Жаңалықтар

«10 жыл ғана өмір сүрді»: Ердос Қанаев марқұм ұлы жайлы айтты

ашық дереккөз

Қазір өнер иесі көпбалалы әке.

«Жігіттер» тобының әншісі Ердос Қанаев «Ұрпақ» падкасында алғаш рет отбасы мен өмірден ерте өткен ұлын айтып, көз жасына ерік берді. 

Жары Айдан екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.

«2009 жылы алғаш рет әке атандым. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылған жоқ. Тұңғышым дүниеге келген күні шаруаларыммен басқа қалада жүр едім. Келіншегімнің жанында болмадым. Достарыма сүйіншілеп, қатты қуандық. Перзентханаға келгенде ұлымды жан сақтау бөліміне алып кетіпті. Сол кезде-ақ қуанышымыз су сепкендей басылды. Екі ай вакуумде демалып жатты. Диагнозбен туғанын сол кезде бір-ақ білдік. Ұйқысыз түндер басталды. Өнер адамы болғаннан кейін сыртта көп жүрдім. Анасы ғана жанында болды. Тіпті екі күн үйде, екі ай ауруханада жатты. Анасы жанында, мен сыртта көлікте күтіп отыратын едім. Сондай күндер де өтті. 10 жасқа жеткенде дүниеден өтті. Осы күнге дейін отбасым мен балаларым туралы айтпағанмын. Ұлым кеткесін айта бастадым. Халық та ерекше диагноздағы баламның барын ол кеткеннен кейін бір-ақ білді. Туабітті сырқат болғасын, апармаған жеріміз жоқ. Бірақ пешенесіне 10 жыл ғана өмір сүруді жазыпты», – деп күрсінеді өнер иесі.