Жаңалықтар

Солтүстік Қазақстанда көмір бағасы қымбаттады

Өңірде небәрі 1 айдың ішінде көмір бағасы 12 пайызға дейін артқан.

Бір айдың ішінде өңірдегі қатты отынның құны 12%-ке дейін өскен, деп хабарлады Almaty.tv.

Петропавл тұрғыны Нина Рубанова жер үйде жалғыз өзі тұрады. 69 жастағы зейнеткер көмір сатып алудың жыл сайын қиындап бара жатқанын айтты.

Қала тұрғыны Нұрлан Әбішев те бағаның көтерілгеніне наразы. Биыл алған 3 тонна Шұбаркөл көмірінің сапасына ол да шағым айтты.

Көмір мәселесін біржақты етуге бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті енді кіріскен. Қазір жауаптылар көмірді сатумен айналысатын субъектілердің іс-әрекетіне талдау жүргізіп жатыр.

Өңірде небәрі 1 айдың ішінде көмір бағасы 12 пайызға дейін артқан. Халық арасында сұранысқа ие Майқұбаның бағасы - 3,3, Қаражыра - 11,3, ал Шұбаркөлдің құны - 11,8 пайызға дейін көтерілген. Егер кәсіпкерлердің құнды негізсіз көтергені дәлелденсе, алдымен ескерту, кейін айыппұл салынбақ. Жауапты мамандар мұндай жағдайда ірі нарық субъектілерінің 5 пайыз, ал шағын кәсіпкерліктің 3 пайыз табысы тәркіленетінін ескертті.