Шымкентте 10 айлық нәресте жаңғаққа тұншығып қалды
Нәресте жансақтау бөлімшесіне жатқызылды
Шымкентте дәрігерлер жаңғаққа тұншығып қалған 10 айлық нәрестенің өмірін ажалдан аман алып қалды, деп хабарлады turkystan.kz.
Otyrar.kz сайтының мәліметінше, 26 қаңтарында №3 қалалық аурухананың жансақтау бөліміне өте ауыр жағдайда 10 айлық нәресте жедел жәрдем көлігімен жеткізілген.
Анасының айтуынша, грек жаңғағын жеу барысында бала кенеттен тұншығып, дем алысы нашарлап, беті көгеріп, мазасызданған.
«Нәресте тікелей жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Аурухананың жан сақтау бөлімшесінің реаниматолог дәрігерлері жоғары білікті реанимациялық көмек көрсетті», – делінген хабарламада.
Шұғыл түрде Шымкент қаласының балалар клиникалық ауруханасының фибробронхоскопист Түлкібаев А.Б. дәрігерімен бірге тыныс алу жолдарынан бөгде затты алып тастау арқылы санациалық фибробронхоскопия жасалды.
Қарқынды терапия мен сәтті реанимациядан кейін бүгінгі күні баланың жағдайы тұрақталып, анасының жанында емін жалғастыруда.