Жаңалықтар

Қарағандыдағы газ жарылысы: қаза тапқандар полицейдің ата-анасы болып шықты

Облыстың Полиция департаменті басшылығы әріптесіне көңіл айтты.

Қарағанды облысының Ботақара кентінде тұрғын үйде газ баллоны жарылып, үйінді астында екі адам мерт болды, деп хабарлады turkystan.kz.

Бүгін түнде Қарағанды облысының Ботақара кентінде көпқабатты үйде газ баллоны жарылып, үйінді астында мерт болған екі адам ерлі-зайыпты 50 жастағы Төлеген және 49 жастағы Алма Рахметовтер екені белгілі болды.

Kazinform мәліметінше, қаза болғандар полиция қызметкерінің әке-шешесі болған. Облыстың Полиция департаменті басшылығы әріптесіне көңіл айтты. 

Еске салсақ, Ботақара кентінде 30 қаңтар  күні сағат 00:07-де екі қабатты 12 пәтерлі үйдің екінші қабатындағы пәтерде цилиндрлік газ жарылды. Пәтердің үстіндегі шатыр, қабырғалар мен едендер, соның ішінде бірінші қабаттағы пәтер толығымен қирады. Басқа пәтерлер де ішінара зақымдалған.

Үйде тұратын 46 тұрғынның 35-і жарылыс кезінде үйлерінде болған. Төтенше жағдай салдарынан екі адам қаза тауып, бесеуі зардап шекті. Зардап шеккендердің арасында үш бала бар. Дәрігерлердің тексерісінен кейін екі бала үйіне жіберілді. Бір бала емханаға жеткізілді, сонымен қатар ауруханада екі ересек адам бар, олардың біреуі өте ауыр жағдайда.

Аудан басшылығы зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілетінін айтты.