Túrkistan десем, ойыма... ...Қалтай аға оралады
Бұл Túrkistan-ды азулы басылым етеміз деген сол тұста қазақ елінің ақпарат құралдарына басшылық жасаған Алтынбек Сәрсенбайұлының жоспарының бірі болса керек.
Осы заманның ойлары мен оқиғаларын жазып жүрсек те, қаламымыздың ара-тұра естелікке орын беруіне тура келеді. Бұл жолы Túrkistan апталық газетінде өткен жарқын жылдардың жалынына жанымызды жылыттық.
«Жолбарысым, жеттің бе?» деді Қалтай аға өзіне үш орынбасардың бірі етіп бізді алып жатып. Анау-мынау апталық газетте үш орынбасар бола қоймайды. Бұл Túrkistan-ды азулы басылым етеміз деген сол тұста қазақ елінің ақпарат құралдарына басшылық жасаған Алтынбек Сәрсенбайұлының жоспарының бірі болса керек. Ағаның «жолбарасым» деген сөзін одан бірнеше жыл бұрын естігенбіз. Egemen Qazaqstan газетінің бөлім меңгерушісі едік. Бірде біз кезекші болған нөмірге Қалтай Мұхамеджановтың «Ақиқатқа жүгінейік, аға» деген бір беттік мақаласы шығып жатты. «Қазақстанда мемлекеттік тіл екеу болуы керек» деп Москваның басылымына материал шығарған академик Ісмет Кеңесбаевтың пікірін тас-талқан етіпті. Тамсанып оқыдық. Риза болып отырдық. Газетті баспаханаға жіберер алдында түнделетіп келген Қалтай аға мақаласына көз жүгіртіп шығып, «бір қате кетпесіне, бір сөзі өзгермесіне сенемін, жолбарысым» деген. Сенімінен шықсақ керек. Міне, енді сол жас жолбарысы өзінің ізін басар орынбасары болып алдына келіп тұрды...
Қалтай аға Túrkistan-ның тәлімі бөлек редакторы болды. Газетті ұсақ-түйек дау-дамайға түсірмеді. Қабырғалы мәселелерді қозғатты. Ірі тақырыптарды таңдап жазғызды. Материалдарда осы заманның дамуы мен бұрынғы дәстүрді қабаттасыра, үйлестіріп өргізді.
Кейбір редакторлар «газет өзімдікі» деп бір бөлігін өз жазбасымен толтырып тастайтын. Қалағаң ондай өктемдік жасамайтын. Тіпті, Жамбылдың мерейтойына арнаған мақаласын да Egemen Qazaqstan-ға шығартты.
Редакцияда жастар мен үлкен ағалар араласып жұмыс істеді. Нұрқасым Қазыбек, Тиышбек Дайрабай сынды аға буынмен араласып жас тілшілердің бір тобы өсіп жатты. Олардың біразы қазір түрлі басылымдарда бас редактор болып отыр.
Алматының Бөгенбай көшесінің бойындағы екі қабатты редакциямыздың қабырғасында Қалтай ағаның газетке шықпаған қаншама сөзі қалды десеңізші. Апталық газет әрі үш орынбасар болған соң, редакцияға асықпай келеміз ғой. Соған орай бірде «Бұл Túrkistan-ның ғимаратында мені көріп екі бұрышқа кіріп кеткен екі тарақаннан басқа ешкім байқалмайды» деп күлген.
Тағы бірде бұрын көрмеген бір авторды қабылдады. Ол кісі кетіп қалған соң «мынаның мұрны «Москвичке» гараж болғандай екен» деп күлді. Осындай жеңіл әзілмен өте салмақты газет шығарып тұрдық ол жылдары.
Қайнар Олжай