Ұжымнан көп үлгі-өнеге алдым
Túrkistan-ның жарыққа шыққанына биыл 30 жыл емес, одан да көп уақыт өткен секілді. Расымен, газеттің атағы оның тарихын 30 жыл емес, одан да көп жылды қамтитын секілді әсер береді.
Мен Túrkistan газетінде 2012-2019 жылдары аралығында жұмыс істедім. Онда газеттің атағы дүркіреп тұрған шақта келдім. Жай оқырман былай тұрсын, мүйізі қарағайдай, атағынан ат үркетін тұлғалар Túrkistan-ды іздеп жүріп оқитын. Тіпті, редакциядан алып кеткен кездері де көп болған. Шәмшидин Паттеев, марқұм Дидахмет Әшімхан, Жаңабек Шағатай, Көлбай Адырбекұлы секілді мықтыларды бұрыннан танитын едім.
Сөздің шыны керек, алғаш келгенде ол кісілер бір басылымда жұмыс істейді деп ойламадым. «Олармен етене араласып, жұмыс істейді екенмін ғой!» деп қатты қуанғаным есімде. Ол кісілерден көп нәрсені үйрендім. Тәлім, үлгі-өнеге алдым. Бәрін айт та, бірін айт, біз ұйып тыңдайтын ол кісілердің әңгімелерін айт. Менің фотоөнерде білікті маман болып жетілуіме де үлес қосқан – осы кісілер. Аллаға шүкір, сол кісілердің шекпенінен, сол ортадан шыққан біз бүгінде өз ортамызда сыйлы болып жүрміз. Көп жиын, іс-шараға барғанда көпшілік «Сен бұрын Túrkistan газетінде жұмыс істейтін едің ғой, иә?», «Сен әлі Túrkistan газетінде жұмыс істеп жүрсің бе?» деп сұрайды. Мұны естіген кезде қуанамын.
Túrkistan-ның жарыққа шыққанына биыл 30 жыл емес, одан да көп уақыт өткен секілді. Расымен, газеттің атағы оның тарихын 30 жыл емес, одан да көп жылды қамтитын секілді әсер береді. Оған дейін журналдарда, мемлекеттік театрда еңбек еттім. Баспаларда кітаптардың мұқабасын түсірумен айналыстым. Алайда Túrkistan-ға келген кезде газеттің ортасы бөлек екенін сездім. Содан соң бұл басылым менің газет, кітап оқуыма үлкен септігін тигізді. Газеттің иісін әлі де сағынамын. Жұмысқа келе сала, алдымен газеттерді ақтарып, бір шолып шығамын. Газетте істеген жылдары көп архив жиналды. Арасында өмірден өткен тұлғалардың да суреттер топтамасы бар. Оларды көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін.
Мен Túrkistan газетінде жұмыс істеп жүріп ауылды, қаланы, шетелді араладым. Ортам кеңейді. Фотоөнердің қыр-сырын білдім. Сондықтан Túrkistan-ға алғысым шексіз! Бүгінде газет редакциясы бас қалада орналасса да, біз алыстан Túrkistan-ның тілекшісі болып жүреміз. Үнемі бақылап, іздеп жүреміз. Айта кетерлігі, Алматыда қалған әріптестермен әлі күнге дейін байланысымыз үзілмей, бір үйдің баласындай етене араласамыз. Мереке, той-томалақтардан бір-бірімізді қалдырмай, шақырып тұрамыз. Сол кездегі басшылық, журналистер – бәрі, бәрі мен үшін шоқтығы биік мамандар. Бүгінде газеттің үлкендер салған дара жолын Бауыржан Бабажанұлы секілді білікті маман өз командасымен жалғастырып келеді. Оларға іске сәт дегім келеді! Túrkistan-ның оқырманы көп болсын! Жазар таусылмасын! 30 жылдық құтты болсын!
Мақсат ҚҰСАЙЫНОВ, фотограф
(Фотолар автордың жеке қорынан)