Túrkistan халықаралық апталығы – ұлт руханиятының үлкен олжасы – Ерлан Қошанов
Апталық алғашқы санынан бастап түбі бір түрік елдерінің жаһандық деңгейде ынтымақтастығына, береке-бірлігіне қызмет етіп келеді.
Сіздерді 30-жылдық мерейтойларыңызбен зор ықыласпен құттықтаймын!
Қазақ баспасөзі өзінің ғасырдан астам тарихында халқымыздың көзқуанышы, ұлтымыздың рухани сүйеніші болып келеді. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында да баспасөздің рөлі, ықпалы ерекше болды. Ұлттың жоғын түгендеп, барын сақтап қалу жолында ұлан-ғайыр іс тындырды.
Міне, осындай алмағайып шақта дүниеге келген Túrkistan халықаралық апталығы ұлт руханиятының үлкен олжасы екені даусыз. Қазақ әдебиетінің классигі, ірі қоғам қайраткері Қалтай Мұхамеджанов басқарған басылым жас мемлекетіміздің уығын қадасып, шаңырағын бекітуге атсалысты. Газетте көптеген елге танымал тұлғалар жемісті еңбек етті.
Басылымның Túrkistan аталуы да тегін емес. Апталық алғашқы санынан бастап түбі бір түрік елдерінің жаһандық деңгейде ынтымақтастығына, береке-бірлігіне қызмет етіп келеді. Төрткүл дүниеге шашырап кеткен қандастар мәселесі де – басылымның негізгі тақырыптарының бірі. Редакцияның бүгінгі ұжымы да сол мәртебелі міндетті лайықты жалғастырып жатыр. Бүгінгі Túrkistan – мазмұны бай, мақсаты айқын, қазіргі оқырманның сұранысын қанағаттандырып отырған басылым. Мерейтой қарсаңында газет ұжымына шығармашылық табыс, үлкен абырой тілеймін! Жақсы хабарлардың жаршысы бола беріңіздер!
Құрметпен, Мәжіліс төрағасы Е.Қошанов