Қазақ журналистикасының көшін алға сүйрей берсін
Осыдан он жыл бұрын біз газеттің 20 жылдығын атап өткен едік. Енді бүгін орда бұзар отызға жетіпті.
Шығармашылығымның шырқау шыңы болған халықаралық саяси апталық Túrkistan газеті бүгінде орда бұзар отыз жасқа жетіп қапты. Осы газетте табаны күректей 15 жыл жұмыс істеппін. Журналистік талантымды шыңдап, атымды алты алашқа әйгі еткен Túrkistan апталығына 1999 жылдың қараша айында келдім.
Ол кезде Қазақстан әлі де өтпелі кезеңнен өте қоймаған, айлап-жылдап айлық берілмейтін, нарықтың қатал заңына төтеп бере алмай, көптеген басылым жабылып жатты. Кейін реорганизациядан өтіп, ірі бір холдингтерге қосылды. Әйтеуір, болашағымыз бұлыңғыр, ертеңге деген сеніміміз аз күндер еді ғой. 1998 жылдың көктем айында мен жұмыс істеп жүрген «Қазақ Елі» газетінің шаруасы мүлдем шатқаяқтап, қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберіп жатты. Көп ұзамай «Қазақ газеттері» холдингі құрылатындығы, оның президенті болып марқұм Жұмабек Кенжалин ағамыздың келетіні мәлім болды. Өкінішке қарай, осы холдингтің құрамына «Қазақ Елі» газеті енбей қалды. Сөйтіп, онда жұмыс істеп жүрген адамдардың ертеңгі тағдыры Жұмабек ағайға жүктелген секілді. – «Қазақ Елі» газетімен үндес Túrkistan газеті сенің қолайыңа келеді деп ойлап отырмын. Сонда барсаң қайтеді, мен Шәмшидин Паттеевке айтып қоямын, – деді ағай жылы жымиып. Соның алдында ғана Túrkistan газетінің негізін салушы Қалтай Мұқаметжанов ағамыздың өтінішімен біраз араб қарпіндегі қолжазбаларды кириллицаға түсіріп берген едім. Túrkistan атын естіген кезде қуанып кеттім, бірақ Шәмшидин ағаның атын естімеппін, ол кісіні айтқан кезде тосырқап қалған едім. Қалтай аға жылы қабылдап, маған қолдау білдіретінін айтты. Алайда Шәмші ағаны біраз уақытқа дейін ұстай алмай жүрдім. Шәкеңді алғаш көргенде ол кісі маған біраз мазасыз секілді көрінді. Әлденеге мазасызданып отырып, менің мақалаларыммен таныс емес екенін, сол үшін газет тігінділерін ақтаратынын айтты (сөйтсе, мазасызданатын жөні бар екен. Túrkistan газетінің де қаржылық қиындыққа тап болып жатқан кезі екен. Кейбір келіссөздер ол кісіні тығырыққа тіреп қойыпты). Бірақ мен өзім жинап жүрген тігінділерді әкеліп беруге уәде бердім. Шәмші ағай менің мақалаларымды марқұм Дидағаңа (Дидахмет Әшімханұлына) оқытатынын айтты. Дидағаңа менің жазғандарым қатты ұнапты, Шәкеңе жақсы мінездеме берді. Сөйтіп, Túrkistan газетіндегі қызметім басталды. Он бес жыл бойында мен қалам тартпаған тақырып қалмады. Әуелі мәдениет, руханият мәселелеріне жауапты бола жүріп, кейіннен әлеуметтік мәселелерге ойысып кеттім. Әлеуметтік саясаттан саяси шолу, сараптамаға төселдім. Әсіресе, Túrkistan беттерінде мемлекеттік тіл, ұлттық саясат, ұлттық идеология мәселелеріне тұрақты түрде назар аударылатын болды. Екіншіден, мемлекеттік көші-қон саясаты, ішкі-сыртқы миграция мәселелерін жеріне жеткізе отырып, саралап жаздық. Нәтижесінде, дәл сол жылдары оралмандардың он жылдан астам қордаланып қалған азаматтық алу, оралман мәртебесін рәсімдеу, құжаттандырудағы қағазбастылықты азайту секілді көптеген проблеманың шешілуіне мұрындық болдық. Талай қазақтың азаматтық алуындағы, жұмысқа тұруы мен баласын оқытудағы кедергілердің оң шешілуіне атсалыстық. Ішкі және сыртқы көші-қон саласындағы заңнаманың өз деңгейінде қабылдануына үлес қостық. Жақында ғана профессор Құлбек Ергөбек ағамыз хабарласып белгілі қоғам және мемлекет қайраткері марқұм Бердібек Сапарбаев ағамыз жайлы естеліктер кітабын құрастырып жатқанын, соған менің Túrkistan газетіндегі 2008 жылғы Бердібек Сапарбаев ағамыздың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған кезінде алған сұхбатымды қосқысы келетінін айтты. Бұл сұхбат та сол кезде кеңінен талқыланып, көпшіліктің қолдауына ие болған «Нұрлы көш» бағдарламасына арналған еді. Әрине, он бес жылдық белесті шағын ғана естелікке сыйдыра алмасымыз анық. Бауыржан Бабажанұлы курстасым уәде еткендей кейіннен кең толғаған кезде, біраз әңгімеге арқау болар естеліктерді де еске алармыз. Осыдан он жыл бұрын біз газеттің 20 жылдығын атап өткен едік. Енді бүгін орда бұзар отызға жетіпті. Túrkistan-ның көтерер жүгі ауыр болсын, ғұмыры ұзақ, әрі мағыналы болсын. Қазақ журналистикасының көшін алға сүйрей берсін.
Есенгүл Кәпқызы, SDU университетінің Ассистент профессоры, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі