Саясат

Алмат Досмұхамедов «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы болып сайланды

Қостанай облысында 262 бастауыш партия ұйымына біріктірілген 45 мыңнан астам партия мүшесі бар.

Жуырда «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының кезектен тыс XXXVI конференциясы өтті. Жиында Алмат Досмұхамедов ашық дауыс беру арқылы филиалдың жаңа төрағасы лауазымына сайланды. Сондай-ақ іс-шара барысында партиялықтар 2023 жылы атқарылған жұмысты қорытындылап, филиалдың Саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының құрамына өзгерістер енгізді.

Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, «АМАNАТ» партиясының негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және Әділетті Қазақстанды құру.

«Бізге иллюзия қажет емес. Біз әрқашан саяси бәсекелестік пен күреске дайын болуымыз керек. Біз қоғамның ұсыныс-тілегіне бей-жай қарамайтын, халық үніне құлақ асатын партиямыз. Өткен сайлауда халыққа берген уәдеміздің орындалуын қадағалау біз үшін өте маңызды. Қазір қоғам өзгерді. Халық сенімін ақтағымыз келсе, жасандылықты өткенге қалдыру қажет. Біз өз міндетімізді абыроймен атқаруымыз керек», – деді Ержан Жылқыбаев.

Былтыр партиядан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарында 300-ге жуық кездесу ұйымдастырып, мемлекеттік органдарға 178 депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Қостанай облыстық мәслихатындағы «AMANAT» фракциясы төрағасының орынбасары Қырмызы Жаңбыршина мәлімдеді.

«Өткен сайлау нәтижесі бойынша, депутаттық корпус 53%-ға жаңарды. Фракция мүшелері 689 қоғамдық қабылдау өткізіп, онда 1404 өтініш қаралды. Оның 964-і (69%) оң шешімін тауып, қалғанына қатысты түсініктеме берілді. Өңірдің барлық депутаттық активі өтініш берушілермен жүйелі жұмыс жүргізіп, тоқсан сайын кемі бір рет қабылдау өткізеді», –  деді ол.

Бұдан соң, конференцияға қатысушылар өңірдегі партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Ұлттық-мәдени құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Ұлттық мұра» жобасы аясында 57 мыңнан астам адамды қамтыған 205 іс-шара өткізілді. Мәселен, «Miras» өңірлік кеңесінің бастамасымен «Тіл тамыры – отбасы» байқауы ұйымдастырылды.

«Кедергісіз келешек» жобасы аясында былтыр 3806 адамды қамтыған 408  іс-шара өткізілді. Ал «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде партиялықтар 10 мыңнан астам адамды қамти отырып, 600-ден астам іс-шара өткізді. Мәселен, «Баланы мектепке даярлайық» қайырымдылық акциясы аясында партия 797 отбасыдан шыққан 2135 балаға көмек көрсетті.

«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында 6130 адамды қамти отырып, 326 іс-шара өткізілді. Мәселен, ауылдық елді мекендерде 83 көшпелі қабылдау ұйымдастырылып, 2106 зейнеткер дәрігерге қаралды.

Кейінгі екі жылда «Жер аманаты» жобасы жүйелі жүзеге асырылып келеді. Өңірлік комиссия атқарған белсенді жұмыстың нәтижесінде пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз бөлінген 356,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Конференция барысында қатысушылар Альмира Жансүгірованы «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының Бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына сайлады. Ал Саяси кеңестің жаңа мүшелері – Алмат Досмұхамедов және Валерий Розумович.

Айта кетейік, Қостанай облысында 262 бастауыш партия ұйымына біріктірілген 45 мыңнан астам партия мүшесі бар.