Қоғам

Алматы облысында ВИЧ жұқтырған бала көз жұмды

yandex.kz

Бала денсаулығының күрт нашарлауына байланысты Алматыдағы №2 қалалық балалар ауруханасына түскен.

Алматы облысында ВИЧ инфекциясын жұқтырған бала комаға түсіп, ауруханада көз жұмды, деп хабарлады turkystan.kz inform.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 9 қаңтар күні тоғыз жастағы бала денсаулығының күрт нашарлауына байланысты Алматыдағы №2 қалалық балалар ауруханасына түскен. Баланы ауруханаға қабылдау кезінде ата-анасы АИТВ инфекциясын жұқтырғанын жасырған. Бала комаға түскен. 24 қаңтарда оқушыны Қарасай аудандық ауруханасына ауыстырған.

«27 қаңтарда бала сепсис пен пневмониядан, яғни АИТВ-мен байланысты аурулардан қайтыс болды», - деп хабарлады облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан.

Белгілі болғандай, бұл отбасында қайтыс болған баладан бөлек, анасы мен әкесі де АИВТ жұқтырған. Ерлі-зайыптыларға диагноз 2016 жылы қойылған. Сонымен қатар 2018 жылы аталған отбасында қыз бала дүниеге келді.

«Екінші бала мен анасы 26 қаңтардан бастап амбулаториялық негізде вирусқа қарсы ем қабылдауға кірісті», - деп атап өтті Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан.