардың терме-толғауларының мо­лы­нан енуі – әншінің жыршылық қырын танытады. Есімдері аталған осы жыршы-ақындардың түр­лі нұсқадағы әуездерінің бүгінгі күнге жо­ғал­май жетіп, сақталып қалуында да Ғарифолла ата Құрманғалиевтың атқарған еңбегі – орасан. Ұл­­­тымыздың мәдени генеофондына ол табыс­та­ған сол жыр саздарының үлгілері – батыс өл­кедегі жыршылық мектепті қайта түлетіп, жан­дандыруға нұсқа-жол, берік ұстын бола ала­тыны еш күмәнсіз ақиқат. Осы тұста тағы бір айта кетер жайт, олардың музыкалық құрылым­да­рына барлау жүргізіліп, ондағы лад дыбы­с­та­ры­ның өлшемдері, орналасуы, гармониялық үй­лесімі, динамикасы, қайырымдарындағы ек­пін-қуаты, т.б. бір-бірімен егжей-тежейлі са­лыс­тырылып, талдануы керек-ақ. Бұл да – кезегін кү­тіп тұрған өзекті һәм күрделі шаруа.  Ардақты ұстазымыздың өз аузынан естіген мына мәліметті баяндайық: «Театрдағы алғашқы ар­тистер ішіндегі жастауы едім. Сәкен Сей­фул­лин, Мұхтар Әуезов, Темірбек Жүргенов сияқты үл­кен кісілер бос уақыттарында бір жерге қы­дырса мені де ерте жүретін. Барған үйлерінде кар­та ойнайды, онан қалды әңгіме-дүкен құра­тын. Маған ән салғызады арасында. Сондайда Тем-ағаң: «Әй, Ғарифолла, «Қыз Жібекті айт- шы», – дейтін. Бастай жөнелем. «Жо-о-оқ, анау­сын айт, анаусын», – дейді. «Анаусын айт» деп отыр­ғаны «Қыз Жібектің» бұрмаланған анайы­лау шағын варианты бар-ды. Бұрынғы жыршы­лар сөздерін әдейі өзгерткен білем, күлкі туды­рып, көңіл көтеру үшін. Енді соған көшем. Жа­рық­тық, Темірбектер әйда кеп күледі. Төрден есік­ке шейін домалап қалатын ішектері қатып», – дейтін. Әншінің осы дерегі жыршылық дәстүрді ұстанғанын куәландырып тұр. Әрі ака­демик Ахмет Жұбановтың: «Репертуарының не­гізі Мұхит әндерімен қатар «Қыз Жібек», Бала Ораз ақынның айтыстарын айтып жүрді», – де­ген мәліметі де ойымыздың негізін айғақтайды (Қа­раңыз: Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. (Қа­зақ­тың әнші-композиторлары, әнші-орын­даушылары туралы әңгіме-очерктер) – Алматы: Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1963. 376-бет).  Әншінің үйінде, отырысымыз жарасқан са­ғат­­тардың бірінде, сөз арасында: «Ер Тарғынды» да айтқам», – деп еді ұстаз. Қазбалап сұрамадық. Бү­гіндері ойлап қарасақ, көп нәрседен ұты­лып­пыз.  Алайда оның жыршылық қырының көпке бел­гісіз болып қалуы қоғамдағы жағдайларға да қа­тысты-тұғын. 1947 жылдың 21 қаңтарында ҚК(б)П ОК-інің «Қазақ ССР ғылым академия­сы­ның Тіл және әдебиет институтының жұмысын­да­ғы өрескел саяси қателіктер туралы» деп ата­­латын қазақ тарихындағы атышулы қаулысы­на байланысты эпостық туындыларымызға, – қара қасқа атты «Қамбар батырдан» басқасына, – «ес­кіліктің қалдығы» деген салқын көзқарас та­ны­тылуы, әрі сахна уақытының шектеулігі әншінің бұл өнерінен бірте-бірте алыстауына ықпал ет­­­кенге ұқсайды. Бірақ жыршылығы кезінде Ғарифолланың сөздік қорының молаюына, халық поэзиясындағы көркемдік соқпақтарды игеріп, бейнелеу өрнектерін ұғынуына, көне мұралардағы айшықтардың әсерін сезініп, бойына дарытып фольклорымыздың нәзік тұс­тарын, ұңғыл-шұңғылын біліп өсуіне, атақ-абы­рой дәрежесінің көтерілуіне көп жағдай жаса­ғаны даусыз еді. Мұны да нақтылай кетейік.  Оның жанынан шығарған «Сағыну», «Сүйген жар», «Өнерпаз», «Ақ Жайық» т.б. ән-термелерінің ел арасына кеңінен тарағаны мәлім. Ол ірі ақын бол­маса да өзі жете меңгерген поэзиялық фольк­лорымыздың бай, құнарлы тілінің өрнектерімен ішкі күйініш-сүйініш сырларын шебер ай­шықтай білген. Әншінің қай шығармасында да ауыз әдебиеті үлгісінің көзге ұрып тұруы содан. Бұған да сәл-пәл бөгеле кетейік.  Халықтық поэзиядағы орамдар, көп пай­да­ланатын сөздер Ғарифолла Құрманға­лиев туындыларында көрініс тапқан. Өзінше ор­ныққан. «Майдандағы бауырға» атты тер­ме­сінің (Әнші дауысы. Алматы, 47-48 беттер) көр­кем­дік үрдісі эпостық жырларымызға едәуір жа­қын­дайды. Оған дәлел: «...Асудан әрі асыңдар, Аршындап қадам басыңдар. Өрепкіп келген жауыңның, Қанын судай шашыңдар. Жаудың қолын күйретіп, Тақымға салып сүйретіп, Берлиннен әрі асыңдар», – деген шумақтар­дың «Қобыланды» жырындағы: «Тақымға салып сүйретіп, Қабырғасын күйретті. Менсінбеген дұшпанды, Ақылын тауып үйретті», – деген тармақтар­мен ұқсастығы оның ой рухтастығын, туысты­ғын айғақтайтын айқын бір мысал (Қараңыз: Ба­балар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2006. Т. 38: Батырлар жыры. – 2006. 18-бет).  Бұл жайт – Ғарифолла Құрманғалиев өнер­на­­масының бастау көзі халықтық фольклоры­мыз­дың тұма бұлағынан сала тартатындығын дә­лелдейді. Баян қылған тұжырымдарымыз Халық ар­тисі, белгілі әнші-педагог, профессор Б.Жы­лыс­баев пен Н.Нагулинаның «Гарифулла Курман­га­лиев» атты зерттеу-мақаласындағы пікірлерімен толық үндесіп тұр, олар бүй депті: «Курмангалиев не только певец-исполнитель. Есть у него немало со­бственных сочинений, которые давно и проч­но вошли в репертуар народных театров и кол­лективов художественной самодеятельности: «Нур­жамал», «Ак жаик», «Суйген жар», «Озин бил», «Кел курбым» и др. Отображая во многих своих песнях современную действительность, Кур­мангалиев сохраняет в них интонации на­родных мелодий. Тонкий знаток казахского фольк­лора (астын сыздық-Б.К.), Гарифулла вмес­те с тем и умелый его собиратель. В 1947 году им сданы в Академию наук республики 100 песен Западно-Казахстанской, Гурьевской, и Актю­бинс­кой областей». Шоқтығы биік дарынның артына қалдырған мол мұрасы, басқа да қырлары байсалдылықпен, терең зердемен, жан-жақты дайындықпен, із­деніс­пен байыптауды қажет етеді. Осы талаптар бек ескерілуі тиіс!                                                      

Бөрібай КӘРТЕН, Ғарифоллатанушы, Ақтөбе қаласы