Қоғам

Екібастұз тұрғыны әйелін үйде өзі босандырып алды

pixabay.com

Жүкті әйелдің жолдасына телефон арқылы нұсқау берілген.

Екібастұзда ер адам әйелін үйде босандырып алды. Оған 103 диспетчері телефонмен нұсқама беріп тұрған, деп хабарлады turkystan.kz.

Pavlodarnews.kz сайтының мәліметінше, медициналық топ шақыртуға бара жатқанда жедел жәрдем диспетчері «қоңырауды ұстап тұру» әдісі бойынша жүкті әйелдің жолдасына телефон арқылы нұсқау берді.

28 қаңтарға қараған түні Екібастұзда 103 пультіне шұғыл шақыру түсті. Жүктіліктің 41-ші аптасында болған 36 жастағы әйелдің толғағы басталған. Медициналық бригада жеделдіктің бірінші санаты бойынша мекенжайға жіберілді.

Жедел жәрдем бригадасы шақырту орнына тоғыз минуттан кейін келді. Ақ желеңділер келген кезде бала дүниеге келген.  

«Ер адам қорқынышқа бой алдырмай, белгіленген алгоритм бойынша әрекет етті. Дүниеге келген сәби мен анасының жағдайы жақсы. Олардың екеуі де Екібастұздың перзентханасына жеткізілді», – деді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ольга Вербовая.

Өткен жылы 103 қызметкерлері 22 әйел адамды үйде босандырған. Ал 2024 жылдың басынан бастап дәрігерлер үйде босануға алты рет барды. Көп жағдайларда «қоңырауды ұстап тұру» әдісі қолданылды.

«Біздің кез келген қызметкер диспетчер немесе фельдшер босануды қабылдай алады. Жыл сайын қызметкерлерді босану кезіндегі алгоритмдерге үйретеміз. Өткен жылы біздің 100-ге жуық қызметкер неонатология бойынша біліктілікті арттырудан өтті», – дейді Ольга Вербовая.