«Túrkistan» газеті нағыз халықтық басылымға айналды – Aида Балаева
Еліміздің ақпарат кеңістігінде өз орыны бар басылым еліміздің дамуы мен руханиятымыздың, мәдениет пен өнер, білім мен ғылымның жан-жақты өркендеуі жолында қызмет ете береді деген сенімдемін.
Құрметті «Túrkistan» газетінің ұжымы!
Сіздерді «Túrkistan» халықаралық газетінің шыға бастағанына 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті қаламгер Қалтай Мұхамеджанов негізін салған «Túrkistan» газеті тәуелсіздігімізбен бірге түлеп, өзіндік соны сүрлеуін қалыптастырды. Осы аралықта түбі бір түркі әлемінің тұтастығы мен елдік мүдденің үстем болуы жолында еселі еңбек еткен нағыз халықтық басылымға айналды. Газет жарық көргеннен бері оқырмандардың сенімді ақпарат көзі, рухани айнасы, ұлттық құндылықтардың берік қорғаны бола білді.
Халықаралық «Túrkistan» газеті өзекті мәселелерді өз уақытында көтеріп, мемлекеттік маңызды оқиғаларға үн қосып, қоғаммен біте қайнасқан ұлт зиялыларының тұрақты мінбері, беделі биік бірегей басылым деп білеміз. Еліміздің ақпарат кеңістігінде өз орыны бар басылым еліміздің дамуы мен руханиятымыздың, мәдениет пен өнер, білім мен ғылымның жан-жақты өркендеуі жолында қызмет ете береді деген сенімдемін.
Сіздерді газеттің 30 жылдық мерейтойымен тағы да құттықтай отырып, шығармашылық табыс, жемісті еңбек пен бақ-береке тілеймін!
Құрметпен, Мәдениет және ақпарат министрі A.Балаева