Қалағаңның оң қолы...
Қалағаң жайлы естелік-сырлар айта берсек, жаза берсек таусылмас, сірә!
«... Әсіресе, Қалағаңды жиі есіме аламын, қиналған, ауырған сәттерімде үнемі түсіме кіреді...» Айнаш Сатаева Túrkistan газетінің жиырма жылдығында берген сұхбатында осылай депті. Сағынатындай, жиі есіне алатындай жөні де бар. Шынында да, қазақтың қасиетті қара шалдарының бірі де бірегейі Қалағаң (Қалтай Мұхамеджанов) жайлы сөз бола қалса, ол әңгіме Айнашсыз өрбімес еді. Үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін осынау келіншекті білгеніме талай жылдардың жүзі болды. Жаратылысынан ақжарқын, ашық мінезі аппақ жүзінде нұр болып ойнап тұратын ол орта мектепті орысша бітірсе де, қазақы қалжыңға келгенде алдына жан салмайды.
– Қалағаңның командасына қалай қосылдың? – дейміз қалжыңбас кейпіне қарап. – Өмірбақи қазақтың мықты сатириктерімен қызметтес болдым ғой, – дейді ол тағы да жарқылдай күліп. – Менің алғашқы редакторым, 1987 жылы «Ара-Шмель» журналына басшылық жасаған Ғаббас аға Қабышев болды. Сол жылдары Оспанхан Әубәкіров, Мыңбай Ілес, Садықбек Адамбеков, Сайымжан Еркебаев, Үмбетбай Уайдин сынды қазақтың сатирик жазушыларымен қызметтес болдым. Кейін жас сатириктер марқұм Көпен мен Толымбектер келіп қосылды. Қазақтың шырайлы, әдеби тілін насихаттайтын, әзіл-қалжыңға, әжуа күлкіге толы шығармаларын машинкаға баса жүріп, өз ана тіліме деген махаббатым оянды. Қызметтестерім қазақшаға тілімді сындырды.
Ал 1989 жылы «Жаңа фильм» журналы жабылды да, «Ара-Шмельге» Қалағаң редактор болып келді. Орынбасары Көпен Әмірбек, Тоқтархан Шәріпжанов, Қажытай Ілиясов, Толымбек Әлімбековтар тұрақты қызмет атқара бастады. Кейін марқұм Сайлаубек аға Жұмабеков келді. Осылай азулы сатириктермен бірге қазақы қалжың ілесе келді.
– Сонымен... – Содан, 1992 жылы «Заман-Қазақстан» газеті түріктермен бірігіп шыға бастады да, бас редактор – Қалтай аға бастап газетке келдік. Сол кезден бастап редактордың жеке хатшысы болып, қабылдау бөлмесіне ауыстым. Басында журналдан кеткім келмей, бәрібір бір жұмыс қой деп ойланып жүрдім. Барғым келмеген-ді. Сондағы сылтауым, қазір ойласам, балалық та болуы керек, үлкен айнасы жоқ екен деппін. Бірер күннен кейін Қалағаң: « – Айнаш, мұнда да айна бар, мен тауып қойдым» дегені. Марқұм Сәкең де, Сайлаубек ағаны айтамын, мейірімді кісі еді. «Газетке барғаның дұрыс қой, жаңадан ашылып жатыр, бәлкім, пәтер де алып қаларсың, Қалағаңнан қалма» деп ақылын айтты. Газетке келгеніме өкінбеймін. Жаман болғаным жоқ, Мұхамеджановтай асыл азаматтың, болмысы бөлек, кісілігі мол азаматтың «оң қолы» болу дегеннің қандай бақыт екенін көп ұзамай-ақ сезіне бастадым. Өте талғампаз, білімділігімен қоса, аса сезімтал кісі еді. Айтқанындай-ақ, қабылдау бөлмесіне үлкен айна әкеліп ілдірді. Сөйтті де : «Мына айна менің көзім, қайда жүрсең де өзіңмен алып жүр», – деді әзіл-шыны аралас. Бірақ... газет Баспалар үйіне көшерде байқамай жүк тасушылар сындырып алды... Ал 1994 жылдың қаңтар айында екі тілде, қазақ-түрік тілінде шығатын «Заман-Қазақстаннан» бүгінгі Túrkistan енші алып, бөлініп кеттік. Жаңа ұжым қалыптаса бастады. Редактордың бірінші орынбасары болып Дидахмет аға Әшімхан, орынбасар Бейбіт Сапарәлі, Абзал Бөкен жауапты хатшы, ал техредактор болып Көлбай Адырбеков тағайындалды.
Қалағаң – менің рухани әкем болды. Қамқорлығын көп көрдім. Қаланың ортасынан үш бөлмелі пәтер алып берді. Үй болған соң дүние-мүлік тағы керек, несиеге алынған дүниелерді бір ай төлесем, келесі айда төлей алмай қалатын сәттерімде қаржылай да көмегін аямайтын. Қолы ашық, мейірімді, өткір еді ғой. Алғашқы жылдары газетті шығару, қызметкерлердің жалақысын тауып беру оңай болған жоқ. Жүгірісі көп болатын. Сондай сәтсіздеу бір жүгірістен кейін өңі түтігіп, онсыз да үрпиіп тұратын шаштары ұйпа-тұйпа болып ашуланып келді. Кабинетіне көк шайын алып кірдім де, «Аға, шашыңызды тарап берейінші» дедім. Әдемілеп тұрып шашын тарадым. Көңілдене бастады. «Бұл шаш та, бас та не көрмеді дейсің», – деп жымиды. Осылай еліміздегі жаппай басталған дағдарыстан өзінің білімділігімен, сабырлылығымен, өткірлігімен ұжымды сақтап қалды.
Айнашпен болған әңгімені осы жерден кілт үзуге тура келді. Өйткені, Қалағаң жайлы естелік-сырлар айта берсек, жаза берсек таусылмас, сірә!
Таңсұлу Алдабергенқызы,
Алматы қаласы