Газеттің 30 жылдығы – тұтас ұлттың тойы
Túrkistan газетінің 30 жылдығы мен үшін бір редакцияның төңірегінде тойлана салатын кішігірім шара емес, бұл – тұтас ұлттың тойы, елдің 30 жылдық шежіресі бедерленген биік белес!
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ту тігіп, үш ғасырдан бері бодандықтың бұғауында қалған ұлттық рухты оятып, қоғамға үлкен сілкініс әкелген саяси апталық – Túrkistan газетін бала кезімнен жақсы білемін. Әрі осы ұжымда қаламымды ұштап, журналистика саласындағы қаз-қаз қадамыма демеу беріп, қолдау көрсеткен бір шоғыр ағаларға алғыс айтамын.
Алатаудай асқақ сол ағалардың арқасында бүкіл өміріме азық болатын мол тәжірибе жинақтадым десем еш қателеспеймін әрі мектеп қабырғасынан көзіме ыстық Túrkistan газеті менің сүйікті басылымымның біріне айналып кетті.
Túrkistan газетінің 30 жылдығы мен үшін бір редакцияның төңірегінде тойлана салатын кішігірім шара емес, бұл – тұтас ұлттың тойы, елдің 30 жылдық шежіресі бедерленген биік белес!
Осы мерейлі сәтті пайдалана отырып, ер түріктің бесігі болған барша қазақ жұртын, Túrkistan газетінің ұжымын шын жүректен айтулы белесімен құттықтаймын! Ұжым дәстүрлі басылым мен заман талабына сай сайтпен, желімен жаңарып, қоғамға әртүрлі тақырыпта сапалы материалдар ұсынуда. Ұжым бүгінгі талап үдесінен шығады деп сенімді айта аламын.
Жасырар несі бар, сонау 90-жылдардың экономикалық қиын кезеңіне қарамастан, жаңа газеттің ашылуы ұлт үшін тарихи оқиғаның бірі болғаны анық. Кеңестік қыспақтан шыққан халық саяси сараптамалық мақалаларға, тарихи-танымдық дүниелерге сусап жүретін, тұщымды материалдарды іздеп оқитын. Ол уақытта бала болсақ та аға буынның әңгімесінен көп нәрсені аңғаратынбыз. Олар Túrkistan, «Ана тілі» сияқты жарқ етіп шыққан басылымдарды жоғары бағалайтын. Ондағы тілі ұшқыр мамандарға сүйсінетін. Сол жүлге біз студент болып, редакция шаңырағына бас сұққанда да үзілген жоқ. Жақсы адамдармен жолықтым. Дидахмет, Шәмшидин, Жаңабек ағалардың алдын көріп, мектебінен өттім. Олардың берген бағыт-бағдары, Динара Мыңжасар сияқты журналистикада ел мойындаған есімдермен қоян-қолтық еңбек етуім кейінгі өмірімде де үлкен пайдасын тигізді.
Газеттің спорт бетін жандандыруға бетімнен қақпай, барынша жол ашқан әріптестерге зор ризашылығымды білдіремін. Газет үні – дәуір үні, ел тарихы, ұлт шежіресі сіздер арқылы жазылады. Той құтты болсын! Газет мың жасасын!
Ермұхамед МӘУЛЕН, спорт комментаторы