Жаңалықтар

Тәттімбет, Қорқыт ата, Оралхан Бөкей: Астанада жаңа көше атаулары беріледі

gov.kz

Елорданың мәслихат депутаттары көше атауларын бірауыздан қолдады.

Бас қалада атауы жоқ және жаңадан салынған көшелерге танымал тұлғалар мен жер-су атаулары беріледі.

«2023 жылы тамызда мәслихат сессиясында қаладағы кейбір көшелерге тұлғалар және жер-су атауларын беру туралы ұсынысты қолдаған болатынсыздар. Аталған ұсыныстар республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жолданып, биыл 24 қаңтарда оң шешімін тапты», - деді Астана қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабек қалалық мәслихаттың отырысында.

Оның айтуынша, аталған тұлғалар мен жер-су атаулары Мәдениет және ақпарат министрлігінің ономастика комиссиясы қолдануға ұсынылған тізімдер қатарында бар.

Елорданың мәслихат депутаттары көше атауларын бірауыздан қолдады. Сонымен қатар спикер Астана көшелеріне берілетін тұлғалар мен жер-су атауларын тізіп шықты.

Алматы ауданы бойынша:

Оралхан Бөкей – белгілі жазушы, драматург, журналист ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты; Сырбай Мәуленов – ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты; Әмен Қайдаров – қазақ мультификация өнерінің негізін қалаушы, суретші, кино режиссер, профессор; Бұйрақ – Ақтөбе облысындағы шатқал атауы; Ақтекше – Жетісу облысындағы елді мекен атауы; Кендірлі – Каспий теңізінің оңтүстік шығысындағы шығанақ атауы; Кеңсаз – Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы өзен атауы; Қарашығанақ – Батыс Қазақстан облысындағы елді мекен атауы, Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ кен орны атауы; Қимасар – Алматы таулары шатқалы атауы; Қойтас – Орталық Қазақстандағы тау атауы; Тасөткел – Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл облыстарындағы елді мекен атаулары; Маймекен – Шығыс Қазақстан облысындағы өзен атауы; Мұзафар Әлімбаев – ақын, аудармашы және әдебиеттанушы.

Байқоңыр ауданы бойынша:

Журналистер саябағы – Егемен Қазақстан көшесінің бойында орналасқан саябақ;

Есіл ауданы бойынша:

Нұрлан Балғымбаев – ҚР Мемлекеттік қайраткері, ҚР бұрынғы Премьер-Министрі; Шұбартау – Шығыс Қазақстан облысындағы елді мекен атауы;

Нұра ауданы бойынша:

Тәттімбет – күйші, композитор, домбырашы, шертпе күй мектебінің негізін қалаушылардың бірі; Қорқыт ата – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы.