Менің Túrkistan-ым!
Түркістанға Тайқазан қалай келді, солай елдің құт-берекесі артты. Сол секілді руханият саласының Тайқазаны – өз Túrkistan-ым жасай берсін!
Túrkistan – Қалтай Мұхамеджанов негізін қалап, қалыптастырған, Шәмшидин Паттеев жаңа тыныс берген ерекше басылым ретінде менің жадымда сақталды. Біз бұл газетте Дидахмет Әшімханұлы дейтін қазақтың көрнекті жазушысына шәкірт бола білдік.
Газетке жұмысқа келген кезіміз де қызық. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің магистратурасын тәмамдап, аспирантураға құжат тапсырып жүрген кезім. Бір күні аяқастынан құрбым Айнұр Сембаева екеуміз ойласа келе жұмыс іздейтін болып шештік. Негізі, о бастағы екеуміздің де ниетіміз – ғылымға біржола бет бұру болатын. Оған дейін талай газетте өндірістік практикадан өткен тәжрибеміз бар. Мен әдебиетті, өнерді жақсы көремін. Қай газетке барсам да, руханият жағына бағыттаса деймін. Ол кезде газеттердің қай-қайсысы да осал емес: Egemen Qazaqstan, «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», Túrkistan. «Жас Алаш» тіптен дүркіреп тұр. Таңдау – Túrkistan-ға түсті. «Ақырындап тәжірибе жинап көрейін, әрі қарай ұнап жатса, істей беремін, болмаса – аспирантурам тағы бар ғой» деген ой-ниетпен басылымның есігін имене ашқанымыз кеше сияқты еді. Біз барған кезде бір топ жастар келіп жатыр екен. Оның алғашқы легінде Гүлбиғаш Омар, Жұлдыз Төлеу, Жұлдыз Әбділда, Гүлнәр Мұқанова бар екен. Есенгүл Кәпқызы – онда газеттің белді қызметкері. Саясатты жазғанда, түбін түсіреді. Сол топқа бірден топ ете қалдық. Гүлбиғаш саясатқа біржола ден қойды. Жұлдыз Әбділда мен Гүлнәр Мұқанова экономика жағын икемдей бастады. Кіл «сен тұр, мен атайын» дейтін мықтылар. Кейін бұл қатарға белгілі журналист Нәзия Жоямергенқызы мен Динара Мыңжасарқызы қосылды. Менің бағытым – руханият. Бұл бағытта Дидахмет Әшімханұлынан үйренгенім көп болды. Қазақ әдебиетінің алыптарынан сұхбат алуды да жиі тапсыратын. Соның арқасында кіл мықтылардан сұхбат алу бақыты бұйырды. Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Шөмішбай Сариев, Аманхан Әлім және т.б. ақын-жазушылармен сырласып, әдемі сөз маржанын түзген едік. Қалтай ата өте жайдары, әзіл-қалжыңы бөлек, ғажап адам болатын. Оқығаны дария, білгені мұхит атамен бірге көп жұмыс істей алмадық. Біз келген кезде ол кісінің аяғы ауырып, Мәскеуге емге барамын деп жүрген кезі екен. Аурушаң тізесінен әбден зардап тартса керек, «ота жасатсам, жазылып кетеді» деген сенімі болды. Өкінішке қарай, сол Мәскеу сапарынан қайта оралмады. Газеттің бірінші бетіне Дидағаңның Túrkistan-ның Бәйтерегі құлады» деп қазанама жазғаны да есімізде. Қалтай ата десе, Túrkistan, Túrkistan десе, Қалтай ата еске түседі. Екеуін бір-бірінен ажыратып қарай алмайтынымыз да сондықтан. Шығармашылық мектеп деген бар. Қарымды қаламгер Дидахмет Әшімханұлы тақырып қоюда, мақаланы редакциялауда өте шебер еді. Жазылған дүниеге тақырып таба алмай қиналғанда, дереу Дидағаңа жүгінетінбіз. Онсыз да қат-қабат редакция жұмыстарымен айналысып отырған ағамыз қолма-қол күшті тақырып қойып беретін. Ойды ұшқырлау, мәселені діттеу тұрғысында лекцияға бергісіз әңгімелері қандай еді!.. Шәмші аға ойдың, идеяның генераторы болды. Нешетүрлі тақырып ұсынатын. Көбіне шетел және Ресей басылымдарын жаздыртып алатын. Қазақ журналистикасында ойлы, парасатты журналистика өрісін кеңейткен тау тұлғалы редакторымыз. Қалтай ағадан кейін тізгінді мықты ұстады. Бәрімізге ақылшы, кеңесші болды. Жалпы, Шәмші ағаның курстастары кілең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей, журналистикаға жел бітірген, ерекше леп әкелген азаматтар ғой. Көп оқығандық, ізденіс, ой кемелдігі әрдайым бізді биік белестерге талпынтатын. Газет ұжымын 30 жылдық мерейтоймен құттықтаймын. Түркістанға Тайқазан қалай келді, солай елдің құт-берекесі артты. Сол секілді руханият саласының Тайқазаны – өз Túrkistan-ым жасай берсін!
Гүлзина Бектасова, AIQYN газеті бас редакторының орынбасары