Тайқазан

Жас мамандар қазақ есімдерінің мағынасы мен шығу тарихы қамтылған мобильді қосымша ойлап тапты

Жуырда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің IT мамандары қазақ есімдерінің мағынасы мен шығу тарихын қамтитын мобильді қосымшаны қолданысқа енгізді.

«Қызықты ономастика» деп аталатын бұл мобильді қосымшаның жаңа туған нәрестеге азан шақырып, ат қою кезінде пайдасы көп тиетіні сөзсіз. Әсіресе, қазіргідей ел ішінде өзге тілдегі есімдерді қою үрдісі белең алған кезде аталған жобаның қазақ есімдерін насихаттауда теңіздің тамшысындай болса да үлес қосатыны анық. Осы ретте біз бұл қосымшаны әзірлеген Еуразия ұлттық университетінің 1 курс докторанты, «Қазақ тілі мәдениетін арттыру және функцияларды кеңейту бойынша ғылыми-лингвистикалық негіздер мен IT-ресурстарды әзірлеу» Ғылыми-зерттеу тобының ассистенті қызметін атқарған Лаура Орынбаймен аз-кем әңгімелескен едік.

Қазақ ономастикасына арналған заманауи мобильді қосымшалар – еліміздегі жалқы есімдер жүйесінің байлығы мен алуан түрлілігін зерттеу мен зерделеуге ыңғайлы құрал.

Маманның айтуы бойынша, бұл қосымша «Қазақ тілі мәдениетін арттыру және функцияларды кеңейту бойынша ғылыми-лингвистикалық негіздер мен IT-ресурстарды әзірлеу» жобасының аясында жасалған екен. Қосымшада 800-ден астам жеке атаулар және олардың 100-ден астам семантикалық белгілері бойынша жинақталған. Жобаны әзірлеу ісі шамамен бір жарым жыл уақытқа созылып, жан-жақты зерттеулер жүргізілген. Қосымшаны дайындау кезінде жұмыс тобында 5 маман еңбек еткен.

Қосымшаны әзірге Android  платформасын қолданушылар ғана жүктей алады.

«Қазақ тілінің функцияларын кеңейту және мәдениетін арттыру үшін ғылыми-лингвистикалық негіздер мен IT-ресурстарды әзірлеу» жобасы бойынша kazlangres.enu.kz сайты әзірленген екен. Бұл сайттың бірнеше функционалдарын маман атап өтті.

- Мәтін синонимайзері қазақ тілінде енгізілген мәтіндегі сөздерді синонимдермен алмастыруға көмектеседі.

- Қазіргі қазақ тілінің грамматикасы бойынша анықтамалық, оның негізінде грамматика бойынша сұрақ қойып, оған жауап алу

- Мектеп оқулықтарының терминдер жинағы

- Сөз синтезі (енгізген сөзді/ сөйлемді дыбыстау жүйесі)

- Ахметтану (ғалым тұлғасы, мұрасы, тіл-құрал). Ономастика бойынша деректер де осында салынатын болады.

Сондай-ақ, маман алдағы уақытта «Қазақ саяси дискурсын талдаудың әдістерін әзірлеу» жобасы аясында саяси дискурстың сентимент талдауы жүзеге асырылып, сол негізде программалық қосымша әзірленетінін айтып өтті.

Әзірлеген Дариға НЫСАНҚҰЛ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті