Журналистиканың тұтас буынын тәрбиелеген мектеп
Бүгінде 30 жасқа толған халықаралық Túrkistan газетінің елдің ішкі-сыртқы саясатын тең қамтып, сараптамалық журналистиканың жанрларын дамытуға үлес қосқаны, қазақ баспасөзінің сапасын көтергені – өз алдына бөлек айтуға, зерттеуге лайық тақырып.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жарыққа шыға бастаған басылымдардың ішінде Túrkistan халықаралық апталығының жолы да, болмысы да бөлек еді. Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджан ағамыздың газетті қалай ашқаны, оның түпкі идеясы – түркі бірлігін насихаттау миссиясын таңдағаны газеттің алғашқы күнінен бастап жұмыс істеп жүрген аға ұрпақ өкілдерінен әлі студент партасынан шыға қоймаған бізге аңыздай жетіп, эстафетадай табысталған еді...
ҚазҰУ-дің бесінші курсында оқып жүрген кезде газеттің бас редакторы Шәмшидин Паттеевтің газетке жаңа толқын – жастарды жинап жатқанын естідік. Бағымыз – сол кезде іріктеуден өткен жастардың бірі болғанымыз. Ол кезде «журналистиканың майталманы болып, жазуда өз қолтаңбаңды қалыптастыру үшін газетте жұмыс істеу керек» деген түсінік болатын. Расы солай. Жанрларды айырып, материал жазудағы машықты қалыптастырып, сараптама жасап, мазмұн мен стильді ұштастыруды осы газетте үйрендік.
Әлі студент болып жүріп газетке штаттан тыс тілші қызметіне қабылданғанымыз оқу мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік берді. Газеттің құрметті редакторы Қалтай ағаның көзін көріп, лебізін өз аузынан есту бақыты бұйырғанын мақтан тұтамын. Газетке тың леп әкеліп, редакцияның басты құрамы – аға ұрпақ пен газетке енді келген жас тілшілердің басын қосқан Шәмшидин ағаның әр лездемесі біз үшін кәсіби шеберліктің сабағы болды десем, артық айтқандық емес. Марқұм Дидахмет Әшімхан ағамыз лездемеден тыс әр жас журналисті өз кабинетіне шақырып алып, пікірлесіп, қажет кезде ақыл-кеңесін айтып отырар еді. Тынышбек Дайрабай, Көлбай Адырбекұлы, Өмірзақ Мұқай, Жаңабек Шағатай, Ғалымжан Мелдеш ағаларымыздың әрқайсынан көрген қамқорлығымыз да, алған өнегеміз де көп болды.
Ол кез қазақ журналистикасындағы жақсы дәстүр – аға буынның әлі буыны қатпаған жаңа буынды шеберлікке баулитын дәстүрі үзілмеген шағы екен. Газет-журнал редакциялары алдыңғы буынның өз тәжірибесімен бөлісіп, студент партасынан енді шыққан жас журналистерді шыңдайтын, олардың жазу стилін қалыптастыруына жағдай жасайтын ұстаханалар болатын. Бұл тұрғыда, Шәмшидин Паттеев бастаған редакция ұжымы қазақ журналистикасындағы талай жастардың жолын ашып, бағыт-бағдарын айқындаған тұтас мектеп болды. 2000-жылдардың басында газетке жұмысқа келген жас журналистердің барлығы дерлік қазір республикалық, халықаралық деңгейдегі кәсіби маман, сарапшы, оқытушы, ғалым-зерттеуші.
Студент болып жүргенде штаттан тыс тілші болып бастаған жұмысымды кейін тілші, сарапшы, жауапты хатшы болып жалғастырдым. «Болашақ» бағдарламасымен Британияға PhD оқуға барғанда да газетпен байланыс үзілген жоқ. Менімен қатар, менен кейін осы газетте жұмыс істеген талай қыз-жігіттер шетелде білім жетілдіріп, тағылымдамадан өтіп келді. Бұл да оқуға, ізденуге ынталандырып отыратын редакция саясатының жемісі болса керек. Бүгінде 30 жасқа толған халықаралық Túrkistan газетінің елдің ішкі-сыртқы саясатын тең қамтып, сараптамалық журналистиканың жанрларын дамытуға үлес қосқаны, қазақ баспасөзінің сапасын көтергені – өз алдына бөлек айтуға, зерттеуге лайық тақырып. Газеттің қазіргі ұжымына Túrkistan-ның туын биікте ұстап, қазақ журналистикасы мен көсемсөзінің озық үлгісі болуын тілеймін.
Гүлбиғаш Омар